Эльбрус ТИМАЕВ:  «БАУЫРЛАС ХАЛЫҚТЫҢ АЖЫРАМАС БӨЛІГІМІЗ»

Эльбрус ТИМАЕВ: «БАУЫРЛАС ХАЛЫҚТЫҢ АЖЫРАМАС БӨЛІГІМІЗ»

Шешен-ингуш жұртының қазақ халқына деген пейілі ерекше. Сонау қиын кезеңдерде талай ұлтты бауырына басқан ел үшін ет жүрегі езіліп тұратынын көріп-біліп жүрміз. Қостанайдағы «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Эльбрус Тимаевпен әңгімелескен адам оның да сондай адал көңілді азамат екенін оңай аңғарары анық.

 

– Өткен ғасырдың 40-шы жылдары шешен-ингуш халқының мыңдаған өкілі Қазақстанға қоныс аударды. Оларға қазақ жұрты достық құшағын жая білді, бауырына басты. «Дос қиыншылықта танылады» деген мақал осындайда айтылса керек.  Құрметті Эльбрус Богданұлы, сіз шешен халқының Қостанай облысындағы белгілі өкілдерінің бірісіз. Қазақстанда аталарыңыз қашан қоныс аударған? Тарихи Отаныңызбен байланыс үзілмеген болар…

– Рахмет. Біз қазақ жұртына ризамыз. Иә, тарихта болған жағдайды, соның ішінде азапты көп көрген халықтың өкілі ретінде оны еске алудың өзі қиын. 1944 жылы, қақаған суықта ата-бабаларымыз мал таситын вагондармен қазақ жеріне жеткізіліпті. Оларды бетін ақ қар жапқан далада ақ жүректі адамдар қарсы алды. Дегенмен, сол кезде біз туралы «аңыз» көп болыпты. «Олар қатыгез», «қорқынышты адамдар» деген түрлі қауесет тараған екен. Түсінікті жағдай ғой, аталарымыз қоныс аударған тұста шешен, ингуш халықтары туралы білетіндер аз еді. Жергілікті тұрғындарға «бұлардан аулақ жүріңдер» депті. Бірақ қазақ халқы алғашқы күннен бастап жер аударылған біз секілді басқа да ұлт өкілдеріне көмек қолын созды. Бір жарым миллионнан астам адамды бауырына басқан екен…

Аталарымыз қоныс аударғанда өздерімен бірге 20 келі ғана зат алуға рұқсат берілген екен. Сол қиын кезең туралы атам айтып отыратын. Мал таситын вагондармен алып келе жатқанда мың жарымнан астам адам қайтыс болыпты. Оларды ешкім жерлей де алмаған. Балалардың ауырғанын көрсе, оларды ата-анасынан тартып алады екен. Бөбектерінің жөтелгенін естіртпеу үшін аузын жауып, ауырғанын білдірмеуге тырысқан. Көп бала аштан қырылған. Қолынан келер қайраны жоқ, кейбір әкелер құсадан ел безіп кеткен кездері болыпты. Өте ауыр. Сондай қиындық көрген жұртты Қазақстан мен Қырғызстанға «шашып жіберді».

Барлық жағдайда сенім үлкен күш берді. Аталарымыз Алладан күдер үзген жоқ. Дәстүрінен жаңылмады, адамгершілік қасиетін жоғалтпады.

Сонау соғыс кезеңінде қазақтардың да тұрмысы оңып тұрған жоқ еді. Бірақ, соған қарамастан нанын бөлісіп, қамқорлық көрсетті.

1944 жылдан 1948 жылға дейін, ресми статистика бойынша, ингуш, шешен халықтарынан 156 мың адам қайтыс болған. Шамамен 25 мың бала туыпты. Бірақ, көз жұмғандардан бірнеше есе аз. Адамдар мұндай жағдайда босанбауға тырысты. Оның себебі белгілі – қиындық, жоқшылық.

Мен әрқашан өзімді қазақ деп сезінемін. Шешенстандағы бауырлар «сен кімсің?» дегенде, «қазақпын» деймін. Алғыс айту күні сонау күндерді еске алуға себеп болып тұр. Бүгінде біз сыйластықта, өзара түсіністікте, тату-тәтті өмір сүріп келеміз және өзімізді бөтен сезінбейміз. Осы елде жайлы өмір сүріп жатырмыз, өзімізді Қазақстанның, осы бауырлас халықтың ажырамас бөлігі деп санаймыз.

– Сіз «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің жетекшісісіз, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамына кіресіз, көптеген мемлекеттік марапатқа ие болдыңыз. Облыстың ірі кәсіпорындарының бірін басқарасыз. Кәсіптегі сәтті бастамаңыздың құпиясын бөлісіңізші.

– Қазақстан дамимын, жетілетін деген кез келген адамға мүмкіндік беріп отыр. Оның жарқын дәлелі – өзім. Мүмкіндік қана емес, барынша қолдау да көрсетеді. Біз Қазақстанға еркімізден тыс қоныс аударғанбыз, енді біз бұл елді ерікті түрде тастап кете алмаймыз. Басты құпия демейін, бірақ жақсылық істеуге құштарлық – мұсылманның негізгі ұстанымы болуы керек. Мені сондай ізгі қасиет алға жетелейді.

– Шешен халқы дәстүрге өте берік. Сіздің отбасыңызда қандай әдет-ғұрып ең маңызды? Отбасыңыз, балаларыңыз туралы айтсаңыз.

– Әке-шешеден көрген тәлімнің орны зор. Шешендердің тәрбиесінде мынадай бар: білмесең үйретеміз, қаламасаң да үйретеміз. Баладан талап ете білу – үлкен мектеп. Ол саған кейін рахметін айтады. Мен үйде бірінші отбасын құрдым. Бес ұлдың үлкенімін. Тұңғышым – ұл. Әкем басқа ұлдарына қатты айтып жатқанда «сендер бәрібір ұқпайсыңдар, тек үлкенім ғана түсінеді» дейтін мені нұсқап. Менің әке болғанымды айтып отырғаны ғой. Балаңды қалай жақсы көрсең, ата-анаңды да солай құрметтеуің керек. Сондықтан, біз ұлдарды қатаң тәрбиелейміз. Бірталай жасқа жетсем де өзіме зор талап қоямын.

Ұлттық, діни мерекелердің бәріне жастарды қатыстырамыз. Ол да тәрбие. Ұрпақ тамырынан ажырап қалса, одан жақсы адам шығады дегенге сенбеймін.

Мұсылман болғаннан кейін қажылық парызымды өтеп келдім. Мешіттердің құрылысына, жетім-жесірлерге көмектесіп тұрамын. Бұл жөнінде бұрын айта бермеуші едім. Негізі қолыңнан келіп тұрса, жәрдемдесіп тұрған абзал. Біз бауырмыз. Ал бауырлар бір-біріне қамқор болады.

Атамнан 10 ұл тараған. Әр баласынан 4-5 немере сүйді. Атамнан бері есептегенде еркек кіндікті ұрпағының саны 56-ға жетіпті. Аллаға шүкір.

Бес балам бар. Бір ұлым осында мектепте оқып жүр. Кіші қызым Мәскеуде медицина институтын бітірді. Бір қызым адвокат болып қызмет етіп, екі жарым жыл бұрын АҚШ-қа кетті. Үлкен ұлым біздің сыртқы экономикалық қызметімізбен айналысады. Мәскеу заң академиясын бітіріп, Лондонда оқыды. Әлем азаматы, өйткені оны кез келген жерге апара аламын. Жалпылай алғанда, отбасымыз өте тату. Бір-бірімізді сағындырмай іздеп тұрғанды жақсы көреміз.

– Сіздің ойыңызша, қазақ пен шешен жұртына ортақ дүние не?

– Біз қазақ пен шешен жұрты бауырмыз. Діліміз бен дініміз бір арнада. Қазақтардың арасында достарым өте көп. Бизнесті бірге бастап, әлі күнге дейін араласып тұрамыз. Адамдардың жасампаздығын жақсы көремін. Қайырымды, қолынан іс келетін адамның қоғамға пайдасы зор. Мысалы, Ақмола облысындағы Иван Сауэр деген азаматты бүкіл ел біледі. Ол бәріне көмектесіп, өзінің ауылын гүлдендіріп қойған. Мұндай мысал жетерлік. Қазақты бауыр тұтқан осы елдегі әр кәсіпкер солай қызмет етуі керек деп есептеймін.

– Қазір біздің елімізде үлкен өзгерістер болып жатыр. Жаңа заңдар, мемлекеттік жүйедегі реформаға көзқарасыңызды білсек деп едік. Сіз бұл өзгерістерді қалай қабылдайсыз? Олардың қайсысы, сіздің ойыңызша, өзекті және уақтылы?

– Сіз қиын тоқсаныншы жылдарды жақсы білерсіз. Қиын уақытта біз президентке қолдау көрсетіп, барып, өз жолымызды таптық. Барлық ұлт пен ұлыс бірлікте өмір сүріп келеді. Біз бұл бағытты өзгертпестен алға жылжуымыз керек. Енді велосипед ойлап табудың қажеті жоқ. Тек өзіңді, ұрпақтарыңды тәрбиелеу керек.

Әрине, проблемасыз отбасы болмайды. Егер кішкене келіспеушіліктер болса, оларды тезірек шешудің жолдарын іздейміз. Біз бұған жауаптымыз. Әр адам қателеседі. Мен үш салада жұмыс істеймін, мыңнан астам адамды еңбекпен қамтып отырмын. Бұл үшін мен қазақ халқына ризамын! Осы уақытқа дейін қол жеткізген жетістіктерімізді сақтайық! Бұл болашақ ұрпаққа қажет.

Менің ойымша, қазір біздің егемен еліміз даму жолында. Постсоветтік кеңістікте мен Қазақстанды бірінші орынға қоямын. Мұны шын жүректен айтамын, әйтпесе мен мұнда 32 жыл бизнеспен айналыспас едім. 1992 жылы Қазақстанға қайта оралдым, экономикамыздың жағдайы өте қиын болды. Сол кезде бауырым екеуміз Қазақстанда бизнеспен айналыса бастадық. Осы салада өзімізді көрсеттік.

Сабырды маңызды қасиеттердің бірі деп санаймын. Исламда да шыдамдылық адамның асыл мінезі ретінде сипатталады. Жылдам шешімдер әрқашан тиімді бола бермейді. Бізде «жылдам өзендер теңізге жетпейді» дейді.

Елдің дамуына үлес қосу әр азаматтың міндеті болуға тиіс. Жастарды мемлекеттен не алсам деп емес, енді елге не берем деген ұстанымға шақырамын. Қазақ елі бізге барлық мүмкіндікті берді, біз де жаңа жұмыс орындарын ашып, өндірісті дамытып, өркендеуге жол ашуымыз керек.

– Сұхбатыңызға рахмет! Ісіңізге береке берсін! Әрине, айтары көп азаматтың барлық сөзі газет бетіне сыймауы мүмкін. Бірақ, ойыңыздың мәнін, өзегін беруге тырысамыз…

 

Сұхбаттасқан –

Айбек ТАҢАТБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу