Гүлназ қалай бизнес тренер болды?

Гүлназ қалай бизнес тренер болды?

Бірде Алтынсарин ауданына жолымыз түсті. Қайда барсақ та қызықты тақырып іздейтін журналистік әдетімізге басып, «қызықты дүние болса» дейміз. Сөйтсек аудандық әкімдіктің дәл қасынан қазақы кәдесыйлар істеп, сататын цех ашылыпты. Онымен айналысып жүрген өзіміздің Аманкелді ауданының қызы, қолөнер шебері Гүлназ Әлімова.

Қуанып кетіп, Гүлназдың дүкеніне тарттық. Ішке кірсек қызу жұмыс. Бір бұрышы ­– дүкен, екінші жағы – цех. Ортада лазерлі аппарат тұр. Бұл Гүлназдың армандап жеткен қондырғысы. Осы жерді ашу үшін Гүлназ неше жыл талпынды десеңізші. Қазір жып-жылы, берекелі орынға айналып шыға келген. Гүлназ лазерлік кесу технологиясы арқылы ағаштан түрлі бұйымдар жасап, тұтынушылардың көңілінен шығып жүрген кәсіпкер әрі қолөнер шебері.

Гүлназ Нұрбекқызының негізгі мамандығы мұғалім. Бірақ, тоқыма тоқып, тігін тіккенді жақсы көреді. Екініші баламен еңбек демалысына шыққанда тігіншілікті қолға алып, тапсырыс қабылдай бастады. Моншақтан тоқыма тоқып, интернет желісіне салып, саудасын жандандырып, үйде отырып тапсырыс ала бастады. Үйде отырған анаға 200, 500 теңгенің өзі жақсы табыс. Кейін тапсырыс көбейіп, қызығушылық танытқандар да артты. Одан сайын шабыттанып, перделердің де небір түрін ойлап тапты. Перделердің дизайны ұнағаны соншалық тіптен заттары Ресей асып та жататын. 2019 жылы мемлекеттік қайтарымсыз грант аламын деп талпынды. Жан-жағындағылардың барлығы бірден алып жатқандай көрінді. Талабын білсе де жолын білмепті. Алдымен бизнес жоба жазып, оны қорғау қажет. Көп ойланып жатпай жобаны сатып алды. Ақшаға орысша жаздырып, қазақша қорғап шықты. Бірақ комиссия мүшелері өткізбеді. Үкіметтен грант ала алмады. Тауы шағылып, меселі қайтты. Іштей «еее, бәрі таныспен екен ғой, ешкім де ақша алмайды. Бәрі де өтірік» деп ойлады. Бір-ақ сәтті бәрін тастап, мектепке өз мамандығы бойынша жұмысқа шықты. Қалалық жерде еңбек ете алмады. Себебі жұмыс өтілі болмады. Амал жоқ, Алтынсарин ауданының Осипов аулындағы бастауыш сыныптың мұғалімі болды. Осипов бес-алты түтіні ғана бар шағын мекен. Ал Гүлназдың барлық тапсырыс берушілері қаладан болатын. Мектепте жүрсе де мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грант жайында қайта-қайта ойлай берді. Қайда жүрсе де көңілі сол жақта. «Тағы қатысып көрсем қалай болар екен» деген бір ой маза бермеді. Ойланып жүрді де «нар тәуекел» деп тағы да құжат тапсырды. Бұл жолы да бизнес жоспар жазатын адам іздеді. Оны жазатын адам тек орыс тілді болып кездесті.

–Осы кезде ойландым. Соны жазуды өзім үйренсем қалай болады деп, бизнес жоспар жазудың қыр-сырын үйрендім. Негізі кәсіп бастаймын деген әр адам қолға алған кәсібін тек өзі ғана жетік біледі. Жоспарымды жазып, қатысқаныммен тағы да қаражат ұта алмадым. Сөйтіп екінші рет дымсыз қалдым. Сонымен өзімді тағы да жұбаттым, грант деген маған арналмаған шығар, оған таныс керек, бәрін өздері алады деп үмітімді үздім. Мектептегі жұмысымды жалғастыра бердім. Былтыр грантқа құжат тапсыру жылына екі рет болатын. Тағы да грантқа құжат тапсыру басталып жатыр дегенді көріп, іштей тағы да өзімді қайрай бастадым. Дайындалып көрсем қалай болар екен, деп тағы тапсыруға ниеттендім. Бірақ бұл жолы ішкі нарықты зерттедім. Ең бірінші тақырыбым перделер болса, одан кейін «Қазақстанда өндірілетін жұмсақ ойыншықтар» атты жоба болатын. Сөйтсем мұндай іспен айналысатындар өте көп екен. Сол кезде өзімнің қателігімді түсіндім. Демек менің жобамда жаңашылдық жоқ. Менің өтпеуім тамыр-таныстықта емес, өз жобамды дұрыс зерттемеуімде. Сөйтіп жобамды қайта жазып, жаңашылдық енгіздім. Жобамды түбегейлі өзгертіп, «Ағаштан жасалған қазақи нақыштағы кәдесыйлар» деген тақырыпқа ауыстырдым. Нарықты түгел зерттедім. Базарларды, сауда орындарын аралап, заттардың бәрін қарап, олардың қайдан келетінін сұрастырдым. Сөйтсем мұндай заттардың барлығы да сыртқы нарықтан келеді екен. Ресей, Қытай, Алматы, Қырғызстаннан бар да, өз өңірімізден жоқ, ­ – дейді Гүлназ.

Осы тақырыпты ұсынғанда комиссия мүшелері де бірден қызығушылық танытыпты. Сөйтіп көптен армандап жүрген 2 млн 950 мың теңге грантты ұтып алып, станок пен кесте тігетін машина алады.

–Әр жалақы алған сайын өзіме керек деген бір затты алып, жинай беретін едім. Соның көмегі көп болды. Грант алған соң менің жұмысыма қызығушылық артты. Көптеген қыз-келіншектер ақпарат сұрап, жаза бастады. Оларға толық ақпарат беруге дайын емес едім. Мен осы кезде білім керек екенін түсіндім. Өзіме сенімді болу үшін Самал Атакелді деген кісіден оқып, үйреніп, барлық жолын біліп, білімімді толықтырдым. Тіптен шет ел асып, Түркияға дейін барып келдім. Брендті қалыптастыру жолдары, клиентпен жұмыс, гранттты алу, бизнес жоспар құру, ақшаның көзін табу деген сияқты сұрақтарға жауап алып, жолын таптым. Осыдан соң сенімім артып, шабытым ашылды. Осы сегіз жыл бойы ашуға жүрексініп жүрген цехымды аштым. Бизнес тренер деген атақты да алып, бұл саланы да қатар дамыта бастадым. Қазір менің жетекшілігіммен грант алып, іс бастағандар да бар. Өзім сияқты жандарға көмегімді беріп жүрмін, ­ – деп әңгімесін жалғады.

Қазір бұл цехта қазақша үлгідегі нешетүрлі кәдесыйлар, тойбастарлар жасалады. Онымен қоса перде, көрпелер де тігіледі. Балбақшаларға арналған балалар ойнайтын жиналмалы киіз үй де бар. Барлығы да табиғи өнім. Ағаштан жасалған сағаттар, жеті атаның есімі жазылған шежірелер де осы жерден шығады. Әр отбасының руы, ата-бабалар тізімі жарияланады. Бұл ұрпақтан ұрпаққа естелік, әрбір шаңырақтың төрінде ілулі тұруы тиіс мұрағат. Эскиздердің барлығын өзі ойлап тауып, дизайнерге сыздыртады.

Алтынсарин аудандық балалар шығармашылық үйінің оқушыларын қолөнерге де баулып жүр. Олар үшін үйірме де ашқан.  Ауылдан аудан орталығына көшіп келді. Керек заттардың барлығын Қостанайдан алады. Гүлназ бұл орынды әзірге жалға алып отыр. Бірақ келер жылы жолдасы өзіне арнап цех салып бермекші. Азаматы үнемі қолдау білдіріп, жұбайын демеп отырады. Бұл әйел адамы үшін өте маңызды. Ал мұғалімдікті қалдырған емес. Осынша іспен қоса сабағын да беріп жүр.

Қазақстан бойынша жеткізіп беру бар. Тіпті тележүргізуші Ләйла Сұлтан да тапсырыс беріп, ағаш киіз үйдің кішткентай үлгісін шет елдіктерге ұсынбақ болып алған. Енді Гүлназдың киіз үйі Корей еліндегі көрмеден де орын алыпты.

–Біздің өнімнің ерекшелігі сол, арнайы тапсырыспен, жазуларды ойып тұрып жасаймыз. Әрі бағасы қолжетімді. Кәсіпкерлікте ең алдымен өз ісіңді жақсы көру керек. Қазір ғаламтор арқылы көптеген идеяларға қол жеткізуге болады. Тек ерінбей жалықпай еңбектене білсеңіз болғаны, – дейді кәсіпкер. Біз қазақы қолөнерді дамытып жүрген қазақ қызына сәттілік пен ісіне береке тіледік.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

Алтынсарин ауданы

Жаңалықтармен бөлісу