Елге үлгі болған гаухар той иелері

Елге үлгі болған гаухар той иелері

Көненің көзі болған қариялар әр үйдің берекесі, шамшырағы. Біздің  отбасымызда  да  екі  үлкен  әжеміз  болды.  Әженің  қолында  өсіп,  тәлім-тәрбиеге  сусындап  өстік.  Дұрыс  пен  бұрысты  танып,  тәрбиелі,  үлкенді  сыйлау мен  кішіге  ізет  болуды үйрендік. Үлкендердің  әңгімесінің  орны  бөлек қой. Өз  заманындағы  оқиғаларды  айтып  отырғанда,  ертегі  тыңдағандай отыратынбыз.   Әр  нәрсені  білгіміз келіп, таусылмайтын  сұрағымызды  қойып, жауап  алғанша  тыным  таппайтын едік. Қанша  сұрақ  қойсаңда,  барлығына  жауап  айтып,  бір  ұрсып  бетімізді  қайтармаушы  еді.  Қазір  ойласам  қоғамда  баланың  көңілін  аулап, сұрақтарына  жауап  айтар  кісілер  сиреп  бара жатыр. Осыны  ойласаң  көңілің   түсіп,  құлазып қаласың.

Менің  мақалама  арқау болып отырған  Аманжол  Бейіс пен Тыныштық  Міркемелқызы  үлкен  әулеттің сарқылмас  қазыналары. Немерелері мен  шөберелеріне ақылдарын айтып, шаңырақтың  ұйытқысы  болып отырған  жандар.

Аманжол Жармағанбетұлы  1938  жылы  дүниеге  келген.  Торғайдың  тумасы.  1956 жылы  Ы.Алтынсарин  мектебін тәмәмдаған.  Мектепті  үздік  аяқтап,  сол  жылы  Алматы  политехникалық университетіне  оқуға  түсіп, 1961 жылы металлург мамандығы бойынша диплом алады.  Университет қабырғасында да  жақсы  үлгерімі  үшін,  мемлекеттен  шәкіртақы алған. Оқуын  аяқтап, қолына  дипломын  алған  жас маман, 1961-1963 жылдар  аралығында  алғашқы  жұмысын  Ресей  елінің Свердлов облысынан бастаған. 1963 жылдары  елге  қайта  оралып  отбасын  құрады.  Сол  жылдары Павлодар қаласында «Павлодар алюминий зауыты» ашылып,  жас мамандарды  жинақтап  жатқанын  естіген  жас маман, өз   түйіндемесін  жібереді.  Көп  ұзамай  жұмысқа  қабылданғаны  жөнінде  хабар алады.  Осылайша, 1963-1965 жылдары  отбасымен  сол  жаққа  қызмет бабымен байланысты көшіп кетеді. 1966 жылы инженер-құрылысшы мамандығы  бойынша  тағы  бір  жоғарғы  оқу  орнын  тәмәмдап, елге  қызмет  жасауға  қайта  келеді. 1967 жылдан  бастап  Торғайда басқармаға  бас  инженер, кейін, Торғай  савхозында прораб болып  қызмет жасайды.  1995-1997 жылдары  жұмыспен  қамту орталығының  бөлім  басшысы  болып    қызмет  жасап,  сол  жылдары қараша  айында  зейнетке  шығады. Қызметте  жүрген  жылдары  алған  марапаттары, құрмет  грамоталары мен  алғыс  хаттары  жетерлік. «Лениннің 100 жылдық медалімен»  марапатталған. Сонымен қатар,   Қазақстан Республикасының  «Көп  жылғы  еңбегі  үшін» медалімен  де наградтталған.

Әр  жерде  қызмет  бабыбен  жүргенде  жанында  дему  болып, өмірдің  ащы-тұщысын  бірге  көрген, өмірлік  серігі  Тыныштық  Міркемелқызы.  1941 жылы  дүниеге  келген. Торғайдың  тумасы.  Ы.Алтынсарин  мектебінің  түлегі.  1962 жылы Қостанай  қаласындағы  медучилишені  аяқтап, сол  жылы  ауруханаға  медбике  болып  жұмысқа орналасады. 1992  жылға  дейін  осы  сала  да  тынбай  еңбек  еткен.  Қазіргі  таңда аталмыш  саланың  қарт зейнеткері.  Аманжол ата мен Тыныштық  апаның отасқандарына  биыл 60 жыл толып отыр.  2 ұл  мен 2 қыз  тәрбиелеп, бүгінгі  күні  немере  шөберенің  қызығын  көріп отырған  бақытты  ата-әже.

«Көптеген  қиын  замандарды  басымыздан  өткеріп,  осылай  ажырамай отырғанымыз біріншіден  Алланың  арқасы. Шүкір,  бақыттымыз.  Үлкеніміз Сапар  1964 жылы Павлодар  қаласында  дүниеге  келді. Кейін  екі  қызымыз,  кенже  ұлымыз  өмірге   келді. Қиын  заманда қызмет  бабымен көшіп-конып  жүрдік, қазір  бәрін  күліп еске алып отырамыз.  Әр кез  өз  қызығымен есте қалады ғой. Бастысы  балаларымызды  оқытып  жеткіздік. Саналы етіп  тәрбиелей алдық. Бүгінгі  күні  бейбіт елде  өмір  сүріп жатқанымызға  қуаныштымыз.  Балаларымыздың балалары  қамқор  болып,  олардан  туған  шөберені  көру  бақыты  бұйырыпты. Одан  асқан  қандай  бақыт болсын. Солардың  тойларын  көріп,  тілекші  болып  жүргенге  не  жетсін», – дейді қариялар.

Әрине,  үлкендер  үшін  бақыттың  кілті  балада  болса,  отбасы  үшін  үйдің  ұйытқысы  қарттарымыз.  Бүгінде  ұлдары  Сапар мен Мұхтар   жеке  кәсіп  иелері. Үлкен  қызы  Жұпар   көп  жылдар анасының  жолын  қуып, дәрігер  болып  қызмет  жасаған. Алланың ісіне амал бар ма, 2011 жылы өмірден өтті. Ақкөңіл,  ақжарқын  кісі еді. Екінші  қызы  Шынар аудандағы электр  жүйесінде  қызмет жасайды. Үлкен  шаңырақтың  қазіргі иелері  кіші  ұлы  Мұхтар мен  келіні Ақмарал. Тыныштық апа бір  шаңырақта  келін мен  немере  келінді қатар  тәрбиелеп  отырған  ақылшы, дана ене. Қолындағы  немерелері Әділет Мұхтарұлы малдәрігері. Келіндері  Гүлмира Сапан Ш.Уәлиханов атындағы  жалпы  білім  беретін  мектебінде  мектепке  дейінгі  топта тәрбиеші  болып  қызмет істейді. Бүгінде қарттарымыз  төрт  баладан он  бір немере, он  бір шөбере  сүйіп отыр. Бейісовтер  отбасы  тамырын  тереңге  жайған бәйтерек  іспетті. Балаларын жеткізіп, немерелерінің  алдыңғы  қатарын  ұяға-қияға  қондырып,  шөберенің қолынан  су  ішіп, ақ  батасымен  шаңырақтарын  берік  ұстап  отырған үлгілі отбасы.

Үлкендерге  қызмет жасап  батасын  алғаннан артық  бақыт  жоқ  шығар. Қаншама адам сол  кісілердің  батасымен  көгеріп, көктеп  отыр. Қарттарын  құрмет  тұтып, ақсақалдарын ардақтай  білген  елдің  баласы өткенді  бағалап, бүгінін  саралай алады.Үлкенге  ілтипат  көрсеткен  жастың  өзі  де , өсе  келе  сондай  құрметке  ие  болады. Олай  болса,  кейінгі  ұрпағына  салиқалы өсиетін айтар  қарттарымыз аман  болғай.

 

Аягөз ФАЗЫЛБЕКҚЫЗЫ

Жаңалықтармен бөлісу