IQanat Олимпиадасы – ауыл балаларына зор мүмкіндік

IQanat Олимпиадасы – ауыл балаларына зор мүмкіндік

Бүгін Ы. Алтынсарин атындағы мектеп-гимназия-интернатында IQanat республикалық олимпиадасының 2-ші облыстық іріктеу кезеңі басталды.

Оған Қостанай облысынан 400-ден астам 8-сынып оқушысы қатысып жатыр. Бұл кезеңде үздік нәтиже көрсеткендер Алматы қаласында өтетін финалға жолдама алады.

IQanat қоры сегіз жылдан бері ауыл мектептерінің оқушылары үшін ең ауқымды олимпиаданы ұйымдастырып келеді. Мақсаты – ауылдық жерлердегі дарынды балалардың білім алуына кедергі келтіретін әлеуметтік және қаржылық тосқауылдарды жою. Олимпиада жеңімпаздары үш жыл бойы тегін дайындық курсынан өтіп, беделді университеттерге түсуге мүмкіндік алады.

Биылғы олимпиаданың басты ерекшелігі – peer-to-peer жобасының іске қосылуы.

Жоба аясында жоғары сыныптағы IQanat оқушылары 8-сынып оқушыларына менторлық көмек көрсетті. Сонымен қатар, қатысушыларға арналған мотивациялық тренингтер, интеллектуалдық ойындар және спорттық жарыстар ұйымдастырылады.

IQanat – ауыл балаларының болашағын жарқын етуге бағытталған әлеуметтік-білім беру жобасы. Бүгінде оны 180-ден астам кәсіпкер қолдап отыр.

Жаңалықтармен бөлісу