Федоров ауданының ісі ілкімді, көрсеткіші көлемді

Федоров ауданының ісі ілкімді, көрсеткіші көлемді

Федоров ауданы облыстағы табысты өңірлердің бірі. Мұндағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жайқалтып егін егіп, мыңғыртып мал өсіріп отыр.

Өнім өңдейтін бірнеше кәсіпорын тұрақты жұмыс істеп тұр. Соның арқасында өңірдің табысы жыл озған сайын орта түсіп көрген емес. Қысқасы, экономикасы қуатты, әлеуметтік жағдайы оңды. Өткен бес айдың бедерінде аудан бес млрд. теңгенің өнімдерін өндірген. Бұл әрине, өткен жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда сәл төмен. Дегенмен, аудан әкімі Тәуба Исабаевтың айтуынша, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш еселене түспек.

Теріскейдегі түлік өсірушілер мал шаруашылығын дамытуға ниетті. Мәселен, қазірдің өзінде өңірде төрт инвестициялық жоба қолға алынған. «Бүркіт» ЖШС-і 250 бұзауға лайықтап заманауи қора-қопсы салмақ. «Тұрар» ЖШС-і де 350 басқа арналған бұзауқораның құрылысын бастады. Ал, «Олжа-АлтынИнвест» ЖШС-і жылына жеті мың тонна сүт өндіруге қауқарлы сүт-тауарлы фермасын салуға бекініп отыр. Жоба құны 3,8 млрд теңге.

“Өздеріңіз білесіздер, «Бүркіт» ЖШС ферма құрылысын аяқтап, шетелден 300 қара мал сатып әкелді. Енді биыл Баннов ауылында «Олжа-Алтын Инвест» ЖШС-і 600 ірі қараға арналған сүт-тауарлы фермасының құрылысын салады. Ол үшін жобалық-құндық құжаты әзірленіп, тиісті жер телімі бөлінді. Ұңғыма қазылды. Алдағы уақытта да мұндай ауқымды жобаларды қарастырамыз. Өйткені, өңірде мал аруашылығын дамытқысы келетін шаруалардың қатары жылдан-жылға көбейіп келеді,-дейді аудан әкімі.
Әрине, малға беретін жем-шөп те жеткілікті болуы шарт. Тәуба Исабаев биыл аудан бойынша 50 мың тонна шөп жинау міндеті тұрғанын айтады. «Топырақтың ылғалы мол. Сондықтан, шөп те жақсы шықты. Қазір шаруалар жем-шөп әзірлеу науқанына кірісті. Күзге дейін екі жылдық қор жинап алуды міндеттеп отырмыз. Ірі серіктестіктер, шаруа қожалықтары өздеріне қажетті мал азығының артығын тұрғындарға арзан бағамен сатады. Кейбірі өз жұмыскерлеріне тегін береді. Бұл жылдағы қалыптасқан үрдіс», – дейді аудан басшысы.

Жалпы, Федоров ауданы соңғы жылдары егіс алқаптарын әртараптандыруға нақты көңіл бөліп отыр. Оның ішінде дәнді дақылдармен қоса мал азығын молырақ әзірлеуге пейілді. Биыл жергілікті диқандар 15 мың гектардан астам алқапқа жем-шөп дақылын екті.
Аудан әкімі халықты сапалы ауызмен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын айтады. Мұнда әзірге он үш ауыл немесе тұрғындардың 29,5%-і орталықтандырылған су құбырының рақатын көріп отыр. Биыл енді Ленин, Заозерное, Новошумное, Александрополь, Кравцово, Лесное және Березов тәрізді жеті елді мекенге су құбыры тартылады. Сонда жыл соңына дейін аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту үлесі 89,6%-ке жетпек. Федоров ауданында бұдан басқа ауылдар арасын жалғайтын жолдарды асфальттау, ауыл көшелерін жөндеу, жарықтандыру мәселелері күн тәртібінде тұр.

“Ауылдарды дамытып, ондағы халықтың тұрмыстық әл-ауқатын арттыруға баса назар аударып отырмыз. Негізі, ауылды дамытпай, шаруа ілгерілемейді. Қарапайым еңбек адамының тұрмысы түзік болса ғана, еңбек өнімділігі артады. Екіншіден, кейінгі кезде ауылда мамандар тапшылығы байқалады. Сырттан қажетті мамандарды тарту үшін, оларға мемлекет жәрдемінен бөлек, нақты жағдай жасалуы тиіс. Мемлекеттік бағдарлама арқылы ауылдарға баруға мүдделі жас мамандардың басым бөлігі бақуатты өңірлерді таңдайды. Яғни, ауылдарда медпункт, балабақша, демалыс орны тәрізді әлеуметтік нысандар жұмыс істесе, сапалы жол, ауыз су, интернет болса, ондай жерден ешкім сырт айналмасы хақ”, – дейді Тәуба Исабаев.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Жаңалықтармен бөлісу