Гүлмен көмкерілген ауыл

Гүлмен көмкерілген ауыл

Қостанай ауданына қарасты Владимиров көп ұлтты ауыл. Жасыл желекке оранған, берекесі мен ынтымағы жарасқан құтты мекен. Ауылда түрлі тұрғындар бар. Қай-қайсысының болмасын тағдыры әрқилы. Дені осы ауылда туып, туған жерде еңбек етіп, өз үлестерін қосқан жандар.

Осы ауылға жақында арнайы бардық. Барудағы басты себеп – өз елін сүйетін, айналасын қадірлей білетін қарапайым ауыл адамдарын марапаттау еді.

Қостанай ауданының әкімі Берік Таңжарықовтың бастамасымен тек аудан орталығы Заречный поселкесінде, Тобыл қаласында ғана емес, ауыл-аймақтарда да «Таза Қазақстан» бағдарламасы белсенді іске асуда. Ал ауыл әкімі Әлия Жүнісова елімізде түгелдей өтіп жатқан акцияны түрлендіріп, «Үздік аула» байқауын ұйымдастырған. Ондағы мақсат – ауылдықтарды ынталандыру, еңбегін бағалау, көпке үлгі ету.

«Байқау ауыл тұрғындарын тазалыққа шақыратын, туған өлкені жасыл-желекке айналдырып, табиғатты аялауға және экологияның жақсаруына үлесқосатын әлеуметтік маңызы бар ерекше бастама. Маңызы да ерекше. Ол ауланы таза ұстаудан бөлек, келешек ұрпақты айналаға жанашырлықпен қарауды үйретеді. Туған жеріміздің көркеюі мен таза болуы өзімізге байланысты. Тынымсыз еңбектің арқасы. Жанашыр және белсенді азаматтардың қатары арта берсін», – дейді ауыл әкімі Әлия Жүнісова.

Әлия Киікбайқызы бұл ауылға әкім болып сайланғанына да көп болмады. Соған қарамастан көп істі қолға алып, тындыруға бел буған. Бұрын кәсіпкерлік салада жүрсе, енді мемлекеттік қызметші атанып, күш қайратын осы салаға жұмсауда.

«Ауылдың ажарын ашып, тұрғындарға қолайлы болса дейміз. Биыл 4 жолды жөндеп, асфальттап жатырмыз. Жыл аяғына дейін көшелерді толығымен жарықтандыру жоспарда бар. Тұрғындар әр бастамаға қолдау білдіріп, демеп отырады», – дейді ауыл әкімі.

 

Жеңімпаздарды құттықтауға Қостанай облысының әйелдер күштері Альянсының төрайымы Римма Бектұрғанова арнайы келді. Себебі Әлия Киікбайқызы «Ақ жол» партиясы мен әйелдер күштері Альянсының атынан сайлауға түскен әкім. Сол жолы халықтың дауысын көп жинап, сенімін алды. Енді, міне, қандай бастама болмасын Римма Шыңғысқызы қолдап, демеушілік білдіріп отырады.

«Әйелдер күштері Альянсы қыз-келіншектердің көшбасшылығын қолдаймыз. Әйел тек ана, жар, бауыр ғана емес, ол қоғамға өз пайдасын тигізе алатын тұлға. Ол үшін әйел адам өзін дамытып, көрсете білуі керек. Осы мақсатта біз әйелдердің саяси көшбасшылық мектебін құрдық. Осы мектептен көптеген әйелдер бағыт алды. Осы ауылдың әкімі болып сайланған Әлия Жүнісова да мектептен шыққан еді. Қазір сенімді ақтады деп ойлаймын», – дейді Римма Шыңғысқызы.

Бұл ауылдың жұрты тал мен гүл егуді ертеден кәсіп еткен бе деп қаласың. Біз барған қай аула да гүлмен көмкерілген. Жайқалып тұр. Содан болар, «Үздік аула» байқауына қатысушылардың қатары аз емес. Олардың еңбегін саралайтын арнайы қазылар алқасы да құрылып, әр ауланы қарап, еңбектерін бағалаған.

Жеңімпаздарды марапаттау үшін аулаларды араладық. Үшінші орын алған Любовь Стародубова осы ауылда көптен бері тұрады. Өзі пошташы. Күнделікті газет-журнал таратып, қаншама ауланы аралайды. Сонда көргені кейде көңілінен шықпай жатады. Ал өзінің ауласы шағын ғана болса да мұнтаздай, жағалай небір гүл егілген. Тіптен табиғат аясында отырып шай ішетін орын да ойластырылыпты.

Ал екінші орын Татьяна Кривоконеваға бұйырды. Оның да ауласы ертегі әлеміндей әдемі. Жасыл-желек, сан қырлы гүл көздің жауын алардай әсем.

«Жұбайым өмірден өткелі өзім ғана тұрамын. Зейнет жасында болсам да еңбектен қол үзген емеспін. Ауланы таза ұстап, гүл өсіргенді жақсы көремін. Бүгінгі байқауда жеңімпаз атанғаныма қуаныштымын», – дейді ол.

Ал бірінші орынды Яков Никушин иеленді. Бұл кісінің ауласын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес шығар. Мұндайды тек көзбен көріп, аңқыған гүлзарлардың иісін сезіну керек. Гүлдің небір түрін мен осы жерден көрдім. Түр-түсі де сан қилы. Бұл кісінің ауласы жай ғана емес, музей дерсің. Өзі жиырма жылдан бері көне заттарды жинайды. Ауласынан бөлек гараждың іші де тұнған жәдігер. Әрбір зат тұнған тарих. Көне заманнан келе жатқан патефон, өткен ғасырдан жеткен телефон, олардың түр-түрі сол қалпы, бір шаң баспай осы жерде сақталған. Мұндайды мен бұрын соңды көрмеген екенмін. Яков Александрович таң-тамаша болған біздерге бәрін аралатып көрсетіп, таныстырып шықты.

 

Өзінің негізгі мамандығы ветеринар. Осы ауылда туып, оқып, кейін үйлі болып, еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. Ал зат жинау ол кісінің хоббиі десе де болады. Бұл үйге ауданнан оқушылар музейге келгендей келіп, аралап, танысады екен. Соның бәріне құнды жәдігерлерін таныстырып, көрсетуден бір шаршаған емес. Жұбайы екеуі көне патефонды қосып, музыканың ырғағымен біздерге шай ұсынды. Құдды баяғы заманға тап болғандай күй кештік.

 «Осы жиған-тергенім менің бар байлығым. Мен өзімді өлкетанушымын деп есептеймін. Әр заттың сыры бар. Мен үшін аса қымбат. Мені іздеп келіп, «байлығымды» көргісі келетін жандар болса, есігіміз әрқашан ашық. Осы жәдігерлердің бәрін сатып алмақшы болып, ақша ұсынғандар да бар. Бірақ мен бұл заттарды сатпаймын да, музейге де бермеймін. Бұл – менің еңбегім. Артымда ұрпағыма қазына болып қала бермек», – деп ағынан жарылды өлкетанушы әрі бүгінгі байқаудың жеңімпазы.

Осындай көңіл-күймен шыққан біз бас бәйгені алған Татьяна Савинаның ауласына аяқ бастық. Кірген бетте көргеніміз – гүл әлем. «Гүлдер, гүлдер, көп гүлдер,
Қызыл гүлдер, көк гүлдер» деп әндете кеткің келеді.
Иә, аулаға кіре салысымен үй маңындағы жайқалған гүлдер таңғажайып әлемнің тамшысындай көрінді. Гүлдерге қарап көз қуанып, ерекше сезімге бөленесің. Лала гүлдің сан түсі мен хош иісінен бас айналатындай. Айналаның бәрі де жайқалып тұр. Татьяна Александровна кәсіпкер. Саудамен айналысады. Онымен қоса гүл өсіргенді жақсы көреді. Өз ісінің ғана емес, гүл өсірудің де майталманы болып үлгерген.

«Гүл де берекелi жерде тамыр жаяды. Оған да жылы сөз, жылы қабақ, тыныштық керек. Ол да адам секiлдi тiрi. Тек сөйлейтiн тiлi жоқ», – дейді ол.

Айналасын гүл мен берекеге толтырған, әсемдік сыйлаған Татьяна Савина «Үздік аула» байқауының бас жүлдесін иеленуге лайықты еді. Байқауды «Ақ жол» партиясы мен Қостанай облысының әйелдер күштері Альянсы қолдап, демеушілік білдірді. Әр жеңімпаз Алғыс хат пен ақшалай сыйлыққа ие болды.

Міне, тап-тұйнақтай мекеннің көркіне көз тоймайды. Аға ұрпақ өкілдерінің берекелі тірлігін жарасымды жалғастыра білген ауылдықтар алтын бесік туған жерін мұнтаздай таза ұстайтынына риза болдық. Бірлігі жарасқан, тірлігі бекем көп ұлтты мекеннің бүгінгі тыныс-тіршілігі қысқаша айтқанда осындай.

 

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суреттерді түсірген – Ернұр ӘУЕЗХАН

Қостанай ауданы

Жаңалықтармен бөлісу