Хоккейден жаңа маусым жеңімпаздары белгілі болды

Хоккейден жаңа маусым жеңімпаздары белгілі болды

Жаңа жылдың алғашқы аптасында Денисов ауданында дәстүрлі хоккей лигасының 2025-2026 жылғы маусымы ресми түрде ашылған еді. Көп ұзамай жаңа маусымның жеңімпаздары анықталды.

Қостанай облысының әуесқой хоккейшілері арасында өткен ойынға барлығы 16 команда қатысты. Спорт додасы аудан орталығында жаңадан салынған «HOCKEY ALANY» жабық хоккей кортында болды. Аталмыш корт былтырғы жылдың 27-желтоқсанында салтанатты түрде пайдалануға берілгенін газетімізде хабарлағанбыз.

«Жақында аудан орталығында HOCKEY ALANY» жабық хоккей корты ашылды. Жаңа нысан кез-келген ауа райына қарамастан хоккей ойнауға мүмкіндік береді. Жергілікті хоккейшілер одан әрі шымырланып, шыныға түседі деген ойдамын. Алда хоккейден Қостанай облысының әуесқойлар лигасы, КМ лигасы, Денисов хоккей лигасының ойындары өтеді. Біз жақсы нәтиже күтеміз», – деген еді Денисов аудандық спорт бөлімінің басшысы Наталья Филатова бір сұхбатында.

Дәстүрлі матч қорытындысында Денисов ауданының спортшылары көпшіліктің үмітін ақтады. Аудан хоккейшілері үздік үшінші орыннан көрініп, жанкүйерлердің зор қошеметіне ие болды. Аудан намысын қорғауға Приреченский, Тельман, Денисов ауылдық округтерінің спортшылары үлес қосты. Жоғары дайындық пен көпжылдық тәжірибенің арқасында аудан спортшылары қола жүлдеге қол жеткізіп отыр. Ал бірінші орынды Қостанай қаласының хоккейшілері алды. Екінші орын Рудный командасына бұйырды. Жеңімпаздарды марапаттау сәтіне аудан әкімі Руслан Қатпаев қатысып, командаларды құттықтады.

«Облыс лигасында лайықты ойын өрнегін көрсеткен командаларды құттықтаймын! Бұл нәтиже – күнделікті жаттығу мен еңбектің, өзара бірліктің, хоккейге деген шынайы сүйіспеншіліктің жемісі. Жеңіс тұғырынан таймай, бұдан да биік белестерді бағындыра беріңіздер», – деді аудан әкімі.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суретті жолдаған Денисов ауданының спорт бөлімі.

Денисов ауданы