Федоровтық кәсіпкер әйелдердің өнімі де, көңілі де таза

Федоровтық кәсіпкер әйелдердің өнімі де, көңілі де таза

Ауылдағы кәсіпкер әйелдің қаладағылармен салыстырғанда істейтін жұмысы екі есе. Бала-шаға күтімі, үйдегі, сырттағы шаруалар, бау-бақшасы тағы бар. Бірақ сөйтіп жүріп, барлығына үлгереді. Олардың тұлға ретінде өзін дамытуға, көрсетуге мүмкіндік жасалуы керек. Соны ескерген «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесі Федоров ауданында облыстық деңгейде бизнес-форум өткізді.

 Іс-шарада өңірімізде сүбелі еңбек етіп, ел бизнесіне елеулі үлес қосып жүрген нәзік жандылар бас қосты.

Форум аудан орталығында орналасқан «Тәуелсіздік» алаңындағы жәрмеңкеден басталды. Онда кәсіпкер әйелдер өнімдерін халық назарына ұсынып, пікірлерін тыңдады. Алыс-жақын жерден жиналған шағын және орта бизнес өкілдерінің мақсат-мүддесі біреу: өзара ынтымақтастық орнату, елге пайда тигізу.

Қарабалықтан келген Ирина Токарева осы форумнан үйренерім көп деп келіпті. Ол «Атамекеннен» арнайы курс оқып, кәсібін бастаған.

«Кәсіппен айналысып келе жатқаныма биыл сәуір айында бір жыл болды. Былтыр «Атамекен» курсын бітірдім. Сосын өз бетімше ізденіп, сүттен ірімшік жасау жолымен таныстым. Қазір жұмысымыз жақсы жүріп жатыр. Форуға келген қонақтар өнімдеріміздің дәмін татып, мақтау тілектерін білдірді. Бұның бәрі бізді қанаттандырады. Бәрін өз қаражатымызға аштық. Бірақ ісімді кеңейту үшін грант алғым келеді. Кәсібіміздің атын «BORLI cheese» деп қойдық. Қарабалық ауданына қарасты Бөрлі ауылында тұрамыз. Ауылымыз өте жайлы. Кәсіппен отбасымыз түгел айналысып отыр десем болады. Үлкен ұлым Астанада тұрады. Ол сол жақтан тапсырыс берушілерді табады. Сөйлесіп, ірімшіктерді сатады. Маған көмектесу үшін Челябіден апам келді. Көбі маған «неге сиыр ұстамайсыңдар?» деп жатады. Шыны керек, сиыр болған жақсы ғой. Дегенмен жұмысымыз екі есе ауырлай түседі. Ірімшік дайындаудың өзі үлкен күш пен еңбекті талап етеді. Одан көршімізден сатып алғанымыз тиімді», – дейді Ирина Токарева.

Келелі іс-шара арнайы ұйымдастырылған концерттік бағдарламамен жалғасты.

 

Федоров аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары меймандарға арнап өнер көрсетті.

Сонымен қатар, бұл форумға аудан әкімі Тәуба Исабаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров, «Центр Кредит» банк филиалының директоры Серік Тәукебаев, облыстық «Атамекен» іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Елена Венгрская қатысты.

Жаркөл өңірінде кәсіпкерлік жолында жүрген әйелдер аз емес. Осы жөнінде аудан әкімі Тәуба Исабаев мәлімет берді.

«Жаппай кәсіпкерлікті дамыту мәселесі қазіргі таңда ең маңызды жұмыстардың бірі болып отыр. Өйткені шағын және орта бизнес бірте-бірте ел экономикасының белсенді базасын қалыптастыруда, бюджетті толықтырып келеді. Соның нәтижесінде ауылдық жерде жұмыссыздық мәселелері шешіліп жатыр. Біздің ауданның өзінде 1407 кәсіпкерлік субъекті жұмыс істейді. Оның ішінде 203-ін әйелдер басқарады. Яғни олардың бизнесегі үлесі – 25%. Мемлекет басшысы атап өткендей, енді кәсіпкерлердің жаңа толқынын дайындау басты назарда болмақ. Сондықтан мемлекет ұлттық жобалық бағдарламалар арқылы дамуға қолдау көрсетеді. «Еңбек» бағдарламасы аясында 2017-2023 жылдар аралығында түрлі салаға 800 миллион теңгеден астам сомаға 270-ке жуық несие берілді. Оның ішінде тек 2022-2023 жылдары әйелдер 63 миллион теңгеден астам 16 несие алған», – дейді аудан әкімі.

Сондай-ақ, жаңа бизнес-идеялар мен стартаптарды жүзеге асыруға 80 миллион теңгеден асатын 140-тан астам грант үлестірілген. Мұндай жұмыс әйелдер кәсіпкерлігін дамытып қана қоймай, халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.

Мәселен, 2019 жылдан бері ауданда атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың саны едәуір азайған. Екінші тоқсанда Федоровта осындай санатқа жататын бір ғана отбасы анықталған көрінеді.

Іс-шараға арнайы келген ҚР Мәжілісінің депутаты, «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров форумның маңызы зор деп біледі. Себебі әйелдердің кәсіпкерлікке келуі – заман талабы.

«Ауылдағы әйел кәсіпкерлердің жұмысы қаладағыларға қарағанда ауыр деуге болады. Бірақ қаладағыдан кем түспейтіндей еңбек қарқынын көрсету шынайы қайсарлық пен төзім, жұмысқа деген жауапкершілікті көрсетіп келеді. Еліміздегі ауылдардың қаймағын бұзбай ұстап тұрған әйелдер. Жәрмеңкедегі барлық өнімді қарап, кейбіреулерінің дәмін таттым. Шынымен де бөлек. Таза, табиғи ауылдың өнімдері», – дейді Айдарбек Ходжаназаров.

Кәсібін дамытып, әрқашан дамуды қолдайтын әйелдерді көрсету, олардың атқарып жүрген жұмыстарын, адал еңбегін елге таныту. Форумды ұйымдастыршылар осыған үлкен мән берілгенін айтады.

«Облыстың түкпір-түкпірінен қатысуға ниет білдірген барлық іскер әйел осы форумға жиналды. Қырыққа жуық қатысушы өнімдерін әкелді. Оның ішінде азық-түлік, қолөнер шеберлері, кондитерлік өнімдер бар. Жалпы шағын және орта бизнес өкілдері жақсы біледі, кәсіпкерлікпен айналысу оңай емес. Себебі тұтынушы табу, бастаған кәсіпті жүргізу әйел адамға қиынға соғады. Ал бұл форум арқылы кәсіпкерлер жаңа таныстық пен ынтымақтастық орнатады», – дейді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Федоров аудандық филиалының басшысы Лидия Костенко.

«Білетінім – бір тоғыз, білмейтінін – тоқсан тоғыз» деген ұстанымды жанына серік еткен ханымдар алдағы уақытта бір-бірімен тәжірибе алмасып тұруға уағдаласты. Іс-шара соңында белсенді әйелдерге арнайы Алғыс хат табысталды.

Бейбіт НҰРМҰХАНОВ

Суреттерді түсірген – автор

Федоров ауданы

 

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу