Білім мен білік үйлескен оқу орны

Білім мен білік үйлескен оқу орны

Қазіргі мамандықтардың ішінде көлік жөндеу және құрылыс-әрлеу жұмыстарының шебері, электр-газбен дәнекерлеуші жалпы алғанда кәсіптік білім иелеріне сұраныс артып келеді. Ал бұл мамандықтардың бәрін кеншілер қаласындағы Рудный құрылыс және көлік колледжінде оқытады.      

 Колледж бен кәсіпорын ынтымақтастығы

Жетпіс жылға жуық тарихы бар колледж әр жылдары өз атауын өзгертті. Десе де кәсіптік бейіні мен қызметін, қала, облыс және республика кәсіпорындары үшін сұранысқа ие жұмысшы кадрларды даярлауды бағытын өзгерткен жоқ.

Бүгінде замануаи өндірістік оқу техникаларымен, білікті мамандардан жасақталған.

Аталмыш білім ордасы бұл мамандықтардан бөлек тағы кран және экскаватор машинисін даярлайды.

“Колледждің тарихы тереңде, ең алғаш іргетасы 1956 жылы қаланып, сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарды оқытып келеді. Қазір алты мамандық бойынша екі тілде білім береді. Бірнеше буын қалыптастырып үлгерген оқу орны өңірдің және Рудный қаласының дамуына өз септігін тигізіп жатыр. Біздің негізгі әлеуметтік әріптесіміз “Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі” АҚ. Кәсіпорын өтінішімен экскаватор машинисі біліктілігі бойынша даярлау жүріп жатыр. Біз модульдік бағдарламалар мен дуальды оқыту жүесінде маман даярлаймыз. Яғни, өндірісте жұмыс істеу дағдысы қалыптасқан түлек даярлаймыз”, – дейді колледж директоры Айгүл Нұрмағамбетова.

Жыл сайын колледж базасында жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп жұмысшыларды қысқа мерзімді курстық даярлау жүргізіледі.

Материалдық базасы жақсы. 18 оқу аудиториясы, 4 зертхана және 7 шеберхана бар. Серіктес өндіріс орны тарапынан да қолдау аз емес.

“Екі жыл бұрын “ERGService” ЖШС дәнекерлеу шеберханасын жабдықтауға 15 млн теңге бөлді. 2019 жылы “ССКӨБ” АҚ экскаваторларға арналған тренажер сатып алуға қаражат аударды. Ал 2021 жылы акт залға ЛЭД экран сатып алдық. Арнайы пәндердің барлық оқу кабинеттері, шеберханалар мен зертханалар интерактивті жабдықтармен және заманауи тренажерлармен қамтылған. Алғашқы әскери техникалық даярлық сабақтары үшін мамандандырылған кабинет, қару-жарақ бөлмесі, тир, шеру алаңы, кедергілер жолағы бар. Дене шынықтыру сабағына арналған спорт зал қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Шаңғы базасы, үлкен футбол, баскетбол және волейбол алаңы студенттер пайдалануында”, – дейді колледж басшысы.

 

Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар

Колледжде 400-ге жуық студент білім алады. Олар ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.

Жүз алпыс орындық асхана мен мәжіліс залы бар. Кітапхана жаңа оқулықтармен толыққан, оқу залы да жайлы.

Кристина Савинова “құрылыс-әрлеу жұмыстарының шебері” мамандығының студенті.

Болашақ сылақшының  өз ісімнің білікті маманы болсам деген мақсаты бар.

“Құрылыс жұмыстарының болашақ шеберімін. Колледжде әрлеу материалдарымен, бояу, сырлау, сылау жұмысы қалай жүзеге асырылатынын үйренеміз. Мамандығымның артықшылығы қазір әрлеу мамандары құрылыс қызметі нарығында сұранысқа ие. Ең бастысы өзіңнің ниетің мен дағдың болуы қажет”, – дейді болашақ шебер.

Колледж “WorldSkills” чемпионатының “слесарьлар” жарысын өткізетін аймақтық алаңға айналған.

Сондай-ақ, бұл додаға әркез қатысып, бірнеше жыл қатарынан жүлделі орындарды иеленіп келеді.

“”WorldSkills” чемпионаты 2017 жылдан бастап біздің базада өтіп келеді. Соңғы бес-алты жыл қатарынан “слесарьлар” аталымында бірінші орынды иелендік. Жарыс талабы бойынша кесу, майыстыру, дәнекерлеу, тазарту жұмыстары ескеріліп, бөлшектерден бұйым жасауы керек. Біз осы үдеден шығып келеміз. Алдағы мамыр айында өтетін жарысқа тағы да қатысамыз. Одан бөлек студенттердің тәжірибеден өтуіне жағдай жасаймыз. Сондай-ақ, колледжді аяқтаған соң практикадан өткен өндіріс орындарында жұмысқа орналасуға жәрдемдесеміз. Қазіргі уақытта оқу бітірген студенттердің 90 пайыздан астамы өндіріс саласы бойынша жұмыс істейді”, – дейді директордың оқу-өндіріс істері жөніндегі орынбасары Әділ Бақытжанов.

Кез келген өндіріс орындарында электр-газбен дәнекерлеу қолданылады. Өндірістік оқыту шебері Арман Қани бұл мамандық пен маман иесінің болашағы зор екенін айтады.

“Студенттер алғашқы курста оқу орын ішінде сабақ үйренеді. Ол үшін шеберхана бар. Онда темірдің қосылған жерін балқыту немесе иілу күйіне дейін қыздыру әдісін үйренеді. Екінші курстан бастап жергілікті өндіріс орындарынан тәжірибеден өтеді. Жұмысқа да сол жерлерге орналасады”, – дейді оқытушы А.Қани.

Медет “экскаватор машинисі” мамандығының екінші курс студенті. Өндіріске бармас бұрын колледждегі оқу машинасында жаттыққан.

Яғни, кәдімгі экскаваторда отырғандай әсер беретін техниканың экранына арнайы бағдарлама орнатылған.

“Өндіріске барғанға дейін осы жабдықпен дайындалдық. Өндірістік тәжірибені “Қашар-руда” кәсіпорнынан өттім. Онда іс жүзінде экскаваторды басқарып, жұмыс істедім. Өте ұнады”, – дейді М. Ахдрахманов.

Техникалық және кәсіптік білім беру саласында оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы өткен жылдан бастап 50 пайызға өскенін айта кеткен жөн.

     Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

Жаңалықтармен бөлісу