Бүгін қарт майдангер, мәдениет саласының қайраткері, ардагер журналист, Қостанай облысының құрметті азаматы Қасымхан Алдабергенұлының жүз жасқа қадам басқан туған күніне орай «Ғибратты ғұмыр» атты кездесу кеші өтті.
Қазыналы қарияның құрметіне арналған іс-шара қонақтары І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрына жиналды. Облыс басшылығы, зиялы қауым, мәдениет ұйымдарының, білім беру мекемелерінің өкілдері, өзі ширек ғасыр қызмет еткен облыстық «Қостанай таңы» газетінің ұжымы және оқушы, студент жастар орта толтырды.
«Өмір – бәйге. Алдыма, маңайыма қараймын, ешкім көрінбейді. Дара шауып келе жатқан сияқтымын. Дегеменмен өзгеден басқа өмір кешкен жоқпын. Ғасырлым ғұмырым осы өңірде өтіп келеді. Халқым не көрсе, заманның жақсы-жаманын бірге кешіп келе жатырмын. Тәңір қуа беріп, орталарыңда жайраңдап жүрсем, ол өздеріңнің тілектерің шығар. Бүгін мені құрметтеп келіп жатқандарыңа алғыс айтамын, қалқаларым. Менің жасымды берсін!» – деп әңгіме әлқиссасын бастады сахнаға көтерілген атамыз.
Ардақты ақсақал жиылған қауымға ақ батасын берді. Бұдан соң лебіз-тілектер тиегі ағытылып, іс-шараның басты меймандары ақсақалға құттықтау айтып, сый-сияпаттарын тарту етті.
«Қаншама қиындық, соғыс зұлматын көрсеңіз де бүгілмей, еңсеңізді биік ұстап, елмен бірге жасап келесіз. Ортамызда асқар таудай болып, тағылымды әңгіме айтып, өнегелі өсиет шертіп отырасыз. Осы жасыңызда барлық рухани іс-шараға қалмай қатысып жүресіз. Қоғамға сіңірген еңбегіңіз ұшан-теңіз. Барлық бейнеттің зейнетін көре беріңіз. Қажыр-қайратыңыз таусылмай, халық алдында жарқырап жүре беріңіз!» – деді облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали.
Ол мерей иесіне облыс әкімі Қ.Ақсақаловтың құттықтау хаты табыстап, иығына шапан жапты. Атамыздың өмірлік серігі, асыл жары Шолпан апаға да сый-құрмет көрсетілді.Облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметов, Қазақстанның құрметті журналистері Жайберген Болатов пен Жанұзақ Аязбековке сөз берілді. Кеш тізгінін ұстаған белгілі өнерпаз Қыдырбек Қиысхан мерей иесімен тағылымды сұхбат жүргізді. Көкірегі көмбе ақсақал руханият, ұлт өнері, мәдениет төңірегінде тереңнен ой толғады. Таяуда ғана арнайы жасатылып, сыйға тартылған домбырасын қолға алып, өткен ғасырдағы айтыстарынан үзінді орындап берді. Өзі шығарған «Тракторшы қарындасқа», «Райхан» сияқты авторлық әндерін шырқап, көрерменнің қошеметіне бөленді. Сахна экранынан атамыздың «Алтын қорға» жазылған кесек туындыларынан үзінділер қойылды. Келелі кеште өңір өнерпаздары да ән мен күйден шашу шашты.
Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ