Келер жылы өңірдегі 280 ауылдың көшелері жөнделеді

Келер жылы өңірдегі 280 ауылдың көшелері жөнделеді

Биыл  облыстағы 94 елді мекенде 533 шақырымнан астам жергілікті маңызы бар автожолдар мен 299 көше жөнделді. Бұл туралы облыстық  жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Сейдахметов  журналистермен өткен баспасөз мәслихатында айтты. Барлық жол жөндеу жұмысына  бюджеттен  21,1 млрд теңге бөлінген. Бүгінгі таңда 57 жобаның ішіндегі 46 учаскеде  құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Қалған 11-і алдағы жылы пайдалануға берілетін болды.

Ресей Федерациясына шығатын (жалпы құны 3 млрд теңге) облыстық маңызы бар Әйет – Варваринское – облыс шекарасы автожолының учаскесін қайта жаңарту бойынша ірі жобаны іске асыру аяқталды. Бұл жоба облыстың көлік-логистикалық әлеуетін оңалтата түседі. Яғни,  автожолдың сипаттамаларын III техникалық санатқа дейін арттырды.

“Облыс орталығын Жанкелдин, Аманкелді ауданымен және Арқалық қаласымен байланыстыратын жалғыз көлік дәлізі – ұзындығы 50 шақырымдық  “Әулиекөл-Жалдама” тас жолының  соңғы учаскесін орташа деңгейде  жөнделді.  Осылайша, биыл  құрылыс-монтаждау жұмыстарының қорытындысы бойынша облыстық және аудандық маңызы бар көлік  жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 87% – ке  жетті. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы көше-жол желісінің үлесі 56% – ке дейін жақсарды”,– деді басқарма басшысының міндетін атқарушы Болат Сейдахметов.

Келесі жылы жергілікті маңызы бар мың шақырымға жуық көлік жолдарын, сондай – ақ,  ауылдардағы  280 көшені  жөндеу жоспарланған. Бұған  шамамен 48 млрд теңге бөлінбек.

Әлібек ЫБЫРАЙ

 

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу