Федоров ауданында медицина мамандарына арналған баспана салынып жатыр

Федоров ауданында медицина мамандарына арналған баспана салынып жатыр

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Федоров ауданына барған сапарында тұрғын үй құрылысының барысымен танысты. Жақында аудан орталығында  24 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Қазіргі уақытта ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл үйдегі пәтерлердің жартысы медицина қызметкерлеріне арналған.

            – Үйдің жалпы ауданы 1647 шаршы метрге тең. Мұнда 12 үш бөлмелі және 12 бір бөлмелі пәтер бар. Бір шаршы метрдің құны 222 мың теңге. Қазір несиеге 1529 шаршы метрлік  тағы бір үй салынып жатыр. Онда барлық пәтер екі бөлмелі болады,

– дейді Федоров ауданы әкімінің орынбасары Карина Мұратова.

            – Бұған дейін он үш дәрігерге пәтер бердік,

– деді Тәуба Исабаев.

– Қазір біз дәрігерлерге үйдің бір бөлігін  береміз. Көп балалы  отбасыларға да пәтерін кеңейтуге  мүмкіндік бар. Жастарға бір бөлмелі бөлмелер беріледі. Бас дәрігермен бірге мамандар тізімі жасалды. Барлығын бақылауда ұстап отырмыз.

– Мемлекет басшысы бізге тапсырғандай, “Отбасы банкімен” ынтымақтастықты тек қалаларда ғана емес, аудан орталықтарында да өрістету өте маңызды. Аудандарда салымшылар пулын жинау керек. Жұрт ауылдың дамитынына сенімді болуы керек,

– деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

            – Ауданда “Отбасы банкінде”1000-ға жуық салымшы бар. Олардың арасында аудан орталығында баспана алғысы келетіндер аз емес. Біз несиелік  үй салуды бастады.  Халық тапсыру мерзімін асыға күтіп жүр,

– деді Тәуба Исабаев.

Айта кету керек, бүгінде ауылдық жерлерде облыс халқының 37,8% – ы тұрады. Бұл 313,8 мың адам деген сөз. Қазіргі таңда ауылдық жерлерде 82 медицина маманы жетіспейді.  Дәрігерлерді ауылдық жерлерге тарту үшін 5 млн теңге көлемінде көтерме ақы төленеді. Сондай-ақ, облыстың барлық өңірінде 69 пәтер сатып алуға және 7 үй салуға 2,1 млрд теңге бөлінген.

          Әлібек ЫБЫРАЙ

  Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

Жаңалықтармен бөлісу