Ит дауы қайта ушықты

Ит дауы қайта ушықты

Бұралқы иттер мәселесі қоғамда қайта талқылана бастады. Бірі иесіз итті асырап баққанның адамға қаупі басым, ең абзалы мәңгілік ұйқыға жіберу дейді. Екінші тарап ит емес иесін жазалаған дұрыс, қорғансыз жануарларға жанашырлықпен қарауымыз керек деген уәж айтуда.

Қазір иесіз иттер ауыл түгілі қала ішінде өріп жүр. Мысалға облыс орталығындағы Садовая көшесінің Л.Беды көшесіне түйісетін тұсында 5-6 ит бос жүреді. Ол маңайда жеке сектор, жер үйлер көп. Бәлкім иелері босатып жібере ме екен, әлде бұралқы иттер ме?.. Ол жағы әзірге белгісіз. Бір анығы – топталған иттер адам көрсе абалап, қарсы жүгіретін көрінеді.

«Мен Сералин көшесі 42-үйде тұрамын. Мұнда екі жыл бұрын көшіп келдік. Ара-тұра жаяу серуендеймін. Кейде жұмыстан жаяу келемін. Садовая көшесінің бойында әрқашан 5-6 ит жүреді. Бізді көрген бойда үріп, жүгірсеңіз қуа жөнелуге дайын. Қорқа-қорқа әйтеуір өтіп кетемін»,-деді қала тұрғыны Оксана.

Қостанай қаласында бұралқы ит-мысықтардың көбейіп кеткені сонша уақытша ұстау тұрақтарында орын жетпей жатыр. Сондықтан қала билігі бюджет қаражаты есебінен жаңадан панажай салуды жоспарлап отыр.

Қостанай қаласының әкімдігінде өткен аппарат кеңесінде аталған мәселе талқыланып, биылғы жылдың екі айында ит қабуға қатысты 102 дерек тіркелгені айтылды.

«Қостанай облысында 2026 жылдың алғашқы екі айында антирабиялық көмекке жүгінгендер саны 700 адамға жетіп, оның 167-сін балалар мен жасөспірімдер құрады. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге артқаны байқалады», – делінген санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жариялаған ресми деректе.

Қымбат ДОСЖАНОВА,

Суретті түсірген Василий Васильев