М. Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университеті Қостанай облысының Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, облыстық Білім басқармасының қолдауымен «Цифрлық және жасанды интеллект дәуіріндегі мансап» атты бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұйымдастырды.
Іс-шара Қазақстандағы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында өтті.
Жәрмеңкеге өңіріміздегі 40-тан астам кәсіпорын мен мекеме қатысып, бос жұмыс орындарын ұсынып, жастарға мансаптық бағыт-бағдар берді. Кездесуде өндіріс, агроөнеркәсіп, энергетика және қызмет көрсету салаларындағы кадр тапшылығы сөз болып, жұмыс берушілер жас мамандарға деген сұраныстың артып отырғанын айтты.
Бүгінде еліміз энергетикалық әлеуетті күшейту, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, көлік және логистиканы жетілдіру, цифрлық технологияларды енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Осы тұрғыда ұл жәрмеңке жұмыс берушілер мен жас мамандар арасындағы маңызды диалог алаңына айналды.
Жәрмеңкені ұйымдастырушы — ҚИнЭУ-дің мансап және бизнес-көшбасшылық орталығының директоры Ай-Гүл Сегізбаеваның айтуынша, іс-шараның негізгі мақсаты — жастарды еңбек нарығындағы мүмкіндіктермен таныстырып қана қоймай, студенттер мен жұмыс берушілер арасында тікелей байланыс орнату.
