Қостанайдағы күрмеуі қиын мәселелердің бірі – электрмен жабдықтау. Тоғыз айда осы салаға қатысты 5 830 өтініш түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,9 пайызға көп.
«iKomek-109» ситуациялық орталығының басшысы Азель Айсабаеваның айтуынша, тұрғындар жарықтың жиі өшуіне, апаттық жағдайларға және көшелердегі жарықтандыру жүйесінің ақауларына байланысты жиі шағымданады. Көшедегі жарыққа қатысты өтініштер саны 33 пайызға өскен. Шағымдардың басым бөлігі жанып кеткен немесе жыпылықтайтын шамдарды ауыстыруға байланысты.
Сонымен қатар салбырап тұрған электр кабельдеріне қатысты хабарламалар азайған. Ақауларды нақты бақылау үшін орталықта үзілген кабельдер, жарықтандыру бағандарын қалпына келтіру және басқа да техникалық мәселелер бойынша қосымша санаттар енгізілген.
Қала әкімі Марат Жүндібаев электрмен жабдықтау саласындағы кейбір көрсеткіштердің өсуі жөндеу жұмыстарының жүргізілуімен байланысты екенін айтты. Оның сөзінше, «ЭПК-Форфайт» ЖШС инвестициялық жобалар аясында ауқымды жұмыстар атқарып жатыр. Жобаларды келесі жылы аяқтау жоспарланған.
«Мониторинг арқасында қаладағы ахуалдың нақты бейнесін көреміз. Ал ең маңыздысы – сауалдардың шешімін табуға көңіл бөлу. Жеке салаларды бөліп қарасап, электрмен жабдықтау бағытында апатты жұмыстар туралы сұраулар саны 60,3 %-ке көбейгенін айғақтап отыр. Бұл көрсеткіш неге көбейген? Себебі жауапты ұйым ақауларды қалпына келтіруде. «ЭПК-форфайт» ЖШС инвестициялық жобалар аясында ауқымды жөндеу жұмыстарын жүзеге асыруда. Оны келер жылы аяқтайды. Бүгін аздап сабыр сақтасақ, алдағы уақытта жемісін жейміз», – деді қала әкімі.
Қымбат ДОСЖАНОВА
