Елнұр Бейсенбаев: «Балалардың несібесіне қол салуды доғару қажет»

Елнұр Бейсенбаев: «Балалардың несібесіне қол салуды доғару қажет»

Мәжілістің жалпы отырысында «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев бюджет тапшылығы, ұлттық жобалардың орындалуы мәселелеріне арнайы тоқталды.

«Бюджет тапшылығын Ұлттық қор есебінен жабу әлі тоқтамай отыр. Президент шешімімен биылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске асып келеді. Оның алғашқы сомасы балалардың есепшотына түсе бастады. Сондықтан бұдан былай Ұлттық қор қаражатына арқа сүйеп, балалардың несібесіне қол салуды доғару қажет», – деді депутат.

Оның айтуынша, ұлттық жобалардың орындалуында да олқылықтар кездеседі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2022 жылдың қарашасынан бастап іске қосылған «Жайлы мектеп» – бұрын-соңды болмаған бірегей жоба. Әйтсе, «Жайлы мектеп» жобасы үш рет қайта қаралды. Саны да қысқарды. Бастапқы межеленген 401 мектептен 369 мектепке түсті. Яғни 32 мектеп қысқарып қалды. Сондай-ақ, әрбір мектептің жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау шығыны да 35%-ға өсіп кетті. Құрылысты тапсыру межесі де созылып келеді», – деді Елнұр Бейсенбаев.

Депутаттың пікірінше, Президенттің тікелей бақылауында тұрған осынау бірегей жобаны кешіктіру – ауыл баласының болашағына балта шабумен бірдей.

Жаңалықтармен бөлісу