24 мая, 2025
Ғылым және технологиялар жөніндегі өңірлік кеңес – өміршең жобалардың ұйытқысы

Ғылым және технологиялар жөніндегі өңірлік кеңес – өміршең жобалардың ұйытқысы

Жаһандану мен технологияның қарқынды дамуы өз жағдайларын белгілейтін қазіргі әлемде ғылым мен технология аймақтың өмір сүру сапасы мен әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын анықтайтын негізгі факторға айналуда. Ғылыми жетістіктер инновациялық өндірістерді құрудың, бәсекеге қабілеттілікті арттырудың және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізі болып саналады.

Өңірлерді ғылыми-технологиялық дамытудың маңыздылығын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес отырысында өңірлік ғылымды жандандыру міндетін қойған болатын. Мемлекет басшысы әр өңір индустриясының технологиялық міндеттерін шешу, мемлекет, ғылым мен бизнестің тығыз өзара іс-қимылы арқылы ғылыми-техникалық прогрестің келісілген көзқарасын әзірлеу қажеттігін атап өтті.

Қостанай облысында ғылыми саланы дамыту және озық технологияларды енгізу бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде.

Қостанай облысында 6 ғылыми ұйым бар: Қарабалық ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы, «Заречное» ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы, Арқалық ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы, Қостанай ғылыми-зерттеу станциясы, Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты, агроинженерия ғылыми-өндірістік орталығы.

Облыстың жоғары оқу орындарының базасында екі ғылыми-зерттеу институты жұмыс істейді: Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің базасындағы қолданбалы биотехнология ғылыми-зерттеу институты, онда биологиялық зерттеулер жүргізіліп, жоғары білікті мамандар оқытылады және ақылы диагностикалық қызметтер көрсетіледі; Академик Зұлқарнай Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университеті базасындағы «Экономика және құқық» ғылыми-зерттеу институты экономика және құқық саласында іргелі, қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізуге маманданған.

Маңызды жобалардың бірі – А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ базасында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған ғылыми-техникалық бағдарламаны іске асыру жобасы. Қаржыландыру көлемі 4 млрд теңге болатын мегагрант мәртебесін алған бұл бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы өндірісі, экологиялық мониторинг, ауыл шаруашылығы машина жасау және тамақ өнімдері мен шикізат қауіпсіздігіне сараптама салаларында ғылыми-зерттеу және технологиялық орталық құру жоспарлануда.

Өңір жоспарларын табысты іске асыру үшін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің базасында өңірлік «Smart-орталық» құрылды, ол өндірісті цифрландыру, технологиялар трансферті, идеяларды коммерцияландыру саласында бизнестің, ғылымның және қоғамның күш-жігері мен мүдделерін біріктіруді қамтамасыз етеді, ауыл шаруашылығы саласында мамандарды оқытуға және кадрлар даярлауға ықпал етеді.

Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінде «QAZBILIM QOSTANAY», «QAZBILIM» орталық» және «Айсұлтан» жобалары аясында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізілуде.

Рудный индустриалды университеті энергия үнемдеу технологиялары, болатты термомеханикалық өңдеу және қалалардағы жауын-шашынды басқару бойынша зерттеулер жүргізеді. М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университеті Жан Моне «Баламалы энергетика саласындағы ЕО озық тәжірибе орталығы» бағдарламасы бойынша «Erasmus+» халықаралық жобасына қатысады.

Академик З. Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінде басқаруды оңтайландыру, маркетингтік стратегияларды әзірлеу, өнім сапасын жақсарту және экологиялық кеме отындарын өндіру салаларында бизнес кәсіпорындары қаржыландыратын ғылыми зерттеулер табысты жүзеге асырылды.

Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және экономиканың басқа салаларын заманауи ғылыми жетістіктерді енгізбей ілгерілету мүмкін емес деген қағида Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылған бастамаға негіз болды. Облыс әкімдігі ғалымдармен және бизнес өкілдерімен бірге өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, ғылымды дамытудың басым бағыттарын айқындап берді. Осы ретте, ғылым және техника жөніндегі аймақтық кеңестің құрылуы маңызды қадам болды.

Кеңес құрамына жоғары оқу орындары, ғылыми ұйымдар мен ірі кәсіпорын өкілдері енгізілді, бұл аймақ алдында тұрған мәселелерді кешенді түрде шешуге мүмкіндік береді. Бұл ғылым, бизнес және үкімет арасындағы диалог пен ынтымақтастықтың бірегей алаңын жасайды.

2024 жылдың қазан айында Кеңестің бірінші отырысы өтіп, онда ғалымдар тарапынан ауыл шаруашылығынан бастап инновациялық технологияларға дейінгі әртүрлі сала бойынша он ғылыми жоба ұсынылды. Талқылау барысында аталған жобаларды жүзеге асыру жолдары және оларды одан әрі коммерцияландыру туралы мәселе қозғалды.

Ғылым және технологиялар жөніндегі өңірлік кеңестің құрылуы Қостанай облысын инновациялық және технологиялық көшбасшылық өңірге айналдыру жолындағы маңызды қадам болып саналады. Кеңес ғылымды дамытудың ұйытқысы болу, ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуді ынталандыру және, сайып келгенде, облыстың барлық тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруды көздейді.

 

Арман ӘБЕНОВ,

Қостанай облысы әкімінің орынбасары