Рудныйда жыл сайынғы дәстүрмен ERG Run Fest жүгіріс фестивалі өтті. Төрт түрлі қашықтыққа белгіленген марафонға мыңнан астам тұрғын қатысты. Оның үстіне, ERG компаниясына қарасты қалалар ішінде көңілді мәрені рудныйлықтар бірінші болып бастап беріп отыр.
«Денсаулықты бетке алып жүгір!». Осындай ұранды байрақ етіп ұстанған үлкенді-жас желаяқтар мен көрермендерге тоқтаусыз сібірлеп жауған жаңбыр кедергі келтіре алмады. Бір қуантарлығы, жүгірістен бағын сынап көрмек болған мың шақты қатысушының жартысына жуығы – 8-15 жас аралығындағы балалар. «Горняк» жастар спорт кешені ауласындағы стадион әуен-сазға, жалынды ұран сөзге, ширату ойын-сауығына толы мереке алаңына айналды. ERG Run Fest-ке қатысу үшін Қостанай қаласынан, өңір аудандарынан, Қарағанды, Семей, Тараз, БҚО, Алматы және Астана қалаларынан жүгіріске жаны құмар әуесқойлар арнайы келген. Жүгіргіштер арасында фестивальдің тұрақты қатысушылары көп. Солардың бірі – ERG компаниясының қызметкері, Рудный қаласының тұрғыны Андрей Морозов. Ол он шақырымды бір сағатқа жетер-жетпес уақытта жүгіріп өткен жергілікті рекордшы саналады.
«Рудныйда бұл фестиваль, жаңылмасам, бесінші рет өткізіліп отыр. Әр жыл сайын қатысушылар қатары ұлғайып келеді. Өзім бұл марафонға үшінші жыл қатарынан фейсмейкер ретінде қатысып жатырмын. Бір рет шақырту алып едім, кейін тұрақты марафоншыға айналдым. Жалпы, осыған ұқсас елордадағы, Алматыдағы жүгірістерге де қатысып көрдім», – дейді Андрей.
«Мұндай іс-шараларға үнемі қатысып тұрамын. Оның ішінде әр жыл сайын нақ осы фестивальден қалмаймын. Әдетте үш шақырым қашықтықта бағым мен бабымды сынаушы едім. Биыл бес шақырымды еңсеруге бел байладым. Өйткені өз күшіме сенімдімін. Фестиваль өте ұнайды, өйткені ылғи жоғары деңгейде өтеді. Барлық жерлесімді спортпен шұғылдануға шақырамын. Себебі спорт – өмір. Бұл жарысқа қатысушының бәрі жеңімпаз», – дейді қаланың тағы бір тұрғыны Гүлнар Мирасова.
Сонымен, марафоншылар 3, 5, 10 және 21 шақырым болатын төрт негізгі қашықтық бойынша сынға түсуге өтінім берген. Салыстырмалы түрде айтқанда, үш шақырымға жүгіруге неит білдіргендер қатары қалыңырақ болды. Осы жылғы фестивальдің басты ерекшелігі – рудныйдың кішкентай тұрғындары мен олардың ата-аналарының бұрын-соңды болмаған белсенділігі.
«Ересектерге қарағанда, балалардың саны көп, бұл өте қуанышты жағдай! Бұл, бір жағынан, күні ертең біздің кәсіпорынға жұмыс істеуге келіп, аға буынды алмастыратын жаңа толқын! Ендеше, спорт мерекесін осы балдырғандарымыз ашып беруі керек. Қадамдарыңа сәттілік тілейміз!» – деді шымылдық ашар сөзінде ССКӨБ Бас директоры Сергей Напольских.
Ең жас желаяқтар мәрені бастап беріп, 300 және 500 метрлік қашықтықты бағындырды. Жүгірме жолмен мүгедек арбасына таңылған жандар, Рудный қалалық ерікті мүгедектер қоғамы мен қарттар үй өкілдері де жүріп өтіп, 100 метрді еңсерді. Одан ары 50 лет Октября, Парковый, Қостанай көшелері бойымен ересектер әртүрлі қашықтық бойынша жарыс жолына түсті. Ерлер және әйелдер арасындағы үздік үштіктер дипломмен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетейік, Кең ауқымды іс-шараны «ССКӨБ» АҚ, «Горняк» ЖСК және қала әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды. Фестивальдің тартымды, қызықты, көңілді өтуіне жергілікті еріктілер жасағының сіңірген еңбегі де зор. Рудныйлықтар бастап берген марафонның эстафетасын 9 қыркүйекте Ақсу қаласы қабыл алмақ.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ