Қазақ тілінде «орынбасар сөздер» деп аталатын есімдіктердің атқарар қызметі зор. Олар зат есім, сын есім, сан есімдерің орнына қолданылып, соларды нұсқап, меңзеп, сілтеп көрсетеді. Жіктеу, сұрау, жалпылау, өздік, сілтеу, белгісіздік, болымсыздық деп жеті түрге бөлінетінін де бәріміз білетін болармыз. Бірақ соларды жазу мен айтуда көптеген қателікке жол беріп жүрміз. Бүгін «ТүзеТілді» айдарында жиі кездесетін бірнеше ағаттыққа мысал келтіреміз.
1.Жалпылау, жинақтау мағыналарын білдіретін есімдік түрі «жалпылау есімдігі» деп аталады. Бұл – мектеп бағдарламасынан таныс ереже. Оған барлық, барша, бүкіл, түгел, күллі, бәрі деген секілді сөздер жатады. Қарапайым ғана дүние. Ал енді осы сөздерге көптік жалғау жалғайтын «ауру» шығардық. Мысалы, онысыз да көптік мәнді білдіретін «барлық» деген сөзге «-тар» қосымшасын әкеліп тіркейміз. Салдарынан «барлықтарыңыз, баршаларыңыз, бүкілдеріңіз» деген секілді бүлінген сөздер пайда болып, қолданысымызға еніп кетті. «Бәрілеріңіз» деп сөйлеп, жазатындарды көріп, тіптен түңіле жаздайсың. Сондықтан жалпылау есімдігі кез келген жағдайда көптік жалғауынсыз айтылып, жазылатынын есімізде сақтайық!
2.«Біздер, біздер патшадан да паңдармыз…». Тұңғышбай Жаманқұлов орындайтын осы ән бәрімізге таныс болар. Мұндағы қателік – «біз+дер». Бұл жерде де «-дер» көптік жалғауы артық жалғанып тұр. Қазір дәл осы тұлғасында қолданатын қарапайым жұрт та, журналистер қауымы да көп. Жіктеу есімдігіне жататын «біз» сөзі қосымшасыз-ақ көптік мағынаны білдіреді. Анығырақ айтсақ, жіктік жалғаудың көпше түріндегі І жақта қолданылады. Мұны «сендер», «сіздер» және «олармен» шатастыруға болмайды. Өйткені бұл үш есімдік «-дер», «-лар» жалғауларынсыз көпше формаға ауыса алмайды. Демек, әрқашан тек «біз» деп қолданғанымыз дұрыс!
3.Орыстардың «Пусть всегда будет солнце…» деп басталатын балаларға арналған әні бар. Біздің ақындар оны «Әрқашан күн сөнбесін» деп аударып алыпты. Тәржімаланған әнді осы күйінде жаттап өскен буын бар. Әлі күнге солай айтып та жүр. Тұспалды, жорамалды мәнді білдіретін «әрқашан» дейтін белгісіздік есімдігі бұл жерде орынсыз қолданылып тұр. Бұл – орыс тілінің ықпалына сүйенудің салдары. Негізінде осы тармақ «Ешқашан күн сөнбесін» деп аударылуы керек еді, яғни бұған болымсыздық есімдігі сұранып тұр. Бұған дейін де айтқанымыздай, өзге тілдегі сөздің әуелі мән-мағынасы аударылуы қажет. Сонда ғана «қазақша емес» сөздерден аулақ боламыз.
4.Екі сөзден құралған есімдіктердің жазылу емлесін айыра алмай жататын кезіміз бар. Мәселен, «әрқашан» ба, әлде «әр қашан» ба?» деген секілді сұрақтар көп қойылады. Қазақ тілі заңдылығы бойынша, әрқашан, ешқашан, әрдәйім, ешқайсысы, әлдеқайда, әлдекім және басқа есімдіктер бірге жазылуға тиіс. Егер «әр», «еш» сөздерінен кейін зат есімдер келсе, онда олар тіркеске айналады. Мысалы: еш адам, әр күн, еш мүмкіндік. Сондай-ақ «қашанда» сөзінің соңғы буынын жалғаулық шылаумен шатастырып, «-да» дегенді бөлек жазып жүргендер бар. Бұл да қателік.
5.Сұрау есімдігіне жататын «қанша?», «неше?» сұрақтарын да талғаммен пайдалану керек. Бүгінде бұлар бірінің орнына бірі қолданылып келеді. Дұрысында, бір нәрсенің нақты санын білгіміз келсе, «неше? нешеу? нешінші?» есімдіктерін қолданамыз. Ал әлдененің шамасын сұрағанда «қанша?» дейміз. Мысал: Үйге неше адам кірді? 5 адам кірді. Қара қарға қанша жыл өмір сүреді? Шамамен, 50-70 жыл өмір сүреді.
Сондай-ақ «нешеу, нешінші?» сұрақтары болғанымен, қазақ ешқашан «қаншау? қаншаншы?» демейді. Бұл да түзетуіміз керек қателік. Жалпы, сұрау есімдігінің емлесін ұлт ұстазы Ахаң өзінің «Тіл құралы» еңбегінде тәпсірлеп берген.
Естеріңізге сала кетейік, «ТүзеТілді» айдары Қостанай қаласы әкімдігінің Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тапсырысымен жарық көріп келеді.
Дайындаған – Жандос Жүсіпбек