Эссе байқауының жүлдегерлері анықталды

Эссе байқауының жүлдегерлері анықталды

«Қостанай таңы» газеті  Халықаралық Әйелдер күні мерекесіне орай ұйымдастырған облыстық «Мың алғыс саған, анашым» эссе байқауы қорытындыланды. Оқушылар мен студенттер арасындағы шығармашылық сынында үміткерлердің үздіктері анықталып, демеушілеріміз тағайындаған сый-сияпатқа ие болды.

Байқауға ұзын саны жиырмадан астам жұмыс келіп түсіп, олардың ішінен талапқа сай келетін 15 эссе іріктеліп алынған еді. Бұл жобада мектеп оқушыларының ерекше белсенді болғанын айта кету керек. Бір ғана Жамбыл жалпы білім беретін мектебінің бес тәлімденушісі шығарма жолдады. Аманкелді, Жанкелдин, Қарабалық, Федоров, Жітіқара аудандарының оқушылары да ерекше көзге түсті. Үздік эссені қазылар алқасы саралап, жүлделі үш орынға лайық қатысушыны анықтады. Жүлдегерлерді марапаттауға арналған рәсім редакцияда өтті.

«Қостанай таңы» газеті қашанда мемлекеттік тілді қолданыс аясын кеңейту міндетін алдыңғы кезекке қояды. Бұл байқаудың басты мақсаты да сол болатын. Сондай-ақ, әрине, кез келген шығармаға аналардың үнемі арқау болатыны да сөзсіз. Жастарымыз эссе жазу арқылы үздіктен үміткер болуға ғана тырысқан жоқ, өздерінің аяулы аналарына деген ыстық ықыласын жеткізуге, өздерін оқырмандарымызға таныстыруға мүмкіндік алды. Атсалысқандарыңызға көп рахмет! Біздің газеті әр мереке сайын қызықты байқаулар өткізуді үзбей жалғастырып келеді. Алдағы уақытта да түрлі жобалардың тұсауы кесілетін болады», – деді газеттің бас редактоыр Кенжеш Оразғалиқызы.

Келіп түскен жұмыстарға баға берген комиссияның да айтары бар. Әріптесіміз, белгілі журналист, қазылар алқасының төрағасы Әлібек Ыбырай оқушыларымыз алдағы уақытта шығарма жазуға барынша жауапкершілікпен қараса деген тілегін жеткізді.

«Қоржынға түскен эсселерді бастан-аяқ оқып шықты. Кейбір үміткер оқушының талабына сүйсінгенімізбен, кемшілік те аз болған жоқ. Шыны керек, көптеген эссенің мазмұны, сөз қолданысы, тіпті көлеміне дейін біркелкі болып кеткен сияқты. Ана ұғымын сипаттап беруден әрі аспаған шығармалар бар. Өздеріңізге ғана белгілі, аналарыңызды басқалардан ерекшелейтін детальдерді негізге алғандарыңызда әлдеқайда қызықтырақ болар ма еді. Дегенмен ең жақсы деген эсселерді таңдап алдық. Олардың әрқайсысы марапатқа лайық», – деді Ә.Ыбырай.

Сонымен, осы байқаудың 1-орыны Қостанай қаласындағы №28 мектептің 8-сынып оқушысы Айым Әбдуғалиеваға бұйырды. 2-орынға Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ 1-курс студенті Мәдина Сапар лайық деп танылды. 3-орынды байқауға Қарабалық ауданының атынан қатысқан 18 жастағы Наиля Исмаилова иеленді. Сондай-ақ, бес бірдей оқушысы эссе жазып, белсенділігімен көзге түскені үшін Жамбыл ЖББМ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүләлем Есхалиеваға Алғыс хат табыс етілді.

Жүлдегерлерге «Глория» мейрамханасы, Орталық әмбебап дүкеннің «Шаңырақ» бутигі және «Хеппи Кейк» кондитерлік дүкенінің басшылығы тағайындаған бағалы сыйлықтар табыс етілді. Осы орайда демеушілерімізге зор алғыс білдіреміз!

Естеріңізге сала кетейік, қазіргі уақытта «Қостанай таңы» газеті Ұлыстың ұлы күні қарсаңында «Шебердің қолы ортақ» атты облыстық байқау өткізіп жатыр. Материал қабылдау 17 наурызға дейін жалғасады.

Жаңалықтармен бөлісу