Домбырам не дейді?

Домбырам не дейді?

Ұлттық Домбыра күні биыл да дүркіреп өтті. Мерекеден мезеттік қана әсер алдық па, әлде бұны өңірдің мәдени өміріндегі орны бөлек оқиғаға балауға бола ма? Жалпықалықтық сипат алған күй тарту акцияларының рухани маңызы қаншалық? Домбыра насихатының оң ықпалы, елеулі нәтижесі бар ма? Ой жүгіртіп көрсек…            

Ұлт аспабын ұлықтауға арналған мереке 2018 жылы пайда болды. Сол уақыттан бері жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде домбыра думаны дүбірлейді. Бұл, әлбетте, көзіміз үйренген көп науқанның бірі емес, қазақтың киелі аспабы насихатталатын мән-мазмұны бөлек мәдени-көпшілік іс-шара. Бұл – халқымыздың сан ғасыр бойғы үнінің үзігін жалғаған ғаламат жоба. Бұл – ұлттық кодымызды табуға, тарихи жадымызды оятуға бағытталған берекетті бастама.  Бұл – қос ішекпен тілдесіп, күймен ақпарат алмасқан ата-бабаның асыл болмысын жаңғыртып, санамызға серпіліс беретін, бойымызға рух дарытатын игі идея.

Тарихы сонау V ғасырдан тамыр тартатын «баба аспап» көне дәуірлердің шежірешісі ғана емес, оның заманауи мәдениетке икемделіп, даңқы айдай әлемге таныла бастағанына куә болып отырмыз. Дей тұрсақ та домбыраға төрткүл дүние төрін ұсынуы үшін әуелі өзіміз қадір-қастерін толық ұғынып алуымыз керек шығар. Ендігі жердегі міндет пен меже де сол – атадан аманатқа қалған ардақты аспапты қазақтың әр баласы шерте алатындай деңгейге жету. Ұлттық Домбыра күні мерекесінің тұсауы кесілгелі осы мақсатқа біртіндеп жақындап та келе жатқан сыңайлымыз. Оған жер-жердегі күй тарту челлендждеріне қатысатын адамдар санының жылма-жыл ұлғая түскені айғақ.  Мұндай көңіл қуантып, көз сүйсіндірер көріністерге Қостанай облысында да куә болып жүрміз.

Мәселен, биылғы Домбыра мерекесіне облыстағы әр өңір жоғары деңгейде дайындалған деуге аузымыз барады. Біріншіден, барлық аудан-қала домбырашылар санын өткен жылғыдан еселеп көбейтуді көздеген және бұл мақсат орындалды да. Екіншіден, осы жолы бір не екі емес, жеті күй тарту міндеттелді. Домбырашылар құрамындағы адамдардың бәрі бірдей күйші емес екенін ескерсек, бұның да көп қажыр-қайрат жұмсауды талап ететіні даусыз. Дегенмен сын-сәтте сүрініп, жаңылысып жатқан бір де бір өнерпазды көзіміз шалған жоқ. Үшіншіден, ұйымдастырушылар нөпір домбырашыға күй үйретуге екпін салып қана қоймай, көрермен қауымның есінде ұзақ сақталардай әсем де әсерлі концерттік бағдарлама құрған. Мұны аудан-қалалардың өзара өнер бәсекесі деуге де болатын тәрізді. Ал өнер-білім жарысында еш қатысушының ұтылмайтыны, жеңілмейтіні белгілі.

Сонымен, өңірдегі домбыра думаны «Күй шеруі» атты акциямен маусым айының орта шенінде басталып кетті. Меңдіқара ауданында шымылдық түрген акция 7 шілдеге дейін облыстың түкпір-түкпірін аралап шықты. Әр өңірге 7 күйден орындау тапсырмасының берілуіндегі бір сыр осы болса керек. Оның үстіне, 7 санын қазақ ұлты киелі санайды, оны қандай да бір бастамаға арқау етуді жақсы ырымға балайды емес пе. Сондықтан мұны қазақы дүниетаным мен төл мәдениетіміздің ұштасуы деп те қабылдауға болатындай.

Ендігі бір ерекшелік, қай өңірдегі домбырашылар саны да жүзден кем болмады. Былтыр ғана өзге ұлты басымдау аудандарда 30-40-тай адам өнер көрсеткен-ді. Биыл олардың да жүздікке жеткенін көрдік. Бір ғана мысал келтірейік. Сарыкөл ауданында өткен жылы қырықтан астам адамның басы құралған екен. Биыл сол күйшілер «жасағына» тағы алпыс адам қосылыпты. Жергілікті билік тапсырыспен елу шақты домбыра жасатып, біркелкі киім де тіктірген. Қысқасы, сарыкөлдіктер ұлттық мерекеге зор жауапкершілікпен даярланыпты… Артқа шегініс жасасақ, осыдан отыз жылдай уақыт бұрын бұл аудандарда күйші тұрмақ қазақтың қара домбырасын емге табу қиын болған. Мұны дәулескер күйші, ұлт өнерінің жанашыры, марқұм Назымбек аға Молдахметов айтып отырушы еді. Осы өңірлерде ұлттық өнердің сөне бастаған қоламтасын үрлеп, домбыраны әкеліп, ансамбльдердің құрылуына да мұрындық болған қайраткер ағамыздың өзі еді-ау… Ал енді бүгінде бұл аудандарда қазақы мәдениет кенже қалып тұр дей алмайсыз. Соның бір жарқын мысалына осынау домбыра думанында көз жеткізіп қайттық. Алалап, даралайтыны жоқ, барлық аудан-қала домбырашыларының өнері бірінікінен бірі асып түседі. Облыс орталығындағы қорытынды концерт те ойдағыдай өтті.

Қош. Сөйтіп, жалпақ жұрттың жанарын жаулаған, жүрегін баураған биылғы мерекеден не түйдік? Не берді? Не алдық? Бір күндік жауапкершілік тап-тұйнақтай атқарылып, акция алдағы жылға дейін жылы жабыла салды ма? Міне, осы секілді сұрақтардың көкейге шырматылуы заңдылық. “Біткен іске сыншы көптің” керін жасап, “мін теру” дейтін ғаламдағы ең оңай шаруаға кіріспес бұрын кеңірек ойланып алған абзал мұндайда. Өткен жылы атақты Секен Тұрысбектен сұхбат алғанымызда дәл осы күй тарту челленджі туралы ой-пікірін сұрап көрген едік. Сонда сұңғыла тұлға: “Бұған қуанбасақ, неге ренжуіміз керек? Осының арқасында қолына қазақтың қара домбырасын ұстаған қауымның қатары жыл сайын, құрығанда, он адамға көбейіп отырса, бір ғанибет емес пе?! Осы бетпен жалғаса берсе, түбінде тұтас ел күй шерте білер күнге жетерміз”, – деп еді. Рас, ат-жөнсіз уәж айтудың орнына, домбыра мен күй-мұраның насихаты жыл санап қанат жайып келе жатқанына қуануымыз керек-ау. Сондықтан, әріге бармай, биылғы Домбыра күніндегі салтанаттың пайдасы мен маңызын саусақ бүгіп санап көрейік. Күй орындаушылар тобында мектеп жасындағы шынашақтай балдырғандар қарасы көбейе түсіпті. Ғұмыры қолына домбыра ұстап көрмеген әртүрлі жастағы қарапайым тұрғындардың, ақсақал-қарасақалдардың  ұлт аспабын үйренуге деген ықыласы ояныпты. Оған шалғай аудандардағы “Күй шерулеріне” барып қатысқанымызда куә болдық. Мұны бір деңіз. Екіншіден, домбыра тарту өзге ұлт өкілдерінің арасында да сәнге айналып бара жатқандай. “Ерке сылқым” ба, “Тепеңкөк” пе, “Әлқисса” дейсіз бе – қандай күйді де қаракөздерімізден қалыспай тартатын деңгейге жеткен. Оны қазақ халқының мәдениетіне деген құрметі десеңіз де, қос ішекті, қоңыр үнді ерекше аспапқа деген ықылас-ықтияры мен қызығушылығы десеңіз де жарасады. Үшіншіден, жер-жерді аралап шыққан күй керуенінің қалың қауым үшін танымдық маңызының зор болғаны да шүбәсіз. Орындалған жеті күйдің атауы мен авторы естерінде қалып, әуезді әуені құлақтарына сіңсе, аз олжа ма? Жасырып-жабары жоқ, әуестігі бар адамдар болмаса, қазір екінің бірінің күйді іздеп жүріп тыңдамайтыны белгілі ғой. Кім білген, келешекте халық арасында “күйқұмарлық” дағдысы да біртіндеп қалыптаса берер. Ол үшін, әрине, қастерлі домбыраның насихаты күшейгеннің үстіне күшейе түсуі керек…

Жандос ЖҮСІПБЕК

Сурет Бағдат Ахметовтің архивінен алынған

Жаңалықтармен бөлісу