Өнерлі оқушылар Дубайға жолдама ұтып алды

Өнерлі оқушылар Дубайға жолдама ұтып алды

Арқалық аспанын «Бабалар аманты» атты V республикалық байқау дүбірге бөледі. Байқау сан салалы өнердің «аспапта орындау», «эстрадалық вокал», «дәстүрлі ән», «театр әлемі», «көркемсөз», «хореография», «бейнелеу өнері», «қол өнері» тәрізді сегіз түрін сарапқа салды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұған дейін бұл  байқау еліміздің Жезқазған, Шымкент, Қызылорда, Талдықорған сияқты үлкен қалаларында да дүркіреп өткен екен.

«Жер жәннаты Жетісудан келіп тұрмыз. Алдағы қараша айында Түркияда жеке концертім болады. Байқау жеңімпазы болып танылған балалар сол концертте менімен бірге өнер көрсетеді. Қасиетті Қостанай, киелі Торғай өңірінде де өнерлі балалар көп екен. Байқау барысында хореографиядан – 3 топ, аспапта ойнаудан – 2 топ, вокалдан – 1 бала гран-при иеленіп, Дубайға жолдама ұтып алды», – дейді байқаудың ұйымдастырушысыәрі жүргізушісі, белгілі өнер иесі,  «Ре соль» шығармашылық орталығының директоры Ботакөз Дүнгенбаева.

Бәйгеде бағы жанып, жеңімпаз болып танылғандардың арасында Арқалық қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы №1 мектептің «Ақжелкен» ансамблі бар.

«Өткен сәуір айында Алматы қаласынан жеңімпаз болып келгенбіз. Міне, тағы бас жүлде алып, өнерлі ұжым екенімізді дәлелдеп отырмыз. Мұның алдында да бізге шетелдерде өнер көрсетуімізге жолдама берілген болатын. Алайда, елдегі су тасқынына байланысты оның сәті түспеді. Енді, есесіне Дубайға баратынымызға шексіз қуаныштымыз», – дейді үйірме жетекшісі Ақжол Нұрлан.

Байқауға облыстың балалар шығармашылығымен айналысатын үздік өнер ұжымдары, жекелеген жас талап, дарынды балалар қатысты.Шәкірттері топ жарған ұстаздарға ақшалай сыйлықтар берілді.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген автор

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу