Астана қаласында жерлестеріміз Анастасия Кравченко мен Жұпар Дүйсековалар «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпаздары атанды.
Биыл конкурс қорытындысы бойынша 3 млн теңгеден 30 грант табысталды. Грант «Ғылым», «Мәдениет», «Ақпараттық технологиялар», «Бизнес» және «Медиа» бағыттары бойынша мемлекетіміздің үздік 30 жобаның жас авторларына берілді.
Белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған ұсыныстарды мемлекеттік қолдау үшін аталған грант жыл сайын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2021 жылдан беріліп келеді.
Алғашқы ұйымдастырылған жылы Қостанай облысынан Эдар Бейсенов «Бизнес» бағыты бойынша жеңімпаз атанған еді. Жас ғалым «Биологиялық ыдырайтын материалдан ыдыс-аяқ әзірлеу» жобасын байқауға ұсынған болатын.
Осы жолы «Бизнес» номинациясында Анастасия Кравченко «ETNOBOTANICA» Эко өнім өндіру және сату» және «Медиа» номинациясында Жұпар Дүйсекова «Ерекше балалар Сиблингтері» жобаларын апарды.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева грант иегелерін құттықтады:
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың дамуына, оларға жаңа және ауқымды мүмкіндіктер ашуға ерекше көңіл бөледі. Бар үмітіміз – еңбек пен білімнің жолымен жүретін, адамдық қадір-қасиеттің мәнін терең түсінетін, ата-баба дәстүрін қастерлейтін жастарда. Бүгінгі берілген грант – сіздердің табандылығыңыз бен талантыңыздың, қажырлы еңбегіңіз бен адалдығыңыздың, қоғам үшін маңыздылығыңыз бен өз әлеуетіңізді мойындауыңыздың сыйы», – деді министр.
Тоғжан Әбдуалиева,
А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ 3 курс студенті.