Рудный қаласының тұрғыны “Сартай” атауымен қазақтану және оқу орталығын ашты. Бұл орталық қаланың кішкентай бүлдіршіндеріне ана тілін тереңірек меңгеруге, сондай-ақ оны күнделікті өмірде қолдануға мүмкіндік береді.
Орталыққа 1 және 4-ші сынып оқушыларымен бірге даярлық тобының бүлдіршіндері келе алады. Олар онда тіл үйренумен қатар, “Әдемі жазу”,” Көркем жазу”, “Жылдам оқу”,” Математика” шеберлігін меңгеріп, сонымен қатар логапедиялық тексерістен өтуге мүмкіндік бар.
Орталық жетекшісі Қасиет Нарымбетова он бес жыл еңбек өтілі бар мұғалім болған. Педагог-сарапшы дәрежесін алған. Ол өзінің білген-түйгенін өскелең ұрпаққа үйретуді жөн көріпті.
“Рудный қаласына Жамбыл облысынан көшіп келдік. Қазақы ауылда өскен соң, тәрбиеміз де жақсы болды. Өзім орысшаға шорқақпын. Мұнда көшіп келгегі, қазақ балаларының өзі де орысша сөйлеп жүргенін көрдім. Осы жағдайды көріп, өскелең ұрпақ өздерінің қандай мықты батырлардың, би-шешендердің, ғалымдардың ұрпағы екенін неге тереңірек білмеске деген ой туды. Ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, ана тілімізді дәріптеу үшін осы орталық ішінен бірнеше курс аштым. Орталық атын батырдың есімі “Сартай” деп қойдым. Себебі әр бала рухы биік, жігерлі болып, кеудесін керіп “мен батырдың ұрпағымын” деп жүрсін дедім”, – дейді орталық жетекшісі Қасиет Нарымбетова.
Орталықта балалар ұлттық құндылықтарымызды, ою-өрнегіміз, әшекей бұйымдарымыз, батырлар жыры, жеті ата, жеті қазына, ертегілердің мән-мағынасын түсініп, құндылығына қанығады.
“Бар табыс көзім осы болғандықтан, 1 мен 4-ші сынып оқушыларымен, мектеп алды даярлық тобы үшін “Әдемі жазу”,” Көркем жазу”, “Жылдам оқу”,” Математика” және логапедиялық диагностиканы ақылы еттім. Бұл орайда баладан диктант алу арқылы қандай әріптерді шатастырып, айтуын, естуін және ұқсас әріптерді ажырата алмауын анықтаймыз. Ал, “МЕН ҚАЗАҚПЫН!”, “Қол өнер”, “Британдық диагностика ертегі тыңдау” курстары тегін. Себебі мен өз ұрпағыма өз құндылығымды сатпаймын. Марқұм әкем әркез қолыңнан келсе, ақыңды сұрама деп айтып отыратын. Маған ең алғаш Аллаға шүкір осындай ой салған және қолдау көрсеткен анама өз бауырларыма және осында келіп, мені сіңілім деп бауырына басқан Жанат Сайранқызына алғысым шексіз. Ендігі менің арманым грант алып, үкметтің қолдауымен орталықты кеңейтіп, құндылықтарымызды насихаттап, батырлар жырын оқитын, ана тілін құрмет тұтатын өз болмысымен мақтанатын ұрпақ тәрбиелеу”, – дейді Қасиет Нарымбетова.
Орталық 15-ші желтоқсанда ашылды. Мұнда оқулықтар мен әдебиеттер қолжетімді. Орталық іші де, сабақты үйрету тәсілі де балаларды қызықтырары сөзсіз. “Сартай” орталығының жұмысы қазақ тілінің қалада дамуына және оның мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін нығайтуға үлкен үлес қосады деп сенеміз.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді ұсынған кейіпкер