Елімізде қызылша індетінің өршуіне байланысты 6 айдан 11 айға дейін және 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларды қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау жүргізілуде. Қостанай облысында жалпы саны 44 500 адам қосымша вакцинация алуы керек, ал қазіргі жағдай бойынша тек 26 245 адам екпе алған. Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Баймұхаметов брифингте айтып берді.
“Қазір емханаларда егу пункттері демалыс және мереке күндері де жұмыс істеп жатыр. Мобильді топтар Қостанай облысының барлық мектептері мен колледждерінде вакцинация жасайды. Қазіргі таңда облыс бойынша стационарлық ем алып жатқан балалар саны – 18. Осылардың 77% екпе алмағандар. 2023 жылдан бері 120-дан астам бала стационарлық ем алып шықты. Қостанай облыстық балалар ауруханасында 80, Рудный қалалық көп салалы ауруханада 20, қалғандары аудандық аруханаларда емделді”, – дейді Бауыржан Баймұхаметов.
Қызылша облыстың 15 өңірінде кездесіп отыр. Дені Қостанай қаласында. Қызылшамен ауырғандар негізінен 14 жасқа дейінгі балалар (78,3%), оның ішінде 1 жастан 5 жасқа дейінгі балалар арасында, олардың үлес салмағы 42,5%. Қостанай облысында 170 мыңнан аса оқушы мен тәрбиеленуші бар. Балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау білім беру саласына тікелей қатысты. Өңірдегі білім беру ұйымдары ата-аналар мен балаларды қызылшаға қарсы вакцинациялау қажеттілігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу үшін барынша көмек көрсетуде.
“Біз ата-аналар чаттарында түсіндіру жұмыстары жүргізіп, жиналыстар өткізіп жатырмыз. Көшпелі бригадалар облыстың шалғай ауылдарына вакцинациялау кезінде біз де барынша жәрдем көрсетуге дайынбыз”, – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Данагүл Сүйіндікова.
Мамандар егер балада медициналық қарсы көрсетілімдер болмаса, олардың денсаулығын ойлап, вакцина алуға шақырады. Бұл шаралар қызылшаны жаһандық деңгейде жоюға мүмкіндік береді.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА