Арқалық өңірлік ауруханасында балаларға арналған қамқорлық медициналық оңалту бөлімі ашылды.
Балаларға қамқорлық — елдің болашағына жасалған инвестиция. Балаларды медициналық оңалтуға қажетті заманауи жағдай жасауға қолдау көрсеткен — Қазақстан халқына қоғамдық қоры.

Жаңа бөлімнің салтанатты ашылуына аталмыш қордың басқарма төрағасы Ләззат Алтынбекқызы арнайы қатысты.
«Қазақстанда осындай 13 аудандық орталық бар. Мұндағы құрал-жабдықтар ірі қалаларда да тапшы деп айтуға болады. Барлығы да еуропалық стандартқа сай алынған. Қыруар жұмыстың нәтижесі мамандарымыз заманауи жабдықтармен ем-дом жасап, оңалту мәселесін шешіп береді деген ойдамыз», — деді қоғамдық қордың басқарма төрағасы ел алдында сөйлеген сөзінде.
Осылайша, еліміздің тағы бір өңірінде балалардың денсаулығын қалпына келтіруге, олардың өмір сапасын жақсартуға және заманауи медициналық оңалту көмегінің қолжетімділігін арттыруға бағытталған жаңа бөлім жұмысын бастады.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, Арқалық қаласы және оған іргелес Амангелді, Жангелдин аудандарында, сондай-ақ Ақмола облысының Жарқайың ауданында медициналық оңалтуды қажет ететін балалар көп. Бүгінгі таңда 300-ден астам бала медициналық оңалтуды қажет ететін науқас ретінде есепте тұр. Олардың ішінде эпилепсия диагнозымен 120-дан астам бала, балалардың целебральды сал ауруының әртүрлі түрлерімен 200-ден астам бала, сондай-ақ бұлшық ет дистрофиясының орталық жүйке жүйесінің зақымдануы және басқа да неврологиялық аурулары бар балалар бар. Бұл көрсеткіштер өңірде балаларға арналған кешенді, кезеңдік және жүйелі медициналық оңалту қызметіне қажеттіліктің жоғары екенін көрсетеді. 


Жаңа бөлімнің ашылуымен 20- дан астам адам жұмыспен қамтылып отыр. Ақ халатты абзал жандар қамқорлық бөлімі кішкентай пациенттер үшін сапалы медициналық көмек, қамқорлық пен оңалтудың орталығына айналады деген сенімде.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор Арқалық қаласы.
