Жоба басталғалы алты айдың жүзі болды. Алғашқы кезеңнің аяқталар кезі де алыс емес. Ал қатысушылардың қазіргі қарқыны, үміткерлердің үлгерімі қалай? Қандай кедергі-кемшіліктер бар? Бүгін әкімдікте өткен жиында осы мәселе талқыға түсті.
Қанатқақты жобаға үш өңірдің бірі ретінде Қостанай облысы таңдалғанын, бастапқыда 55 мың адам тіркелгенін бұған дейін жазған едік. Соңғы дерекке сүйенсек, қазір өңірде әр жастағы 44 мыңнан астам жерлесіміз кітап оқудан жарысқа түсіп жатыр. Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов бұны елеулі көрсеткішке балап, бастаманың болашағы баянды боларына сенім білдірді.
«Былтырғы Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы кітап оқу мәдениетін, сауатты ұрпақ қалыптастыру мұратына айырықша тоқталған еді. Бұл — жай үндеу ғана емес, сапалы, зияткер ұлтқа айналу мәселесі. «Кітап оқитын ұлт» – қоғамның барлық әлеуметтік тобын біріктіретін бастама. Оған мектеп оқушыларынан бастап, студенттер, мұғалімдер, ата-аналар және мемлекеттік қызметшілер қатысып жатыр. Білім жарысы жақсы нәтижемен аяқталып, өңірімізде кітап оқу мәдениеті
қалыпты үрдіске айналады деп үміттенеміз», – деді Бақытжан Хаберұлы.
Сонымен, кітапқұмарлар қауымы алты түрлі бағытқа жіктелді: «Оқитын мектеп», «Оқитын педагог», «Оқитын колледж», «Оқитын университет», «Оқитын мемлекеттік қызметші», «Оқитын әулет». Ортақ мақсат — санаттарына сай таңдалған 15 кітапты межелі мерзімде оқып тауысу. Мәреге көп уақыт қалған жоқ. Тапсырманы орындап болғандар да аз емес. Олар оқыған-тоқығанын дәлелдеу кезеңіне кірісіп жатыр.
«Қазір кітап оқыған қатысушылардың пікірін арнаулы порталда қабылдау, растау процесі басталды. 44 мыңнан астам адам 15 кітаптан оқуы керек болса, шамамен 600 мыңнан артық пікір жазылуы қажет екен. Әзірге 153 мың адам кітап оқығанын мәлімдеп үлгерді. Ендігі бір мәселе – сапа және модерация. Жоба менеджерлері күнделікті режимде тынымсыз жұмыс істеп жатыр. Күн сайын кері байланыс орнатылып, туындаған техникалық және мазмұндық сұрақтарға жауап беру үстінде», – дейді жоба жетекшісі Заңғар Санай.
Жіті бақылауды талап ететін тағы бір маңызды мәселе – академиялық адалдыққа ден қою. Бұл дегеніміз – кітап бетін ашпаса да алдамшы ақпарат беріп, ауызды қу шөппен сүртетін «оқырмандарға» сарап жасау. Модерация кезінде дайын мәтінді көшіру, ЖИ жәрдеміне жүгіну фактілері кездесіп жатыр.
«Оқымаған кітабын жасанды интеллект арқылы жаза салу қаупі бар. Бірақ модераторлар әр пікірдің шынайы немесе жасанды екенін ажыратумен де айналысуда. Оқушының өз ойы, сыни пікірі, шығармадан алған әсері болуы керек. Соған ыждақатпен зер салынады. Әр өңір, әр мекеме басшылығы адалдық қағидатын қадағалап, кез келген қатысушы жобаға жауапкершілікпен қараса деген өтінішіміз бар. Өзіміз де барлық аудан-қаламен жіті байланыс орнатып отырмыз. Осы бағыттағы жұмыс жауапты кезеңдер жақындаған сайын қарқын ала түспек», – дейді жоба жетекшісі.
«Оқитын мектеп» және «Оқитын педагог» бағыттарының менеджері Надежда Сражатованың ақпаратына сүйенсек, аз уақытта 15 кітапты толық оқып шыққан мұғалімдер де, оқушылар да көп.
«Жобаның басталғанына көп уақыт өтпесе де, қуантарлық нәтижелер бар. Қазірдің өзінде байқау шарты бойынша берілген барлық кітапты оқып тауысқан озат педагогтер мен оқушыларымыз бар. Ерекше белсенділік танытып отырған өңірлерді атап өткім келеді. Олар – Бейімбет Майлин, Жетіқара аудандары, Қостанай және Рудный қаласы. Бұл өңірлердің тәжірибесі өзгелерге үлгі болуға тиіс», – дейді менеджер.
Бірақ ол жұмыс барысында туындап отырған кедергілер мен кемшіліктерді де ашық айтты.
«Бірінші мәселе – аймақтардың енжарлығы мен байланыстың жоқтығы. Өкінішке қарай, кейбір аудан тіркелу кезіндегі белсенділікті қазір көрсете алмай отыр. Атап айтқанда, Науырзым, Денисов, Меңдіқара және Сарыкөл аудандарының көрсеткіші өте төмен. Олармен байланыс орнату қиын. Сұралған ақпарат уақытылы берілмейді. Жауапты мамандармен де байланыса алмай қиналамыз. Екіншісі – ақпараттандыру деңгейінің төмендігі. Осының салдарынан көптеген педагог бұл байқаудың нәтижесі аттестаттау кезінде ескерілетінінен мүлдем хабарсыз. Мотивациялық тетіктің бар екенін білмейді. Бұл – аудандық білім бөлімдері мен әдістемелік кабинеттердің зор кемшілігі», – деп отыр Надежда Сражатова.
Модератор сынға алған тағы бір олқылық – техникалық қателіктер мен нұсқаулықтың бұзылуы. Қатысушыларға дұрыс нұсқаулық берілмегендіктен, жүйеде кездесетін ағаттықтардан көз сүрінеді. Оның айтуынша, қатысушылар тілді және бағытты қате таңдайды. Жеке профильге кіру құқығын жоғалтып алу да жиілеп кеткен. Бұл техникалық ақаулар пікір қалдыру процесін қиындатып, модераторлардың жұмысын еселеп көбейтіп отыр.
«Кезекті қолбайлау – академиялық адалдықтың және жазылған пікірлер сапасының осалдығы. Модерация барысында байқағанымыз – ой-пікірлер салмақсыз, мардымсыз. Көптеген қатысушы тым қысқа, мағынасыз пікір жазады. Оның үстіне, мәтінді жасанды интеллектіге жаздырып алады. Біз мұндай «жасанды» және дайын мәтіндерді бірден анықтап, кері қайтарудамыз. Мақсат есеп беру емес, кітапты шынайы оқу екенін еске сала кетейін. Осы аталған олқылықтарды қысқа мерзімде ретке келтіруді сұраймын», – деді Надежда.
Бақытжан Нарымбетов осы сыннан қорытынды шығарып, қателіктерді түзеп, жұмысты жүйелендіре түсу керегін ескертті. Аудан-қаладағы білім бөлімдеріне, әр өңірдегі әкім орынбасарларына осы олқылықтардың орнын толтыруға ықпал жасау міндеттелді. Бұл ескертпенің қай бағытқа да қатысы бар. Өйткені жетістіктерге көлеңкесі түсетін кемшілік барлық топта бірдей байқалып отыр. Оның бір парасын «Оқитын колледж» бағытының модераторы Алмагүл Кенжеғарина да тілге тиек етті.
«Облыстағы 33 колледжден 2028 студент жобаға қатысып жатыр. Әлгіндегі әріптестерімнің пікірімен келісемін, әлі де академиялық адалдықты алға бастыру қажет. Күніне бірнеше пікірді тексереміз. Көпшілігі нейрожелімен әзірленген. «Өте жақсы, керемет» деген құрғақ сипаттамадан ары аспайтын жазба көп. Әлбетте, қабылданбай, кері қайтарылып жатыр. 15 кітапты толық оқыған студенттер саны өте аз. Техникалық кемшіліктерді түзету жұмыстары да әлі күн жүріп жатыр. Атқарар жұмыс көп», – деп баяндады ол.
Алғашқы кезеңнің аяқталуына екі айға жетер-жетпес уақыт қалды. Сәуір айына дейін аралық нәтиже шығарылуы керек. Қатысушылар қарқынға қамшы баса түсуі қажет. Бұл – жауапты мамандардың да жүгі ауырлай түседі деген сөз.
Ең бір күрделі топтың бірі «Оқитын әулет» бағытының оқырмандары шығар деп топшылаймыз. Өйткені өзгелердікі сияқты оларды біріктіретін мекеме-ұйым жоқ. Әйткенмен жобаға тіркелген отбасыларды ортақ алаңда ұйыстырып, ауан-аужайын қадағалап отырған модератор «іркіліссіз ілгерілеп келе жатырмыз» деп отыр. Қаламгер, кітап насихатшысы Абылай Мауданов өзіне міндеттелген бағыттың әзіргі ахуалы туралы ақпарат берді.
«Жағдай барлық өңірде бірдей. Жұмыс белсенді жүрген уақыт – қараша-желтоқсан айлары. Одан кейін сәл саябырлап, қазір қайтадан ілгерілей түсті. Қатысушы әулеттерді бақылау үшін бәрібір мектеп кітапханаларына жүгінуге мәжбүрміз. Өйткені үш буын қатысуы керек болған соң көбіне ата-аналарының атынан оқушылар тіркелген. Үлгі етіп айтатын отбасылар бар. Мәселен, Меңдіқара, Майлин аудандарында, Қостанай, Рудный қалаларында 10-12 адамнан кітап оқып жатқан әулеттерге куә болдық. Әрине, әріптестер сөз еткен кемшіліктер бізді де қынжылтады. Оны қатысушылардың өздеріне де жеткізіп жатырмыз. Әйтпесе, әулеттер үшін таңдалған кітаптар оқуға, қорытуға жеңіл. Сондықтан қалай да оқырмандарымыз белсене түсіп, осы кезеңді ойдағыдай еңсереді деп сенемін», – деді Абылай Мауданов.
Ол аудан-қаладағы әкім орынбасарларына бір ауыз өтінішін де айта кетті. Кітап оқып жатқан әулеттер насихатталып, халыққа үлгі етілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл, бір жағынан, қайбір өңір үшін де абырой болары сөзсіз. Мұны Бақытжан Хаберұлы да қуаттады. Аудандық, облыстық БАҚ-та озық оқырмандар әспеттелсе, көптің ынтасын оятуға, жобаның қанат жаюына ықпалы зор болар еді дегенді алға тартты ол.
«Оқитын мемлекеттік қызметші» бағытының аяқ алысы жаман емес. Жобаға қатысып жатқан үш облыстың ішінде 20 адам көшбасшы танылса, олардың 12-сі біздің жерлес екен. Өзіміздегі үздік өңірлер туралы деректер де мәлім болып отыр. Модератор Ирина Вишниченконың ақпараты бойынша, Федоров, Қарабалық аудандары және Рудный көш бастап тұр. Қалған аудан-қаланы да есе жібермеуге шақырды ол.
Бұдан бөлек, жас ұрпақтың шығармашылық, зияткерлік қабілетін дамытып, дарынды балаларды ынталандыруды мақсат тұтқан тағы бір тамаша жобаның тұсауы кесілгенін естеріңізге салайық. Қостанай облысы әкімдігінің қолдауымен, биыл 2 ақпанынан бастап, «Тұлпар мініп, ту алған!» жыр оқу жарысы басталды. Бұл бастаманың жай-жапсарын жоба жетекшісі Ержан Қожабеков егжей-тегжейлі баяндап берді.
«Жобаға 2,6 мыңнан астам оқушы тіркелді. Ортақ тапсырма — «Алпамыс» жырын жатқа оқу. Ақпан, наурыз, сәуір айларында аудандық, қалалық, ауылдық кезеңдер өтеді. Ал облыстық айналым мамыр айына белгіленіп отыр. Әр аудан-қаладан топ жарып, оза шапқан екі оқушы шешуші кезеңде бағы мен бабын сынға салады. Бас жүлде иегеріне шетелге бір айлық жолдама беріледі. Жеңімпаз оқушыны дайындаған тәлімгерге көлік сыйға тартылмақ. 1, 2, 3 орын иегерлеріне де демеушілер қаржылай сыйлық тағайындайды», — дейді жоба жетекшісі.
Байқау демеушілері: AMANAT партиясы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы және Міржақып Дулатұлы атындағы Қостанай инженерлік — экономикалық университеті. Бақытжан Хаберұлы мәлімдегендей, жолдаманың қай елге бағытталатыны да анықталып қойған. Топтан озған талапкер Түркияға сапар шекпек…
Толығырақ — газеттің алдағы санында.
Ж. Балғынбекұлы
