Меңдіқарадан бастау алған “Күй шеруі” акциясы әлі жалғасып жатыр. Өткен апта да Рудный қаласының орталық алаңында 350-ден астам домбырашы күмбірлетіп күй төкті.
“Күй шеруі” акциясы ұлттық домбыра күніне арнайы ұйымдастырылған ілкімді іс-шара. Рудныйлық домбырашылар жеті күй орындап, алаңға жиналған көрерменді тәнті етті. Қалың жиналған нөпірдің арасында белгілі айтыскер ақын Ғалымкерей Кенжеғозин бар. Оның айтуынша, бұл іс-шара арқылы ұлттық аспапты барынша ұлықтауға мүмкіндік жоғары болмақ.
– Биыл Қостанай облысында 9-10 күннен бері барлық аудан да осындай күй шеруі өтіп жатыр. Жастардың домбыраға қызығушылығы артып, ортаға шығып керемет күйлерді орындауда. Біз өте қатты қуаныштымыз осындай жас буынның өсіп келе жатқанына. Әр қашан тілекші болып отырамыз. Жастарымыздың ұлттық аспапты меңгеруі әрі бар ықыласымен үйренуі өте орынды. Барлығы бірдей күйші болып кетпесі анық. Дегенмен қазақтың ұлттық аспабында ойнай білу ұлтшылдыққа бағыттайтыны сөзсіз, — дейді Ғалымкерей Кенжеғозин.
Ізгілікке негізделген іс-шарада сөз алған қала әкімінің орынбасары Сәкен Қоқышев ұлттық аспаптың қадір-қасиеті әр қашан биік екенін сөз етті. Ұлттық домбыра күнінің өткізіліп келе жатқанына 5-6 жыл болса да, есті қауым ерекше пейіл танытқан көрінеді.
– Ұлттық домбыра күні 2018 жылдан бері шілденің алғашқы жексенбісі қазақтың төл аспабының күні ретінде тойланып келеді. Осы жылы облыс бойынша үлкен шеру жарияланып, акция жүріп жатыр. Кенді шаһарда өтіп жатқан домбырашылардың сапында білім, мәдениет және шығармашылық саласының өкілдері бар. Бұл біздің төл мерекеміз. Ал өз мерекемізге кім-кімде болсын өзіндік үлесін қосқаны абзал. Әрқашан шаңырағымызда қара домбырамыздың қоңыр үні естілсін, — деді қала әкімінің орынбасары Сәкен Қоқышев.
Акцияға барлық шығармашылық орталықтар белсенді қатысуда. Рудный қаласындағы “Алтын домбыра” студиясынан жүзден астам жас домбырашы топқа қосылған.
— Қазір балалардың домбыраға деген бейімі, қарым-қабілеті жақсы. Өздері құлшынып, ынталы әрі зеректігін байқатады. Біздің студиядан 150-ге жуық бала өз өнерлерін көрсетті. Былтырдан бастап қызу дайындықтамыз. Бүгінде оқушылар 5-6 күйді еркін меңгерген. Кәсіпқой күйшілерден кем орындамайды. Арнайы ұйымдастырылған акцияның қоғамға берген пайдасы ұшан теңіз. Қаламызда смартфонға телміргендерден гөрі домбыра арқалағандардың қарасы қалың, — ” Алтын домбыра” студиясының ұстазы Дархан Асқаров.
– Рудный қаласында домбырамыздың қоңыр үні естіліп, барша халық осы жерге жиналды деуге болады. Осы ретте тағы бір тілге тиек ететін жәйт бар. Ол қаламызда тұңғыш рет қазақ халық және орыс халық ұлт аспаптар оркестрі сахна төрінде бірге өнер көрсетті, – дейді Мұқан Ноғаев қалалық мәдениет және шығармашылық орталығы басшысының орынбасары.
Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ
Суреттерді түсірген Б.БАЙТЕМІР