Құрылтай сессиясының ашылуы жаңа саяси маусымның басталуы ғана емес. Менің ойымша, бұл еліміздің дамуындағы жаңа тарихи кезеңнің бастауы. Бүгінде Қазақстанның саяси ғана емес, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан да жаңа даму моделіне көшуіне мүмкіндік туып отыр.
Әрине, өткен 30 жылды тарихтан сызып тастауға болмайды. Алайда осы уақыт ішінде Қазақстан мүлде басқа тарихи және экономикалық жағдайда дамыды. Соңғы отыз жылда қалыптасқан даму моделі өзінің әлеуетін едәуір сарқыды. Қаңтар оқиғасы да жүйелі өзгерістердің қажеттігін айқын көрсетті.
Сондықтан қазір еліміздің алдында жаңа даму траекториясына көшу міндеті тұр. Президент Құрылтайдың ашылуында сөйлеген сөзінде осы мәселелерге ерекше назар аударды.
Жаңа кезең кәсіби, сараптамалық тұрғыдан негізделген және ұзақ мерзімге бағытталған шешімдерді талап етеді. Біз бұдан былай экономикалық өсімді тек мұнай рентасы мен Ұлттық қордың қаражатына сүйене отырып қамтамасыз ете алмаймыз. Экономиканы әртараптандырып, инновациялық және жоғары технологиялық өндірістерді белсенді дамыту қажет.
Бұл міндеттерді ғылым мен білімге басымдық бермей жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан ғылымды қаржыландыру көлемі ұлғаяды деп үміттенемін. Егер біз технологиялық жаңғыруды және бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыруды көздесек, ғылымға бөлінетін қаржы жалпы ішкі өнімнің кемінде 1 пайызына тең болуға тиіс.
Қазіргі Құрылтай құрамы осы ауқымды міндеттерді шешуге қабілетті деп сенемін. Алдағы кезеңде бюджет және экономикалық саясат мәселелері бойынша маңызды жұмыс басталады. Президент бүгін белгілеген және алдағы Қазақстан халқына Жолдауында одан әрі нақтыланатын стратегиялық міндеттерді заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуі қажет.
Бұл жерде жекелеген заңдарды қабылдау ғана емес, еліміздің жаңа даму моделінің берік құқықтық және қаржылық негізін қалыптастыру туралы сөз болып отыр. Қазіргі Құрылтай бұл міндетті абыроймен атқарып, Қазақстанға қажетті жүйелі өзгерістерді заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ете алады деп есептеймін.
Еркін ӘБІЛ,
Тарих ғылымдарының докторы, профессор
Мәжілістің экс-депутаты
