11 июня, 2025
Халықаралық отбасы күніне орай ерекше балалары бар және көп балалы аналарға құрмет көрсетілді

Халықаралық отбасы күніне орай ерекше балалары бар және көп балалы аналарға құрмет көрсетілді

Қостанайда Халықаралық отбасы күніне орай оқу-білімде, спортта және шығармашылықта жетістікке жетіп жүрген ерекше балалардың аналарын ұлықтау шарасы өтті. Бұл аналар күн сайын бала тәрбиесінде үлкен жауапкершілік пен мейірімнің үлгісін көрсетіп келеді.
Іс-шараға «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Жанар Куйшинова, партия жанындағы әйелдер қанатының облыстық жетекшісі Гүлсара Жаманқұлова, облыстық мәслихат депутаты Аруна Жақсағұлова және Аналар кеңесінің мүшесі Айтжан Кішкентаева қатысты.

Қонақтар аналарға жүрекжарды тілектерін білдіріп, олардың төзімі мен еңбегін жоғары бағалады.

«Әрбір баланың жетістігі – анасының еңбегі мен махаббатының жемісі. Ана болу – үлкен ерлік. Біз партия ретінде нәзік жандыларды қолдауды, олардың мәселелеріне назар аударуды басты міндеттеріміздің бірі деп санаймыз», – деді Жанар Куйшинова.

Жиын барысында аналарға тәттілер мен естелік сыйлықтар, сондай-ақ «КІТАП AMANAT» мәдени ағарту орталығынан кітап алуға арналған сертификаттар табысталды.

   Мұндай сыйлықтар аналарға қуаныш сыйлап, олардың көңіл күйін көтерді.
Іс-шараға қатысқан ерекше баланың анасы Майжан Шалғынбаева алғысын білдірді.

«Бүгінгі кездесу мен үшін үлкен қуаныш. Осындай жылы сөздер мен сыйлықтар бізге шабыт береді. Баламның табысы – менің өмірлік мақтанышым. Ұйымдастырушыларға шын жүректен рахмет», – деді ол.

Аталған кездесулер отбасылық құндылықтарды дәріптеп, аналардың қоғамдағы рөлін айрықша көрсетуге мүмкіндік береді.

Сералы МЫРЗАБАЙ