Кәсіп қалай басталды?

Кәсіп қалай басталды?

Тігін тігу Алмагүлдің әуелден сүйікті ісі. Қолы қалт етсе, отырып алып кесте пішіп, құрақ қиындыларын әзірлеу үйреншікті әдетіне айналған. Ол осыдан он бір жыл бұрын мамандығы бойынша психолог кәсібін біржола доғарып, өзіне қолайлы шаруаны игеруге талпынған-ды. Алмагүлдің дегені болды да.

«Арқалық қаласында туып өстім. 2000 жылы Қостанайға қоныс аудардым. Төрт балам бар. Бір балам ерекше бала боп туылған соң мамандығыммен кәсіп қууға мүмкіндігім аздау болды. Ол жақта ешкім-ешкімнің басынан сипамасы белгілі. Содан, жеке кәсіп бастауды армандадым. Жаныма өзімді түсінетін, қолында мүгедек балалары бар шебер қыз-келіншектерді жинайын деп шештім», – дейді Алмагүл Оспанбаева.

Бүгінде Алмагүлдің екі бірдей  тігін цехы бар. Біреуі «Kostanay plaza» ойын-сауық орталығында, екіншісі солтүстік-батыс шағын ауданында орналасқан. Қарамағындағы жеті адам еркін ауысыммен тапсырыс берушілерге қызмет көрсетеді. Матадан жасалатын кез келген бұйымды әзірлеп беруге қай-қайсысы да икемді-ақ. Солардың бірі – ұзынкөлдік шебер Айгүл Балуанова. 2020 жылы Қостанайға қоныс аударып, цехқа жұмысқа орналасқан. Мамандығы – сәнгер-кескіш.

«Тігін тігу өнері маған нағашы әжемнен дарыған. Бала кезімнен тігін тігуге қызығушылығым артып, 15 жасымнан қолыма ине ұстадым. Ұзынкөлде тігін ательесінде бірнеше жыл жұмыс істедім. Үш балам бар. Біреуінің мүгедектігі бар. Сондықтан қалаға көшкен соң, өзіме қолайлы жұмыс кестесімен жұмыс керек болды. Сұрастыра келе, таныс жолдастарымның айтуымен осы цехқа келіп, жұмысқа орналастым. Жұмыс кестесі ыңғайлы, табысым да жаман емес», – дейді тігінші Айгүл Балуанова.

Қолдан шыққан бұйымға кім қызықпайды дейсіздер. Басында  пайда болған тұтынушылардан  тапсырыстар көбейді, сондықтан жеке команданың жұмысы күннен-күнге ауырлай түсті. Алмагүлдің тігін цехын  қыз-келіншектердің үйлеріне алып кетіп істеуіне қолайлы келесі орыннан ашуына тура келді. 2021 жылы 6 %-дық мөлшерлемемен 5 млн теңге несие алған. Берілген қаражатқа қажетті құрылғылар мен құрал-жабдықтар сатып алған. Тапысырыс берушілердің талабына сай етіп, көрпе-жастық тігеп қана қоймай, мүгедек балаларға арналған киімдерді де қолжетімді бағада тігіп береді.

«Бізде тығыз кесте құрылған. Босаған уақытында келе береді. Екінші жерден тапсырыс қабылдап, сол жақтан үйге алып кетіп те істейтіндері бар.  Бастысы, тапсырыс уақтылы қабылданып, оларға қолайлы болса болды. Мемлекеттік қызметті алып жүру  бізге қиын. Ешкім бізді ол жақта бос жібере алмайды. Сол себепті, өзіміз жиналып жұрттың қалауын орындап  жатырмыз», – дейді Алмагүл Құрметжанқызы.

Шеберлердің жасаған бұйымдарын  «tekstilka11» инстаграм парақшасынан көре аласыздар.

https://l.instagram.com/?u=https%3A%2F%2Fwa.me%2F77087650608&e=AT3LAeJiE1HP78adHwt6psHiYM9Q9qAPgiV6z0G5pQjid4TSVIOISDaXzkhnd1mhyT_lD1zfupXm_AwaONGdzLllyt2RQaIkAOwd7g

 

Жаңалықтармен бөлісу