Гүлжанат Керібаева: “Орманға баруға тыйым салынды”

Гүлжанат Керібаева: “Орманға баруға тыйым салынды”

Орман шаруашылығына жалақысының аздығынан ешкім барғысы келмейді. Қосымша жұмыс үшін төленетін үстемақы осы жылдың шілдесінен бастап қана қосылады. Техника мәселесі де күрделі. Өртенген орман алқабын қалыпқа келтіру жұмысы бәсең, өйткені техника бірлігі жетіспейді. Орман шаруашылығы төңірегіндегі мәселелерге Қостанай облысы әкімдігінің Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанат Керібаева жауап берді.

– Гүлжанат Жанболатқызы, өрт қаупіне дайындық барысы қандай? Техника жеткілікті ме? Қызметкерлер қажетті құрал-саймандармен жарақтанған ба?

– Өрт қауіпті кезеңге дайындық шеңберінде бірқатар шаралар қабылданды. Осы жылы қоршаған ортаны қорғауға арналған барлық жұмысқа арналған бюджет көлемі екі есеге ұлғайтылып, 8 млрд теңгеге жетті. Тәулік бойына бақылау жүргізу үшін 34 бейнебақылау жүйесін сатып алдық. Былтырғымен салыстырғанда 4 есе көп.  Білікті мамандарды орман шаруашылығы мекемелеріне қызметке шақыру жүріп жатыр. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақылары 57% өсіп, штат бірлігі 386 адамға жетті. Орман шаруашылығы осы жылы 50 мамандандырылған трактор сатып алуды жоспарлап отыр, оның отызы жеткізілді. Он бес өрт сөндіру көлігінің үшеуі пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 38 жеңіл көлік алынады, қосымша тіркемелермен жабдықталады. Осы мақсатқа облыс бюджетінен 2,2 млрд теңге және орман ағаштарын сатып, одан түскен 1,2 млрд теңге жұмсалады. Орман шаруашылықтарын техникамен жасақтауды 100% жеткіземіз, тозған және ескірген техникалар біртіндеп жаңарып отырады. Өңір тұрғындары үшін айта кетейін, облыс әкімдігі өрт қаупі жоғары кезеңде жеке тұлғалардың орманда болуына және оған көлік құралдарымен кіруіне, сондай-ақ Қостанай облысының мемлекеттік орман қоры аумағында құрылыс жұмыстары, пайдалы қазбалар өндіру, коммуникациялар тарту және барлық орман дақылдары жұмыстары мен орман шаруашылығын жүргізуге шектеу қоятын қаулы шығарды.

– Қызметкерлердің жалақы мәселесі қалай шешілуде?

– Қазіргі таңда орман шаруашылығымен айналысатын қызметкерлердің жалақысы аз екенін мойындау керек. Айлық мәселесі білікті мамандардың тапшылығына әкеп соқты. Сол себептен де көбі бұл салада жұмыс істегісі келмейді. Енді 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыскерлерді әлеуметтік қорғау мақсатымен, туындаған қауіпке байланысты өміріне зиян келгені үшін және қосымша жұмысқа 100% үстемақы төленетін болады.

– Өртенген аумақты тазалау және қалыпқа келтіру жұмысы туралы айта кетсеңіз…

– Облыс әкімдігі ірі өрттің салдарын жою үшін ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, 2022 жылдың 17 қазанында “Жол картасын” бекітті. Әулиекөл ауданындағы өртенген орманды игеруді бақылау жөніндегі нақты іс-шаралар жоспары бар. Ай сайын ғарыштан зерттеу жүргізіледі. Ағаш кесу заңдылығы тексеріліп, орман алқабындағы жұмыстың құжатқа сай жүргізілуі қадағаланады. Орманды қалпына келтіру жұмыстары шеңберінде облыстың орман шаруашылығы мекемелерімен тиісті жұмыстар атқарылуда. Бөлінген жалпы аудан 4601,9 гектарға тең. Жанған орман ағаштарын игерумен Әулиекөл мемлекеттік орман қоры және Басаман орман шаруашылығы мекемесі айналысуда. Кесілген ағаштарды сату бағасын тәуелсіз сарапшы “Stella+” ЖШС белгілейді. Ағаштың 10 түрі бойынша құнын бағалайды. Кесілген ағаштарға төлем жасау қолма-қол жүргізіледі. Айта кету керек, дайындаушы техниканың жетіспегенінен, өрт шалған алқапта жұмыс қарқыны бәсең. Елімізде орман немесе дала өрті жиі болатындықтан өзге аймақтан да қосымша күш шақырта алмай отырмыз. Жағдай қалыпқа келгенде өңірлерден қосымша күш шақырту қаперімізде. Сондықтан техникасы бар азаматтар өрт салдарын жоюға атсалысам десе, орман шаруашылығы мекемелеріне баруына болады.

– Кесілген ағаштардың орнына көшет егу, орманды кешенді қалпына келтіру жоспарына тоқталсаңыз.

– Қостанай облысында 2021 жылдан бастап бұл жұмыс іске асырылуда. Яғни, ормандарды молықтыру мен орман өсірудің 2021-2025 жылға бекітілген кешенді жоспары бар. Өңірде отырғызылған ағаш көлемі 28 793,8 га немесе 168,4 млн дана ағаш. Бұл жұмыстар 2025 жылға дейін атқарылады. 2021 жылы жоспарды асыра орындадық. Ал, өкінішке қарай, былтыр тек 70%. 2 727 гектарға 17 млн ағаш отырғызылды. Биыл орындалмаған жоспарды ескеріп, 48,1 млн көшет отырғызуды көздеп отырмыз. Көктемде 11,6 млн көшет ектік. Алдағы күз мезгілінде 6 710,2 гектар жерге 36,5 млн көшет отырғызу міндеті тұр.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу