Қостанай ауданындағы жаңа экопарктің құрылысы аяқталуға жақын. Ресми ашылуы әлі алда болғанымен, қоғамдық кеңістік тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналып үлгерді. Бүгінде саябаққа күн сайын мыңдаған адам келеді.
Экопарк әу бастан табиғатты барынша сақтап, тұрғындарға жайлы әрі экологиялық таза демалыс орнын қалыптастыру мақсатында қолға алынған.
Сондықтан мұндағы әрбір шешім тұрғындардың ұсынысы мен пікірін ескере отырып қабылданып келеді.
Мәселен, бұған дейін саябақ аумағында ауызсу құрылғыларының жоқтығы айтылып, тұрғындар мен тілшілер тарапынан арнайы құрылғылар орнату ұсынылған еді. Бұл ұсыныс жергілікті биліктің назарынан тыс қалмай, көп ұзамай саябаққа ауызсу құрылғылары орнатылды.
Ал веложол салу мәселесі тұрғындар арасында кеңінен талқыланды.
Саябақта серуендеп жүрген азаматтардың айтуынша, жаяу жүргіншілер жүретін жолда велосипедтердің қатар жүруі қауіпсіздікке әсер етуі мүмкін. Әсіресе бала-шағасымен серуендейтін тұрғындар үшін бұл маңызды мәселе.
Тұрғындардың тағы бір алаңдаушылығы – табиғи ортаға келетін ықтимал зиян.
«Экопарктың ерекшелігі – оның табиғи қалпында сақталуында. Веложол саламыз деп ағаштарды кесуге тура келсе, саябақтың негізгі идеясына нұқсан келеді», деген пікірлер айтылды.
Бұл мәселеге қауіпсіздік тұрғысынан да назар аударылды. Саябақтағы орман алқабынан түсетін қылқан мен жапырақтар жол бетін тайғақ етуі мүмкін. Ал бұл велосипедшілер үшін құлап, жарақат алу қаупін арттырады.
Осы пікірлерді ескере отырып, Қостанай аудандық мәслихатының төрағасы Марат Сартов тұрғындардан түскен ұсыныстарды жергілікті билікке жеткізді.
«Бастысы – экопарктің табиғи қалпын сақтау. Тұрғындардың ұсыныстарын ескеріп, бұл аумақта веложол салудан бас тартқан дұрыс», деген ұстаным білдірілді.
Тұрғындардың пікірін, қауіпсіздік мәселесін және экопарктің негізгі тұжырымдамасын саралай келе, аудан әкімі Олжас Нұрғалиев жаңа экопаркте веложол салу идеясынан толықтай бас тарту туралы шешім қабылдады.
Бұл шешімге велоспорт әуесқойларына арналған инфрақұрылымның жақын маңда дамып жатқаны да әсер етті. Қазір Қостанай қаласындағы «Триатлон паркінде» арнайы веложолдар бар. Сонымен қатар Қостанайды айнала тағы бір ірі веломагистраль салу жоспарланып отыр.
Яғни велосипед инфрақұрылымын дамыту мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Аудан басшылығы бұл мәселеге алдағы уақытта қайта оралмақ. Бірақ ол бөлек жоба аясында және тұрғындардың пікірі толық ескеріліп жүзеге асырылмақ.
Ал әзірге жаңа экопарктің басты мақсаты – табиғи ортаны сақтау және әр келушіге қауіпсіз әрі жайлы демалыс жағдайын жасау.
