23 июня, 2025
Домбыра үнімен дүлділге айналған

Домбыра үнімен дүлділге айналған

Қазақ өнері қашанда – сұлу сазбен, сұңғыла сөзбен, дарын мен ділмарлылықпен көркем. Сол дәстүрлі өнердің бір арнасында талантымен танылып келе жатқан жас орындаушы – Серікболсын Әбікен домбырамен шырқалған әндері мен термелерінің арқасында әлеуметтік желі арқылы тыңдарман жүрегінен жол тауып келеді. Бүгін біз күмбірлеген күй, толғаулы терме мен айтыс әлемін қатар өрген өнерпазбен сұхбаттасқан едік.

– Серікболсын Қонысбекұлы, сіздің әр мекеннің ырғанын әнге қосып жөнелте кетуіңіз – туа біткен қасиет пе, әлде кейін қалыптасқан қабілет пе?

– Қазақ: «өнерлінің өрісі кең», деп бекер айтпаған. Ой-өрісіміздің, дүниетанымымыздың жастайынан рухани дүниеге бай болуы – ең алдымен ата-әжеміз бен ата-анамыздың қолдауына байланысты деп есептеймін. Кішкентай кезімде естіген ән-жырларды тез жаттап алуға тырысатынмын. Теледидардан айтыс, концерттік бағдарламаларды үзбей көріп, үйдегілерге айтып беретінмін. Дәл сіз айтып отырған қасиет әр адамда бар. Бірақ оны жастайынан дамытып, қоршаған орта көңіл бөліп, қолдап отырса – ол қасиет тұлғаның бойында бекітіледі деп ойлаймын. Өз әжем Кененнің ауылынан. Бала күнімде Кененнің, Қапездің әндерін әжемнен естіп өстім. Сол термелерді сол күйінде жаттап алдым, әлі күнге дейін есімде. Бойымдағы бұл қасиет тәрбие мен тағылымды ән-жырдың арқасы деп ойлаймын.

– Желіде жұлдыз қылған әніңіз қайсы? Тыңдарман қалай қабылдады?

– Халық мені кеңірек таныған сәт – “Қарындасыма” атты әніммен байланысты. Өз қарындасымды ұзатып салып, жүрегіммен шырқаған әнім желіде бір күнде миллионнан астам қаралым жинады. Бұл менің шығармашылығымдағы бетбұрыс сәт болды. Осыдан кейін домбырамен есті әндерді орындай бастадым. Жыл басында “Бегімайдың жыры” атты әнімді орындап, үлкен аудиториядан оң пікір алдым. Елімізге танымал ағаларымыз қолдау білдіріп, өзім армандаған телеарналарға шақыра бастады. Осылайша, тек орындаушы ретінде емес, автор ретінде де танылып келе жатырмын.

– Әншіліктен өзге қандай өнеріңіз бар?

– Үлкен сахнаға алғашында айтыскер ақын ретінде шыққанмын. Жыр-термешілік өнерім де бар. Өзімнің негізгі мамандығым домбырашы. Күй өнеріне де етене жақынмын. Бұдан бөлек, болашақта актерлік салада да өзімді сынап көргім келеді. Бала күнімде футбол көріп өскен соң, комментатор болуды да армандайтынмын. Жалпы, өнердің әр саласында өзімді байқап көруге ниетім бар. Бірақ әр іске жүрекпен кірісетін адаммын.

– Бүгінгі сахна мен өткен дәуір сахнасының арасында қандай айырмашылық байқайсыз?

– Бұл сұраққа нақты баға беру ертерек шығар. Дегенмен бұрынғы сахнаны мен іргетас деп білемін. Себебі ол кезде сахна – тек жақсы киім емес, мәнді ән мен тебіреністі орындау орны болатын. Қазіргі сахна қанша жерден дамыса да, сол бұрынғының дәстүріне көз тастап отыру қажет деп есептеймін.

– Қазір мағынасыз, жеңіл әндердің көбейіп кеткені жасырын емес. Ал сіз сынды жезтаңдай әншілер неге сахнадан көрінбей жүр?

– Бұл өте орынды сұрақ. Қазіргі таңда жеңіл дүниелердің көбеюіне бірнеше себеп бар. Біріншіден, көпшілік тез танымал болуға ұмтылады. Көптеген продюсерлер әншіні табыс көзі, өнім ретінде ғана қарайды. Ал ақшаға негізделген дүние өміршең болмайды. Екіншіден, тыңдарманның талғамы да өзгеріп барады. Көбісі жеңіл-желпі бағытқа әуес. Өнердің өз орнына сыртқы көрініс, жарқыраған шоу-бизнес келіп жатыр.

– Ән — идеология. Осы тұрғыда тыңдарманға не айтасыз келеді?

– Талғам – рухани қорған. Қандай ән тыңдайсың — сондай адамға айналасың. Әртүрлі бағыттағы әндер бар, бірақ солардың ішінен мән-мағынасы терең, ой салар дүниелерді таңдай білсе екен деймін. Тыңдарманның талғамы жоғары болса – қазақ өнерінің де болашағы жарқын болады деп сенемін.

– Өнер жолында алға қойған жоспарларыңыз қандай? Шығармашылығыңызды қалай дамытып жатырсыз?

– Басты мақсатым – халқымыздың төл әндерін тұнығын бұзбай, заманауи бағытта тыңдарманға жеткізу. Қазір менің жеке ән қоржынымда 10-нан аса әнім бар. Бұл әндер әзірге аймақ көлемінде жақсы тыңдалып жүр. Бірақ алдағы уақытта әлеуметтік желі арқылы кеңінен насихаттап, сапалы бейнебаяндар түсіру жоспарда тұр. Сонымен қатар, шығармашылығым тек ән айтумен шектелмейді. Айтыс пен жыр-терме бағыттарымен де айналысып келемін. Жақында айтыс сахнасына қайта шығу ойымда бар. Авторлық әндерім де көбейіп келеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Олжас Ғабдімәлік,

ҚӨУ студенті