“Киберқадағалау” : 24 материал экстремистік деп танылды

“Киберқадағалау” : 24 материал экстремистік деп танылды

Қостанай облысы әкімдігінің дін істері жөніндегі басқарма құқық қорғау органдарымен бірлесіп мониторинг жүргізеді. Тексеру барысында заңсыз уағыздау және діни жиналыстарды өткізуге, экстремистік сипаттағы материалдарды, оның ішінде Интернет желісінде заңсыз сақтау мен таратуға қатысты заңнама нормаларын бұзудың 6 фактісін анықтады.

            Басқарманың бөлім басшысы Сапарғали Әбдиевтің айтуынша, сот шешімімен оларға 1 155 750 теңге айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал өткен жылы 4 дерек тіркелген.    

            – Экстремистік, террористік сипаттағы және деструктивті діни ағымдар идеологиясын насихаттайтын материалдардың таралуын анықтау тұрғысынан интернет-ресурстардың мониторингі жүйелі негізде жүргізіледі. 2019 жылдың сәуір айынан бастап «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесінде жұмыс жүргізілуде, жыл басынан 1965 материал енгізілді, олардың ішінде дінтану сараптамасының қорытындысына сәйкес 24 материал экстремистік деп танылды, – деді С.Әбдиев.

Басқарма «Аналитикалық интернет – карта» («KazDream» ЖШС) бағдарламасы шеңберінде құқыққа қарсы контенті бар топтарға қол қойылған пайдаланушылар беттеріне мониторинг жүргізеді. Бағдарлама арқылы жыл басынан бері пайдаланушыларға 1105 хат-хабарлама жолданып, барлығы қоғамдастықтардан  тіркеуден шығарылған.

ӨКҚ алаңында өткен брифингте бөлім басшысы облыс аумағында 10 конфессияны құрайтын 105 діни бірлестік қызмет атқаратынын жеткізді. Олардың 26-і ислам, 33-і православие, 4-і католицизм, 40-і протестантизм және 1-і кришнаит. Олардың барлығы әділет органдарында тіркелген және қолданыстағы заңнама нормалары шеңберінде әрекет етіп отыр.

            – 90 діни нысан жұмыс істейді, оның ішінде 26 мешіт, 31 православие шіркеуі, 4 католик костелі, 29 намаз үйі. Қалған діни бірлестіктер жалға алынған пәтерлерде өз іс-шараларын өткізеді. Облыстың діни бірлестіктерінің басшыларымен тұрақты негізде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын сақтау бойынша тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, сондай-ақ жұма намаздары, жексенбі және мерекелік ғибадат қызметтері барысында діни ұйымдардың, ғибадат объектілерінің, уағыздардың қызметіне апта сайынғы мониторинг пен талдау ұйымдастырылады. Діни бірлестіктер тарапынан бұзушылықтар тіркелген жоқ, – деді С.Әбдиев.

Сондай-ақ, өңірде 26 шетелдік азамат миссинерлік қызмет атқарады. Айтуынша, миссионер ретінде тіркелген азаматтардың ҚР заңнамасының нормаларын бұзу дерегі тіркелмеген.

            – Аймақта діни оқу орындары жоқ. Иорданиядағы теологиялық оқу орнында (ТОО) облыстың 1 тұрғыны оқып жатыр. Оқушы жастар арасында, сонымен қатар ата-аналар жұртшылығымен жалпымектептік және жалпыколледждік жиналыстары барысында жүйелі негізде шетелде күмән келтіретін теологиялық оқу орындарында оқыту қауіптілігі туралы түсіндіру жұмыстары өткізіледі, – деді бөлім басшысы Сапарғали Әбдиев.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу