Халқы тығыз орналасқан оңтүстік облыстардың тұрғындарын еліміздің солтүстігіне көшіру бағдарламасы өмірге келгелі он жылдай болды. 2017-2021 жылдары “Еңбек” бағдарламасы аясында солтүстік өңірлерге көшу жұмыстары жүзеге асса, енді ол “Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері” бағдарламасына ұласты. Мұндағы мақсат не? Халық аз шоғырланған солтүстік өңірлерде жұмыс күші жетіспейді.
Мектептерде бала саны аз. Шекара белдеуінде орналасқан облыстарда көптеген ауыл таратылды. Сондықтан, көп балалы, еңбекке жарамды азаматтар ниет білдірсе, құшақ жайып қарсы алып, жағдай жасауға әзір.
Былтыр біздің облысқа оңтүстік өңірлерден 800-ден астам адам қоныс аударған. Биыл тағы 1053 адамға квота бөлініп отыр. Барлығы халықтың қоныстануы мен еңбек нарығын реттеуге арналған мемлекеттік бағдарламаға арқа сүйейді. Соның арқасында қойнауы қазынаға бай Қостанай өңіріне еліміздің оңтүстігінен қоныс аударушылардың қатары көбейді. Олар жұмыс күші тапшы ауылдарға орналастырылып жатыр. Өйт-кені, шалғай елді мекендерде механизатор, сауыншы, медицина мамандары, мұғалімдер жетіспейді. Мәселен, Әулиекөл ауданындағы Первомай ауылына орналасқан отбасылар жергілікті шаруашылықта, мектепте жұмыс істеп, тәп-тәуір күнелтіп отыр.
Көпболсын Құлтасов 2018 жылы Первомай ауылына Қызылорда облысының Сырдария ауданынан көшіп келді. Көпболсын қыста “Әулие би-1” ЖШС-інде малшы болып еңбек етеді. Жаздың күні жекенің малын бағады. Жалақысы отбасын асырауға жетеді. Келіншегі Жайна ауыл мектебінде жұмыс істейді. Ерлі-зайыпты Құлтасовтардың сегіз перзенті бар. Үлкен екі баласы жоғарғы оқу орнын бітіріп, “Дипломмен – ауылға” бағдарламасы арқылы жұмысқа тұрған. Қалғандары мектепке барады. Бұлар Первомай ауылына қоныстанғанда жергілікті шаруашылық баспана әперді. Қорасында 50-60 қой-ешкісі бар. Сиыр, жылқы ұстайды.
– Мұнда келгенімізге бес жылдан асты. Әбден үйреніп алдық. Ауыл адамдары бауырмал. Бізді жатсынған жоқ. Орталарына тартты. Қазір өз ауылымыздай. Қыстың күні малдың жем-шөбіне шаруашылық көмектеседі. Жазда далада жайылады. Бұл жақтың ауа райы жақсы. Жағалай орман. Біздің қызығушылығымызды оятқан осы. Жолы, суы жоқ демесеңіз, мұнда тұруға болады. Биыл ауыл мен тас жол арасындағы жиырма шақырымдық көтерме жолды жөндейді деп естідік. Ол да болса, елді мекеннің гүлденуіне едәуір септігін тигізер еді, – дейді Көпболсын Құлтасов.
– Біздің жақта жұмыс жағы қиындау. Сосын мемлекет қолға алған “Оңтүстіктен солтүстікке” бағдарламасын пайдаланып, осында көшуге бел будық. Одан ұтылғанымыз жоқ, – дейді әңгімеге араласқан Жайна Шағырова.
– Өзіміз түгілі балаларымыз да осы жақтан дос-құрбы тапты. Негізі орманды жердің экологиясы жақсы болады ғой, өзімізге ұнады. Енді осында өсіп-өніп тамыр жайғымыз келеді. Қазақтың ұлан-ғайыр даласының бәрі – өз жерің. Ең бастысы, істеп отырған жұмысымыз бар. Кірісіміз жаман емес. Одан артық не керек?
Жалпы, облыстың қай өңірін алсаңыз да, оңтүстіктен қоныс аударушылар көп. Өйткені, жұмыс бар, маман тапшы. Жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері ұдайы көмектесіп тұрады. Жергілікті әкімдіктер де қарап отырған жоқ. Жылына бір-екі рет оңтүстік облыстарға сапарлап, ол жақтан көп балалы, жұмыссыз отырған отбасылардың адам саны азайған ауылдарға көшіп келуіне ықпал етеді. Соның бірі осы Первоймай ауылы. Бүгінде мұнда 641 адам тұрады. Өткен жылы еліміздің оңтүстік өңірлерінен сегіз отбасы көшіп келген. Бұл шамамен елу шақты адам. Қоныс аударушылардың ішінде еңбек жасындағылары түгел жұмыспен қамтылған. Балалар мектепке, балабақшаға барады.
– Жақында тағы Қызылорда облысына іс-сапармен барып қайттым. Ол жақтан біздің ауылға тағы бес отбасы көшуге пейілді. Дені Қазалы ауданының тұрғындары. Шымкент қаласынан да бір отбасы келмекші. Оларды тұрақты жұмыспен қамтып, баспана тауып беру біздің тікелей міндетіміз. Оның сыртында мемлекет жан басына жәрдемақы төлейді. Бізге қазіргі таңда қазақ, орыс тілінің оқытушысы, денешынықтыру маманы, ағаш ұстасы жетіспейді. “Әулие би-1” ЖШС-іне механизатор, токарь, малшылар қажет, – дейді Первомай ауылдық округінің әкімі Нұрбол Қосанов.
Ауылда баспана мәселесі жоқ. Бос тұрған үй көп. Шаруашылық директорының орынбасары Әділхан Мұстафаевтың айтуынша, егер ауыл тұрғыны басқа жаққа көшетін болса, оның үйін бұздырмай, өз меншіктеріне алып қалады. Сосын жөндеп-жасқап, жаңадан көшіп келгендерге бере қояды.
– Біз ауыл тұрғындарына мейлінше қол ұшы көмегімізді аяған емеспіз. Өйткені, шаруа жүруі үшін, жақсы маман болуы керек. Сондықтан, ең бірінші ауылдың әлеуметтік жағдайына көңіл бөлеміз. Мәселен, осыдан үш-төрт жыл бұрын шаруашылық кеңсесін, кафені күрделі жөндеуден өткіздік. Енді жақында жеке жылу қазандығын орнатамыз. Мұның сыртында мектепке, балабақшаға көмектесіп отырмыз. Қысты күндері жол тазарту, ауыл көшелерінің қарын аршу біздің мойнымызда. Осыған дейін ауылдағы төрт-бес үйді жөндеп, баспанаға мұқтаж жандарға әпердік. Биыл әрқайсысы 100 шаршы метрлік үш үй салуды жоспарлап отырмыз, – дейді Әділхан Мұстафаев.
Жергілікті шаруақор азаматтар ауыл тұрғындарына, зейнеткерлерге жем-шөбін арзан бағаға түсіріп береді. Отын-судан қарасады. Бұл үлкен көмек. Қазір жекенің малы көбейген. Жанболат Қалиев осыдан бес жыл бұрын Торғайдан көшіп келді. Оған себеп, үлкен баласы оқу бітіргеннен кейін, Первоймай ауылына мал дәрігері болып жұмысқа орналасқан. Тұңғыш баласы аяқтанғанша қасында болуды шешкен ата-ана көп ұзамай жүгін артып, Первоймай ауылын бетке алған. Қазір әбден үйренісіп алыпты. Қорасында малы бар. Жаздың күні бие байлайды. Тұрмысы ешкімнен кем емес.
– Мен өзі Шеген ауылының тумасымын. Жастайымыздан еңбекке араласып, мал өсірудің қыр-сырына қанықтық. Негізі, не нәрсенің де қайыры бар. Мал өсіріп те молшылыққа кенелуге болады. Тек, ерінбе, жұмыс істе. Әрине, туған жеріңе ештеңе жетпейді. Әттең, жердің шалғайлығы қатынасқа қолбайлау. Сондықтан, көп ойланбастан осында қоныс аудардық. Тек, ауылға су тартса, жолын асфальттап берсе дұрыс болар еді, – дейді Жанболат Қалиев.
Расында, республикалық маңызы бар тас жол мен Первомай ауылының екі ортасында жиырма үш шақырымдық көтерме жол жүруге жарамсыз. Ұзақ жылдан бері жұрт жолдың азабын тартып келеді. Бірақ, биыл он екі шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізілмек. Қалған он бір шақырым келесі жылы жөнделеді. Ал ауыз су мәселесі 2025 жылы шешілетін болды. Осындай ақжолтай жаңалықты естіген ауыл тұрғындарының жүзінде ертеңгі күнге деген сенім байқалады.
Әлбетте, біздің облысқа қоныстанушылардың көбі негізі ауаның тазалығына қызығады. Сосын да шығар, орманды жерлерге келушілердің қатары қалың. Чернышевский орта мектебіндегі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Батыржан Оразов былтыр Байқоңыр қаласынан көшіп келген. Бес баласы бар. Бұл отбасыны аудан, облыс тұрмақ республика таниды. Өйткені, Оразовтардың отбасынан құралған “Бір үйдің балалары” жайдарманшылар командасы республикалық сайыстарға жиі қатысады. Алған марапаттары бір төбе. 2017 жылы республикалық “Жайдарлы жас ұлан” байқауында жүлделі 3 орынды иеленді. Келесі жылы оқушылар арасында өткен республикалық айтыста 1-ші орынды жеңіп алды. 2019 жылы республикалық мектеп лигасында тағы да 1-ші орынға шықты. 2020 жылы республикалық бірінші лигада 2-ші орын алды. 2021 жылы “Нұр Отан” партиясының жиырма жылдығында Алғыс хатпен марапатталды. 2022 жылы А.Байтұрсынұлының 150 жылдық тойы қарсаңында Қостанай облыстық жазғы Кубогында 1-ші орын, сол жылы Арқалық қаласы әкімінің Кубогында тағы да жеңіс тұғырынан көрінді. Биыл республикалық “Жайдарман” көңілді тапқырлар клубының президенті Есен Елеукеннің Алғыс хатын алды. Қарап отырсаңыз, шағын ғана ауылдан шыққан отбасылық әзілкештер командасы үнемі жоғары орындарды бағындырып келе жатқанын байқауға болады. Бұл тек Оразовтар отбасының, первомайлықтардың жеңісі емес, барша облыстың жетістігі деп түсінген ләзім.
– Біздің отбасылық командамызды облыстық, республикалық жарыстарға бару үшін жергілікті “Әулие би-1” ЖШС директоры Нұрхан Мұстафаұлы демеушілік жасап отырады. Ол кісі ешқашан аянып қалған емес. Серіктестік басшылары ауылдағы барлық әлеуметтік мәселеге бейжай қарамайды. Шұғыл көмек қажет болғанда қол ұшын созады. Сол үшін ол кісілерге ризашылығымыз алабөтен. Мұнда жұмыс істеймін деген адамға жұмыс жетеді, Ерінбей еңбек етіп, тәуір жалақы алса, ауылда да жақсы тұруға болады. Біз бұл жаққа екі отбасы көшіп келдік. Басқа да жерлестеріміз бар, – дейді Батыржан Оразов.
Батыржан Первоймай ауылына көшіп келерден бұрын 700 мың теңге жайлы үй сатып алды. Оның сыртында мемлекет жан басына 214 мың теңгеден бір реттік жәрдемақы төледі. Қазір Батыржан да, оның жұбайы Айсұлу да мектепте жұмыс істейді. Табыстары отбасына жеткілікті.
– Жолдасым дене шынықтыру пәнінен сабақ береді, өзім бастауыш сыныптарды оқытамын. Мұнда көшіп келген себебіміз, климат ауыстыру керек болды. Байқоңырда жазда қатты ыстық. Экология жағдайы сын көтермейді. Бұл жақтың ауасы таза. Тек, тұрғындарды жол мен су мәселесі қинайды. Біз мұның алдында қалалық жерде тұрғасын, от жағудың не екенін білген жоқпыз. Үйде ыстық, суық су ағып тұрды. Дегенмен, өкініш жоқ. Көптеген ауылда жағдай біркелкі ғой. Кейін оңалатын шығар, – деп ертеңіне зор үмір артады Айсұлу Өтенова.
Мамандардың айтуынша, солтүстік өңірлерге қоныстанушылардың көш шығыны толық мемлекеттің мойнында. Мұның сыртында отбасының әр мүшесіне 15-тен 30 айлық есептік көрсеткішке дейін демеуқаржы беріледі. Көшіп келген отбасы сол қоныстанған жерінде бес жыл тұруға міндетті. Бұл келісім бұзылса алған көмектің бәрін мемлекетке қайтарады. Айтпақшы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, солтүстік өңірлерге қоныс аударып, тұрақты жұмысқа орналасқандарға 4 миллион теңгеге дейін тұрғын үй сатып алуға қаржылай көмек алуға мүмкіндік беретін ұтқырлық сертификаттарын енгізу қарастырылып жатыр. Бұл халықты қоныстандырудың өңірішілік диспропорциясы мәселесін шешуге бағытталғаны анық. Ұлттық жоба шеңберінде қоныс аударушыларға – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде көшуге арналған субсидия, отбасы мүшелерінің санына және елді мекенге байланысты 12 ай ішінде 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидиялау, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберу, жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу тәрізді мемлекеттік жәрдем жасалады.
Әулиекөл ауданы.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.