Ел естімеген ерлік

Ел естімеген ерлік

– Мұнда Исетов тұра ма? – деп, еңгезердей бір орыс ауламызға кіріп келді. Мен үйге кіріп:

– Сені бір орыс іздеп келіп тұр, – дедім әкеме. Сыртқа шыққан әкем өз көзіне өзі сенбегендей әлгі кісіге қарағыгтап тұрып:

– Ваня, бұл сенсің бе?! – деп орысшалап, оны құшақтай ала жөнелді. Аң-таң болып біз тұрмыз. Сөйтсек, ол кісі әкеміздің ең жақын майдандас досы екен. Дастархан жайып, «кездестік үшін» деп,  бір-екі рет “тентек судан” алып қойғаннан кейін:

– Ваня, өз үйіңдей сезін, ұрттап алып қойып отыр, жолдан шаршап  келген шығарсың, демал. Менің сабағым бар. Жұмысты ертерек бітіріп, тезірек келуге тырысамын, – деп, асыға киініп шығып кетті. Шылым шегуге шыққан Ваня ағайымыз ойнап жүрген бізді шақырып алып, аты-жөнімізді сұрады.

– Сезіп тұрмын, командир сендерге өзінің ерлігі туралы айта қоймаған шығар. Ол өте сөзге сараң адам, – деп, шылымын құштарлана бір-екі сорып алып, әңгімесін бастап кетті:

–  … Минаметшілер бригадасындағы біздің 29-шы бөлімшеміз 1944 жылы Керчь бұғазында тұрған. Сендердің әкелерің – командир. Ауыр бір шайқаста жараланып, тұтқынға түсіп қалдық. Неміс тұтқынында бізді ұрды, соқты, итке талатып, білгендерін істеді. Қашып шыққан 5-6 адамнан екеуіміз ғана қалып, кейін оралып келеміз. Бұл біздің екінші және соңғы рет қашуымыз болмақ. Ұстап алса, атып тастары анық. Қарын аш, қолда – немістен тартып алған жалғыз «винчестер». Оның өзінде екі-ақ оқ. Сөйтіп келе жатсақ, орман арасынан бір үй кездесті. Үлкен сақтықпен үйге кірсек, о, ғажап-ай, ішінде ешкім жоқ, бірақ неше түрлі тағамға толы дастархан жаюлы тұр. Бас салып жей бастадық. Сөйткенше болған жоқ, мотоциклдің дүрілі естілді. Сыртқа атып шығып, қаша жөнелдік. Олар тоқтай сала ата бастағанда командир мотоциклдің жарқ еткен айнасына туралап атып қалды. Айнаның быт-шыты шыққан бетте көліктен түсе берген жас офицер не істерін білмей тұрып қалды. “Біз – снайперміз. Қозғалсаң, келесі оқ маңдайыңа тиеді! Өлгің келмесе, қаруларың қойғызып, бізді босатып жібер”, – деді командир немісшелеп. Кімнің болса да өлгісі келмейді ғой, бізді босатып жіберді. …Етігінің табаны тесіліп, командир әрең жүріп келеді. Өзен шетіне жетіп, шұлғауын жуып жая бергенде жоғардан атылған оқ оны тесіп өтті. Сасқаннан малта тасқа тығыла қалып:

– Ваня, жоғарда снайпер тығылып отыр. Қозғалсақ, құрыдық! – деді командир. Тығылып отырмыз. Содан бүйтіп отыра бергенше бір тіршілік жасайық деп, командир:

– Сен менің шұлғауымды таяққа іліп жоғары көтер, – деді. Мен көтере бергенімде ағаш басынан оқ атылды. Сол сәтті аңдып тұрған командир сол жаққа туралап атып қалды.

– Ваня, қашанғы отыра береміз! Қәне шұлғауды тағы бір көтеріп көрші, – деді. Мен шұлғауды көтеріп көріп едім, манағы жақтан оқ атылған жоқ.

– Ол қу неміс әдейі атпай аңдып отырған шығар. Жарайды, не де болса, нар тәуекел! – деп еңбектей бастадық. «О-о, ғажап-ай! Манағы снайпер қайда кетті?» – деп кете бердік.  Сөйтіп, өліп-талып бір әскери бөлімге келіп қосылдық. Содан НКВД-ның адамдары тексеріп, екеумізді қамап тастады, – деді дядя Ваня тағы бір шылымын тұтатып жатып.

– Күні-түні бітпейтін тексеру, ұрып-соғу, «сатқын» деп кеміту. Неміс лагеріндегі  қорлық мұндағымен салыстырғанда түкке де тұрмайтын сияқты. Соңғы рет тексеріп, енді атып тастамақ болып шыға бергенімізде, НКВД-нің бір подполковнигі кездесіп қалып:

– Бұлар кімдер? – деді.

– Е-е, бұлар сатқындар ғой, – дей салды тергеуші.

– Қалдырыңдар. Өзім тексеремін, – деп алып қалды. Біз болған жәйді айтып беріп едік:

– Бұларды сол айтқан жерлеріне апарып тексеріңдер. Атып тастауға қай уақытта болмасын үлгіресіңдер, – деді  подполковник.

Содан бізді снайперден тығылып отырған жерімізге дейін апарып, ақтап аларлықтай ешбір дерек таба алмай, «енді кетейік» деп тұрғанымызда, аяқ астынан жел тұрып, өлік иісі сезілді. Иіс білінген жаққа барсақ, неміс снайперінің мәйіті ағашта ілініп тұр екен. Осылайша командирдің  туралап ата салған оғының құрбаны бізді ақтап шығар ақиқатқа айналып, тағы бір өлімнен аман қалдық, – дей бергенінде әкем де  келіп қалды.

Кейіпкеріміз Есетов Қабдеш 1916 жылы Қостанай облысы Меңдіқара ауданы Ақсуат ауылында туған. 1936 жылы Меңдіқара педучилищесін бітіріп шыққаннан кейін әскерге алынып, 1943 жылы Пензаның минометшілер дайындайтын училищесіне түскен. Курсын бітірген соң Приморск армиясының минометшілер  бригадасының 29-шы бөлімшесінің командирі болған. 1944 жылы Керч бұғазында соғысқан. Соғысты Витебск 97-ші атқыштар дивизиясы құрамында Қиыр Шығыста аяқтапты. Соғыстағы ерліктері үшін аға лейтенант Есетов Қабдеш «Қызыл Жұлдыз» орденімен екі мәрте және І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған.

Қабдеш ағай 1972 жылы дүниеден өтті. 

      Абдрахман Бекмағанбет

     Інім Есетов Асқардың әңгімесінен

     

     

Жаңалықтармен бөлісу