«Тіл – кез келген ұлттың болмыс-бітімін даралайтын құндылық. Алайда, өзге ұлт өкілі болғанына қарамастан, мемлекеттік тілді еркін меңгеру Отанға деген құрмет».
Қазақ жерінде өсіп-өніп, тілімізді терең меңгерген өзге ұлт өкілдері көп. Олардың қатары күннен-күнге артып келеді. Солардың бірі қазақ тілінде туған тіліндей сөйлейтін Ұлттық ұланның “Орталық” өңірлік қолбасшылығына қарасты Қостанай қаласындағы 6697 әскери бөлімінің маманы (бақылаушы) Кирилл Пономаренко – осындай берік ұстанымымен қазақ тілін үйреніп, ұлттық өнерімізді дәріптеп жүрген әскери қызметші. Кирилл Қостанай облысының Амангелді ауылында туып, өскен.
Оның қазақ тілін еркін меңгеруіне қазақи ортада өсуі.
“Өз елін құрметтейтін, қадірлейтін адам тілді де тез меңгереді. Ал менің қазақ тілін еркін меңгеруіме араласқан ортам көмектесті. Мені ешкім қазақ тілін үйрен деп қинаған жоқ. Қазақ тілін өзім үйрендім. Осы үйренгендерім бүгінде өз қажеттілігіме жарауда”, – дейді Кирилл.
Қазақтың тілін ғана емес, мәдениеті мен дәстүрін бала күнінен бойына сіңіріп өскен.
Кирилл бөлімде және Қостанай қаласында тілге байланысты барлық іс-шараларға және байқауларға қатысып, әрдайым белсенділік танытып жүреді. Жақында Қазақстан халқы тілдері мерекесіне орай Қостанай қаласында “Тілдарын” тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен өткен “Тіл – асыл қазына” атты салтанатты іс-шарада мемлекеттік тілді меңгеруде “Үздік тыңдаушы” атанып, диплом мен ақшалай сертификатқа ие болды.
Сонымен қатар, жақында Алматы қаласында Ұлттық ұланның өзге ұлт өкілді әскери қызметшілері арасында өткен “Мемлекеттік тіл – менің тілім” республикалық сайыста өз өнерімен көрермен мен әділ-қазылар алқасын таңқалдырып, бірінші орынды қанжығасына байлады.
Отаншылдық сезімі биік Кирилл мемлекеттік тілді білу елге деген ізетті танытумен бірге ұлттар арасындағы берік достықтың негізі деп санайды.
Ж. Ибрагимова,
6697 әскери бөлімі, майор.
Қостанай қаласы