Қостанайда еңбек қатынастарына қатысты өзекті мәселелер көтерілген мазмұнды семинар өтті. Облыстық кәсіподақ орталығы мен «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының облыстық филиалы бірлесіп ұйымдастырған жиын келісім комиссияларының жұмысын жетілдіруге арналды.
Іс-шараға келісім комиссияларының мүшелері мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері қатысып, тәжірибе алмасты. Семинар барысында еңбек дауларын сотқа дейін шешудің жолдары, құқықтық тетіктері және тәжірибелік мысалдар кеңінен талқыланды.
Жиынды ашқан салалық кәсіподақтың облыстық филиалының төрайымы Татьяна Булгацевич келісім комиссияларының маңызын атап өтті.

Оның айтуынша, бұл алаң жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы дауларды тиімді реттеуге мүмкіндік береді.
Семинардың теориялық бөлімінде заң клиникасының меңгерушісі Әсет Есмағамбетов келісім комиссияларының құқықтық негіздеріне тоқталды.

Ол комиссиялардың тең негізде құрылатынын, олардың шешімдері міндетті сипатқа ие екенін түсіндірді.
Ал практикалық бөлімде кәсіподақ заңгері Анастасия Нёма нақты жағдайлар арқылы еңбек дауларын қарау тәжірибесін көрсетті. Ол жиі жіберілетін қателіктерге назар аударып, құқықтарды қорғаудың тиімді жолдарын ұсынды.

Семинар соңында 2026–2028 жылдарға арналған салалық және өңірлік келісімдер түсіндіріліп, қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Диана Алмасқызы,
ҚӨУ студенті
