“Достарым, қайран достарым”

“Достарым, қайран достарым”

Өмір аққан ағын судай екенін жасың келгенде, алды-артыңа қарамай жарқын ең шуақты күндерің артта қалғанда біледі екенсің. Балалығымыз бен жастық шағымыз соғыс және одан кейінгі жылдары туған ұрпақ болған соң үстіміздегі киім, қолымыздағы анамыз тігіп берген дәптер салатын дорба да ешкімді таңқалдырмайтын. Сондықтан болар, сол ұрпақ білімге құштар, қарапайым, достыққа берік болып өскен сияқтымыз.

Осыған дәлел, екі жасында анасынан, төрт жасында соғыска алынған әкесінен айрылып, тек он  жасар әпкесімен, алты жастар ағасымен жетімдіктің  бел  ортасында аш-жалаңаш қалған досым, Ертай БекманұлыӘлімбаевтың тағдыры еді. Әйелі Зейнеп қайтыс болған соң, Ресейдің Қорған облысының Скопино селосында тұрған әкесі Бекмағамбет үш баласын алып елге оралды. Қостанай облысының  Урицкий (Қазіргі Сарыкөл ауданы) ауданы  Колос  совхозына қоныстайды. Соғыс басталғаннан кейін  1942  жылға дейін броньмен әскерден босатылып, балаларының қасында болады. Бірақ соғыс өршіген сайын үш баласына қарамай алып кетеді. Төрт жастағы баланың есінде қалғаны, қоймада бидай илеп жатқан әйелдер көйлегін белінен буып омырауына бидайды салып үйіне аттандырады екен. Сонда  он жастағы  Сара әпкесі қол дүйірменмен бидайды тартып нан пісіріп асырапты. Бір күні әкесінің кетердегі соңғы өтнішін орындау мақсатында Ильченко деген аулнай үш баланы екі өгіз жеккен арбаға отырғызып, аудан орталығында орналасқан жетім балалар үйіне апарады.  Мекеме басшылығы он  жастағы Сара мен алты жастағы Нұрмағамбетті қабылдап, төрт жастағы Ермағамбетті әл ікішкентай өзі-өзі күте алмайды деп қабылдамайды.   Сонда  “бұл сәбиді далаға таста дейсіңдер ме?”, –  деп әкелген әйел дауыс көтереді. Шу  шыққан жерге бір талай адам жиналып қалады, бірақ бірде-біреуі араласа алмайды.  Осы  дағдарысты жағдайды өтіп  бара жатқан жас жұбайлар естіп,  шыдамай “Санияш баланы үйге алайықшы” деген ері Қалидың даусын естігенде жас келіншек баланы бауырына қысып, жылап жіберіпті.  Сөйтіп, ешқандай құжат жасалмай, алушылардың аттарын да сұрамай, өздері әлі сәби сүймеген жас отбасының қолында кішкентай Ермағанбет  кете  барады. Сара мен Нұрмағамбет екі-үш жетіден кейін қашып ауылына оралады. Кейін соғысқа  кеткен әкелерінің  Днепр өзенін кешіп өту шайқасында қаза тапты деген “қара” қағазы келеді. Соғыс жеңіспен аяқталып, бір жыл өткеннен кейін түн ортасы ауғанда терезелерін біреу келіп қағады. «Мезгілсіз уақытта қағып тұрған кім?» – деп сүрағанда: “әкеңмін”, – деп жауап береді. «Әкеміз майданда қайтыс болған», – деп балалар нанбайды. Осылай тағдыр сөнген отты қайтадан тұтатады. Кейін Бекман екінші рет үйленіп, балалар Рахила деген екінші анасының қамқорлығында болады. Ел-жұрт оңалып, халықтың жағдайы жақсара бастайды, бірақ әке жүрегі кенже ұлының тағдырын ойлап,  маза  таппайды. Оған қоса,  Сара  мен  Нұрмагамбет те інілерін жиі еске алып, іздей бастайды. «Ел  құлағы елу» дегендей, біреулерден соғыс жылдары қанжығалының бір жігіті балалар үйінен жетім баланы алыпты дегенді естиді. Ол  Қарашілік ауылында тұратын Қали мен Сания еді. Ертайдың айтуынша,  алғашқы әкесімен кездесуі наурыз айының  он  төртінші жұлдызы болатын.  Қазақ тілі сабағын өткізіп жатқан Жамал  Бейсембаева апайын біреу есікті ақырын тықылдатып сыртқа шақырып алады. Бірер минуттан соң оралған апайы қасына ерекше толқыныспен келіп құшақтап: «Ертай  сен  қандай бақыттысың, туған әкең табылды, құттықтаймын!», – деп көзіне жас алыпты. Құпиясы – Жамал  апайы да  әке-шешесінің кім екенін білмейді екен. Әкесі Бекманның соғыс аяқталғасын елге оралуы бір жылға созылса, баласы Ертайдың өз ұясына оралуы 3-4  жылға жалғасады. Себебі, жас отбасының сәби күткен үмітінің орындалуына бақыт құсы болып қонған, соңынан сегіз іні-қарындастарының өмірге жетелеп әкелген Ертайдан айырылғысы келмейді. Талай қиыншылықты басынан өткізген Бекман осынша жыл сәбилік шағынан өз баласындай бағып,  өсірген Қали мен Сәнияның көңіліне қарап, тек  төртінші рет барғанда, Қали әкесі Шәймерденнің қолдаумен Ертайдың өз шаңырағына әкеліп қосады. Осылай үш отбасы осы  күнге дейін қуанышымен де, қиыншылықтарымен де бөлісіп тату-тәтті өмір сүріп келеді.

“Жас өспей ме, жарлы байымай ма” дейді халық. Семейдің қаржы техникумын, Алматының халық шаруашылығы институтын бітірген Ертай Бекманұлы қарапайым Ново – Покровка совхозының жұмыскері ретінде еңбек жолын бастап, Қостанай облысының қаржы банкін бірнеше жыл басқарды. Әрқашан өзін бір қалыпты ұстайтын, артық сөз айтпайтын, 50 жылдан астам жолдас болғанның өзінде, еліміздің алғашқы теңгелерін Лондоннан Алматыға атқарушылардың бірі болғанынын өзімен соңғы кездесуімізде ғана естідім. Өкініштісі,  қасымызда қандай адаммен араласып жүргенімізді білмей, тірісінде бағалай  алмайтынымыз. Үш-төрт жыл бұрын Қостанай облысының энциклопедиясы қолыма тиді, ішінен досымды іздеп таппадым, өкінішімді өзіне айтқанда: “ қойшы, сонда тұрған  не  бар?!“ – деп жауап берді.

Дегенмен де, жақсы адам, білікті маманды араласып жүрген замандастары, әріптестері “адами тұлға” ретінде жоғары бағалап, өмір бойы сыйлап өтті. Өткен өмірдің қара  нары болып өткен жан досым Ертай Бекманұлы биыл өмірден озды. Немересі үйленерде: «Жастықта өз тойымды басқарып едің, енді немереме  бас  құда болып барасың», – деп өтінішін айтып жіберген еді. Жетісіне бір рет телефон соқпасам: «Бірдеңеге өкпелеп қалдың ба, звондамадың ғой?!» – деп айтушы еді. Қайран досым,  55  жыл сүйіп қосылған  жары  Қүлбаршынмен бірге екі ұл өсіріп,  бес  немере тәрбиелеп өмірмен қоштасып  кете  бардың. Амал қанша…  Екі жыл бұрын  “Достарым, қайран достарым“ деген ән жазып едім.

Сол саған соңғы көрсеткен құрметім болсын, қолымнан келгені осы.

 

             Ерсайын Нарымбаев

Астана қаласы

Жаңалықтармен бөлісу