Еңбек меморандумына қол қойылды

Еңбек меморандумына қол қойылды

Бүгін облыстық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы мен Қостанайда құрылыс жұмыстары басталған KIA зауыты ортақ келісімге келді.

Басқарма басшысы Гүлнар Әбенова келешекте бой көтергелі жатқан зауыт өкілдерін саланың жұмысымен таныстырды.

«Біздің басқарма қоғамның өзегі саналатын әлеуметтік саланы қамтиды. Өткен жылы құрылымда біраз өзгерістер болды. Еңбек мобильдігі орталығы құрылды. Ол орталық өңірдің жұмыс күшіне сұраныс пен болжамды талдау жүргізеді. Халықты өңірдің еңбек нарығының жай-күйі туралы хабардар етеді. Жұмыс берушілер мен азаматтарға мансап орталықтары арқылы қызмет көрсетеді. KIA компаниясының жобасы өңірдегі ауқымды жоба. Осы жерде айта кетейік, облыс әкімі аймақтық жұмыспен қамту картасын бекітті. Жұмыссыз азаматтарды тегін оқытуға арналған курстар ашыла бастады. Он мекемемен келісім жүргіздік. Бүгін біз сіздердің компанияларыңызбен ұзақ мерзімді осындай келісімге келгелі отырмыз», – деді басқарма басшысы.

KIA зауытының бас директоры Ким Де Ки басқарма өкілдеріне алғысын білдірді.

«Арнайы шақырып уақыт бөлгендеріңізге алғыс білідермін. Өздеріңіз білесіздер, осында ісімізді былтырдан бері қолға алып жатырмыз. Әрі қарай жұмысымызды сіздермен бірлесе жалғастыратын боламыз. Бізге әлі жеткізушілер келіп қосылатын болады. Құрылысы жалғасып жатқан зауытымызға жұмысшылар қабылдаймыз. Жоғары сапалы өнім шығару үшін әкімшілікпен бірлесе жұмыс істеуді қолға алдық. Өніміміз көбейген сайын бірлескен жоба да ұлғая береді деп үміттенемін. Біздің ынтымақтығымыз бір меморандум аясында ғана шектеліп қалмайды. Сіздердің тараптарыңыздан қызметкерлер ұсынылады деп сенемін», – деді Ким Де Ки.

Қос тарап осылайша меморандумға қол қойды. Алдағы уақытта еңбек мобильдігі және мансап орталықтары арқылы тіркеуде тұрған азаматтардың бір парасы KIA зауытына жіберілмек. Онда олар арнайы қысқа мерзімді оқыту курстарынан өтеді. Өндіріс орынының жұмыстарына бейімделеді. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай зауыт іске қосылған күнде 1500 адам жұмыспен қамтылатын болады.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген Ернұр ӘУЕЗХАН

Жаңалықтармен бөлісу