Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев дүйсенбілік аппарат кеңесінде жол-көлік оқиғаларына арнайы тоқталды. Қайғылы жағдайларды азайту үшін жергілікті полиция қызметіне күндіз-түні бақылауды күшейтуді тапсырды.
Қостанай қаласының аумағында былтыр 90 мың көлік құралы тіркелген еді. Биыл көлік саны 96 мыңға жетіпті. Статистика деректері жылына 6 мың көлікке дейін көбейіп жатқанын дәлелдейді. Тиісінше, жол-көлік оқиғаларының қатары да азаймай отыр. Жыл басынан бері жол апаттарының салдарынан 9 адам қаза тапқан. Соның сегізі жаяу жүргінші.
Соның бірі жуырда, 12-желтоқсанда күндіз облыс орталығында болған жан түршігерлік жол-көлік оқиғасы еді. Қобыланды батыр даңғылындағы реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан 68 жастағы әйелді жеңіл автокөлік қағып кетті. Салдарынан жаяу жүргінші сол мезетте көз жұмды. Қостанай қаласының әкімі аталған оқиғаға қатысты пікір білдіріп, қалалық полиция басқармасынан бақылауды күшейтуді сұрады.
«Күні кеше жаяу жүргінші – әйел адам қаза тапты. Жүргізуші ұсталды. Қазір көптеген көлік жүргізушілері ережеге пысқырмайды. Көлік тізгіндеп отырса да телефоннан көз алмайды. Жол ережесін бұзушыларға айыппұл арту керек. Жаяу жүргіншілерді қадағалауды да күшейткен жөн. Мектеп оқушылары мен студенттер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жол тәртібін сақтау үшін барлық жағдайды жасау қажет»,-деді Марат Жүндібаев.
Қостанай қаласының Полиция басқармасы жол-көлік оқиғаларының санын қысқарту үшін аса қауіпті жол учаскелерін талдап жатыр. Кейін сол жерлер патрульдік полиция қызметінің тұрақты назарына алынбақ. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер өткелдеріндегі қозғалыс қауіпсіздігі де қадағаланбақ. Жыл басынан бері жаяу жүргіншілерге тиісті жерде жол бермеген 3 мыңнан аса көлік жүргізуші анықталыпты. 10 мыңнан аса жаяу жүргінші рұқсат етілмеген жерден жолды қиып өткен.
«Жол-көлік апаттары жиі тіркелетін аймақтарға Назарбаев-Дөненбаева көшелерінің қиылысын мысал ретінде келтіруге болады. Жалпы, мұндай жағдайдың көбеюіне алдымен жүргізушілердің жолда жүру тәртібін меңгермеу, жылдамдық режимін ескермеу, ара қашықтықты сақтамау сияқты қарапайым нәрселер себеп. Біздегі барлық жол-көлік оқиғаларының 35 % -і көліктің ара қашықтығын сақтамау себебінен туындауда. 20 %-і қиылыстарда маневр жасау ережесін бұзудың салдарынан, яғни, жүргізушілер жаяу жүргіншілерге жол бермеуінің нәтижесінде орын алуда. Соңғы оқиғаның өзін қараңызшы. Бірінші жолақта автобус тоқтап, жүргіншінің өтуіне жағдай жасап тұр. Ал екінші жолақтағы жеңіл көлік жол бермей, жаяу жүргіншіні соғып өтті. Көлік жүргізушілері техниканы басқарған сәтте аса мұқияттылық танытқаны дұрыс»,-деді Қостанай қалалық полиция басқармасының басшысы Болат Иманов.
Айтпақшы, бағдаршамдардың кенет істен шығуы жол-көлік оқиғаларының туындауына ешқандай әсер етпейді дейді мамандар. Ондай сәтте жол қозғалысын реттеушілер жедел іске кіріседі. Тиісінше, көлік құралдары мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіз қозғалысын реттеп отырады. Алайда, биылдыққа бағдаршамның істен шығуы салдарынан 3 жол-көлік апаты орын алғаны жасырын емес.
Қазіргі уақытта Қостанай қаласында «Қауіпті жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүріп жатыр. Мамандар жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге ережені барынша сақтап, қауіпсіздікті бірінші орынға қоюға шақырады.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Сурет облыстық полиция департаментінен алынған
