Глебов ауылында су құбыры тартылуда

Глебов ауылында су құбыры тартылуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алыстағы елді мекендерді орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамтуға ерекше екпін қойған болатын. Осы мақсатта Денисов ауданының Глебов ауылында заманауи су құбыры жүйесінің құрылысы жүріп жатыр.

Жоба аясында Жітіқара ауданындағы Ырсай ауылынан ұзындығы 4,8 шақырым болатын магистральды су құбыры тартылып, ауыл ішіне ұзындығы 9,4 шақырым болатын құбыр жүргізілмек.

Нәтижесінде 14 шақырымнан астам су құбыры тартылып, тұрғындар сапалы ауыз сумен қамтылады.

blank Глебов ауылына тартылып жатқан су құбыры Ырсай ауылындағы сумен жабдықтау кешені арқылы жеткізілмек. Осы мақсатта биылғы жылдың наурыз айында құрылыс жұмыстары басталды. Келісім-шарт  құны  1 066,3 млн.тенге.

blankҚаражат республикалық және облыстық бюлджеттерден бөлінген. Жүзеге асу мерзімі 2024-2026 жылдарға жоспарланған. Бас мердігері «Костанайсельхозводопроводстрой» ЖШС.

blank

Глебов ауылының кіре берісінде 2-көтерілімдегі насос станциясына қосымша екі сорғы қондырғысы орнатылды. Жобаны іске асыруға 558,9 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді, оның ішінде 503,0 млн теңге республикалық бюджеттен бағытталған.

«Су құбырының құрылысы 2025 жылдың наурыз айында басталды. Тамыздың аяғына қарай жұмысты толық аяқтап, нысанды іске қосамыз. Қазіргі уақытта 4800 шақырымға магистральды су құбыры тартылды. Ауыл ішінде 9 мың 392 метр тарату желілері жүргізілді. Жұмысшылар резервуарларды орнату және желілерді үйлерге тарату шаруаларымен айналысуда.  Резервуар орнатуға сегіз адам, ауыл ішіндегі жұмыстарға бес адам жұмылдырылған. Нысан іске қосылған соң жаңа жұмыс орындары құрылып, азаматтарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етеміз», – деді Глебов ауылының әкімі Рамазан Тұрғанов.

Глебов ауылы аудан орталығынан отыз шақырымай жерде жатыр. Мұнда барлығы 463 тұрғын, 163 аула бар. Соның ішінде 155 үйге биыл сапалы ауыз су барады. Бүгінде осы мақсатқа 126 құдық қазылған. Ауыз су Жітіқара ауданындағы Ырсай ауылынан тартылатынын еске саламыз. Ауыл халқы осы күнге дейін суды 90 жер асты ұңғымасы мен 3 құдықтан алып, пайдаланып келді. Тұщы суға шөліркеген тұрғындар жаңа жобаның тезірек іске қосылғанын қалайды.

blank

«Суды баяғыдан құдықтан аламыз. Биыл құбыр тартып жатыр. Қуанышымызда шек жоқ. Көптен күткен жоба ғой. Қыс түспей суды үйге кіргізіп алсақ жақсы болар еді», – деді ауылдың байырғы тұрғыны Рахымжан Егінбаев.

 

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суреттерді түсірген – Жанель ҚҰТТЫБАЙ

Суреттерде: Глебов ауылының әкімі Рамазан Тұрғанов, ауыл тұрғыны Рахымжан ағай, құрылыс алаңындағы қызу тірлік

Дерисов ауданы