Әлемдегі ең ардақты әрі құрметті мамандықтың бірі ол дәрігерлік. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса да ең алдымен осы дәрігерлерге жүгіретініміз анық. Сондай абзал жанның бірі, адам жанының арашашысы Айтқожа Әлімқұловты Аманкелді өңірінде білмейтін адам жоқ. Хирург-эндоскопист маман бүгінде аудандық ауруханада емхана меңгерушісі, “Ақ жол” партиясының депутаты.
Оңтүстіктен – Солтүстікке
Айтқожа Оңтүстіктің тумасы, Арыс қаласында дүниеге келген. Қазақы ортада орыс мектебінде тәлім алған оның дәрігер болсам деген арманы Алматыға жетеледі. Сондағы республикалық медицина колледжінің “Емдеу ісі” факультетіне оқуға түсіп, білім ордасын үздік бітіріп шықты. Кейін Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің “Жалпы медицина” факультетінде білімін тереңдетті. Дәрігер ұдайы ізденісте болуы қажет, сондықтан жас оташы мұнымен шектеліп қалған жоқ, былтырдан бері Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде білім алуда, сондай-ақ Сүлейман Демирел университетінің “Іскерлік әкімшілік жүргізу” мамандығының магистрі атанып отыр. Біз мақаламызда кейіпкеріміздің осы білімімен кестелей өрілген еңбек жолын, ауыл тұрғындарына тигізген шарапатын сөз еткелі отырмыз.
Өзі туып-өскен Арыс қаласындағы тораптық аурухананың хирургия бөлімшесінде мейіргер-анестезист болып еңбек етіп жүрген ол кейін Ақтөбе қаласына ауысты. Мейіргерлік қызметінде жүрген жерінен 2019 жылы “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасына ілікті. Жас маманның Аманкелдідегі еңбек жолы осылай басталған еді.
Айтқожа, міне, осы сәттен Оңтүстіктен жаңа ортаға келген елінің сүйікті дәрігеріне айналды.
– “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасының берері көп. Соның арқасында жаңа ортамен таныстым. Жалпы Қостанай өңірін естігенім болмаса, бұл жаққа келемін деген ой болмаған. Көбі оңтүстіктен келгендер солтүстіктің ауа райына үйрене алмайды деп жатады. Ол қате пікір. Адам қандай ортаға болсын әп-сәтте үйреніп кетеді. Дегенмен, алғаш келгенде жатырқағаным рас. Алайда, аманкелділіктер мені жылы қарсы алды, – деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз.
Ауылға келген маманды, әсіресе, аға буын өкілі Жанай Қызырияұлы өз бауырындай көрді. Білімімен бөлісіп, түрлі оталар жасаудағы тәжірибелерін үйретіп келеді. Оталарды үнемі екеуі бірге жасайды.
– Аудандық ауруханаға түрлі себептермен науқастар түсіп тұрады. Соқырішек, құрт өсінділерін жою, созылған сіңірлерді қалпына келтіру оталарымен қатар, пластикалық операцияларды да жасап тұрамыз. Аудан әкімдігі де көмек қолдарын ұсынып жатыр. Екі бөлмелі қызметтік пәтер берді. Ауылдық жерге келгенім үшін облыс бюджетінен 1,5 млн теңге, аудан әкімдігінен 252 500 теңге көтермеақы алдым, – дейді ол.
Қиындықтарды бірге жеңген
Жас маман алып ұшып бағдарламамен жеткенде әлем аласапыран күйде болатын. Барша халықты алаңдатқан “Covid-19” індетінің сәт сайын тарап жатқан кезі. Сол сәтте маманның сыналар шағы таяп, ауылдағы науқастарға көмек қолын созуға тура келді.
– Нағыз індеттің қызған шағында ауданда вирусқа шалдыққан адамдар саны күн сайын артты. Жаңылмасам, маусым айының аяғына қарай болуы керек, келіп түскен науқастарды емдеу үшін қосымша бөлмелер дайындадық. Науқастардың артуы дәрігерлердің жылдам әрі тез жұмыс істеуін талап етті. Адам өмірін сақтап қалу үшін ант берген маман ретінде бір кісідей жұмыла көмек көрсеттік, – дейді жас маман.
Осылайша, білікті мамандардың арқасында індетті еңсердік. Дәрігерлердің еңбегі лайықты түрде мемлекет басшысы тарапынан бағаланды. Кейіпкерімізге індет кезінде жанқиярлық ерлік пен қайырымдылық көрсеткені үшін “Ақ жол” демократиялық партиясының Президиумы атынан “Алғыс хат” пен төсбелгі берілді. Емделушілер дәрігердің еңбегін бағалап, баспасөз беттеріне жарыса жазды. Кезінде шапағатын көрген ауданымыздағы қазыналы қарттардың бірі Қыдыр Сағындықұлы да жас маманға өзіндік алғыс сезімін үнемі білдіріп жүретінін айтты.
– Айтқожа, қазір баламдай болып кетті. Менің жасым бүгінде сексен алтыда. Жас келген соң сырқат та жиілей түседі ғой. Айтқожа балам келгелі соған қаралатын болдым. Өте тәрбиелі, ізетті бала. Аталап тұрады. Күліп қарсы алып, жылы қабақ танытады. Аурухананың сыртқы қоршауына дейін сүйемелдеп шығарып салады. Өзі қоңырау шалып, көлік шақыртып береді. Нағыз еңбегіне адал азамат. Осындай білімді, білікті, ізетті жігіттің елімізге келіп, қызмет істеуі ерлік. Көбіне жастар Астана, Алматы деп шапқылап тұрады. Айтқожа балам болса өз қалауымен біздің елге келді. Нағыз иман жүзді, абзал азамат боларына сенімім мол, – дейді Қыдыр ақсақал.
Ел алғысы жүрекке мейірім сыйлайды
Осы елге жасаған игі істерінің арқасында Айтқожа Мұратбекұлы қасиетті Батпаққараға келгелі бірқатар марапаттарға ие болып келеді.
– Аманкелдіге келгеннен кейінгі ең басты жетістігім, шаңырақ көтеріп, отбасылы болуым. Жетісайдың аруын қолыма қондырып, бір баланың әкесі атандым. Осы жақтан көптеген достар, әріптестер таптым. Аудан басшылығы қызметімді жақсы атқарғаным үшін марапаттардан құр қалдырмады, – дейді білікті дәрігер.
Иә, талапты жас сол кездегі “Nur Otan” аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Марал Досымовтан медицина қызметкерлері күні қарсаңында “Алғыс хат” арқалады. Еңбектегі жоғары жетістігі үшін және Тәуелсіздіктің 30 жылдығы құрметіне аудан әкімі Талғат Карбозовтың “Құрмет” грамотасын алды. “Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері” және “ҚР Жастар саясатына қосқан үлесі үшін” төсбелгілерінің иегері.
Жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде елімізде медицина қызметкерлерінің күні аталып өтеді. Мереке қарсаңында ауданымыздың денсаулық сақтау саласына сүбелі үлес қосып жүрген барша ақ желеңді абзал жандарды біз де төл мерекелерімен құттықтаймыз. Дендеріне саулық, отбастарына амандық тілейміз!
Аманкелді ауданы