Есірткі қойып кетумен айналысқан қыздардың ісі сотта қаралып жатыр

Есірткі қойып кетумен айналысқан қыздардың ісі сотта қаралып жатыр

Қостанай қалалық қылмыстық істер жөніндегі сотта синтетикалық есірткіні жасырын қойып кетумен айналысқан он тоғыз жасар екі қыздың ісі қаралуда. Оларға синтетикалық есірткінің аса ірі мөлшерін тасымалдап және сақтап, таратқаны үшін айып тағылып отыр. Екі қыз да кінәларын мойындады.

Қаладағы колледждердің бірінде білім алған айыпталушылар А.Савостьянова мен А. Антипенко осы жылдың қаңтарында сабақ үлгерімінің нашарлығынан үшінші курсқа келгенде оқудан шығарылған. Құрбылар қалада пәтер жалдап тұрған. Айыптау актісіне сүйенсек, А.Антипенко құрбысын есірткі жасырумен айналысуға көндірген. Белгілі бір мекен жайға жасырғаны үшін олар 1000-1500 теңге ақша тауып отырған. Айыпталушылар бұндай іске тұрақты табыстың болмауынан барғанын айтады. Сондай-ақ, олар бұл іспен 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап айналысқан. Қыздардың ұялы телефонында қайда жасырып отырғанын айғақтайтын фотосуреттер сақталған (тұрғын үйдің кіреберістеріне, жылу батереяларына, баспалдақ бұрышына, пошта жәшігіне…).

Сотта қыздардың жалдамалы пәтерінде тінту кезінде түсірген бейнежазба көрсетілді. Пәтерде электронды таразы, арнайы ыдыстар мен бояғыштар, 200 грамм есірткі және 9,54 грамм марихуана табылды. Сарапшылар тінту кезінде қыздардан есірткі тұтыну белгілерін анықтамаған.

Сот қылмыстық істің жазбаша материалдарын зерттеп, 13 қыркүйек күні куәгерлерден жауап алуға кірісті. Алғашқы куәгер – №4 бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Жанар Сүлейменова. Ол жұмыстан үйіне келгенде кіреберісте екі қызды ұстап жатқанын көрген.

– Менің көзімше қыздардан қалталарында не барын көрсетуді сұрады. Сол жерде сары орамдағы затты алып шықты. Оның сыртында кілт пен телефон көрсетті. Олар өздерін сабырлы ұстады, барлығын өз еріктерімен жасады, – деді куәгер.

Сонымен қатар, қыздар психотроптық заттар партиясын алып келу үшін Петропавл қаласына “Индрайвер” қосымшасы арқылы таксимен барған. Телефонда Петропавл қаласында түсірілген фотолар бар. Сотта куәгер ретінде такси жүргізушісі де жауап берді.

– Қостанай-Петропавл-Қостанай бағытына адам тасымалдаймын. Екі адамбыз деп тапсырыс түсті. Одан бөлек, тапсырыс берген тағы екі адамым болатын. Петропвалда теміржол вокзалы мен автовокзал жақын орналасқан. Екі қыз алаңнан түсіп қалды. Жол бойы әңгіме айтқан жоқпыз. Тек қол жүктері болды. Басқа артық зат болған жоқ. Екі-үш күннен соң дәл осы қыздар “Индрайверге” Петропавлдан-Қостанайға такси керек деп жазды. “Вацапта” нөмірлері бар еді. “Такси таптыңдар ма?” деп жаздым, олар “жоқ” деді. Сосын мен алып кетейін деп айттым. Олар келісті. Қостанайға келген соң Карбышев көшесіндегі тұрғын үйден, яғни алып кеткен мекен жайдан түсіп қалды, – деді такси жүргізушісі.

Петропавл қаласында А.Антипенконың туысы тұрады. Ол Я.Сорокинге хабарласып үйіне қонаққа келіп қалуы мүмкін екенін айтқан. Ал Я.Сорокин жиенін соңғы рет өткен жылдың желтоқсан айында көрген. Бұл сапарында кездесудің реті келмеген. Сотта бейнебайланыс арқылы туысы да жауап берді.

– Нақты келем деген жоқ. Қонаққа келіп қалуым мүмкін деді. Мен өзім таңертеңнең түнге дейін жұмыстамын. Петропавлға келді ме, жоқ па білмеймін. Жиенім еңбекқор, жауапты қыз. Біз екінші дүкен ашқанда, ол маған жазда сатушы болып істеуге келді. Оған ешқандай шағым жоқ, – деді туысы.

Сотқа бірнеше куәгер келмеді. Соттың шешімімен отырыс 15:00-де жалғасатын болды. 15:00-де басталған сот отырысы ұзаққа созылмады. Мемлекеттік айыптаушы сұрақ-жауап алуға кіріспек еді, айыпталушылар жауап беруге дайын емес екенін жеткізді. Отырыс 14 қыркүйек 10:00-ге шегерілді.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген автор

Жаңалықтармен бөлісу