Бүгін қазақ елінің тарихындағы ерекше күн. Түркі тектес халықтардың мерекесінің қарсаңы – қыс пен жаздың теңелген уақытында сайлау өтіп жатыр. Мен өзім тұратын Родина ауылындағы Әлихан Бөкейханов атындағы мектепте орналасқан №82 сайлау учаскесіне барып даусымды бердім.
Бұл сайлаудың мәртебесі жоғары. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқының азаматтарына жалпыға бірдей сайлауға түсуге мүмкіндік берді. Сайлауда бірнеше партиялар, бірнеше талапкер азаматтар бақтарын сынауда. Депутаттыққа үміткерлермен сайлаудың қарсаңында кездестік, пікірлерімізді айттық. Ел әділ сайлау болады деген үмітте. Әр заманның өзінің бір кезеңі болады. Соның сәті енді түсіп тұр деп есептеймін.
Кешегі кеңестік дәуірде бір үміткерге 100% дауыс беру, жеке басқа табыну сияқты сайлаулар өтіп жүрді. Оған ешкімнің дау айтар құқы болған емес. Ал, бүгінгі күні әрбір сайлаушыға, әр кандидатқа мемлекет толық мүмкіндік беріп отыр.
Біздің барлық мақсатымыз – мемлекетке қолдан келгенше пайда келтіру болуы қажет. Сол жолда қызмет жасауымыз керек. Оған ешқандай тосқауыл жоқ. Ұлтым деп жаны ашитын азаматтардың мемлекетке қызмет ете отырып, халықтың тұрмыс-тіршілігін көтеруіне атсалысуына сәттіліктер тілеймін.
Шөптібай Байділдин,
Арқалық қаласының құрметті азаматы.