Бүгін редакциямызға «Қостанай таңы» оқырмандарының онлаин ұтыс ойынының иегері Светлана Настенко Лисаковтан арнайы келді. Ұтыс иегеріне «Қостанай таңы» газетінің директор-бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы демеушіміз «Еуразия банкі» ұсынған қолшатырды табыс етті.
Светлана Настенко тоғыз жылдан бері Лисаков қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы болып еңбек етеді. Өмірінің қырық жылын радио саласына арнап, «Рауан» әуе толқынында шағын кенттің айтулы жаңалықтарын тыңдармандарына тарту еткен жан, сол ұжымға бірнеше жыл жетекшілік жасады.
«Өмірде әкемнен үлгі алдым. Әкем Георгий Болотов қазақ тілін жақсы білетін. Газет беттеріне бірнеше материал жариялап, қоғамға арқау етті. Облыстық газетті жаздырып алып, оқушы еді. Өзім содан машықтанып, журналистика саласына келгенде жиырма бестен енді асқан кезім екен. Содан бері қырық жыл зулап өтіп кетті. «Қостанай таңы» газетінің бүгінгі бастамасына ризамын, болашағы бар басылым», – дейді Светлана Настенко.
Суретерді түсірген Бағдат Ахметбеков