Депутаттар радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы заң жобасын әзірлеуге кірісті

Депутаттар радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы заң жобасын әзірлеуге кірісті

Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінде Еділ Жаңбыршиннің төрағалығымен радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулердің таныстырылымы өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ядролық отын циклі және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы өңірлік құзыретті кеңес құру жөніндегі бастамасы аясында құжаттың өзектілігі артып отыр.

Заң жобасының негізгі ережелері қандай?
1. Мемлекеттік радиоактивті қалдықтарды есепке алу және бақылау жүйесі енгізіледі.
2. Уәкілетті органдардың құзыреттері айқындалады: көму пункттерін салу және жабу туралы шешімдерді Үкімет қабылдайды, ал лицензиялау мен мемлекеттік қадағалауды уәкілетті орган жүзеге асырады.
3. Радиоактивті қалдықтарды басқару жөніндегі ұлттық оператор институты құрылады, ол елдің ядролық және радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін орталық буын болады.
4. Радиоактивті қалдықтарды жинау, қайта өңдеуден бастап, пайдалану және жабуға дейінгі радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің барлық кезеңі егжей-тегжейлі реттелетін құқықтық реттеу айқындалады.
5. Шетелден радиоактивті қалдықтарды Қазақстанға әкелуге, сақтауға және көмуге тыйым салынады.

Ілеспе түзетулер аясында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс пен Экологиялық кодекске, сондай-ақ «Атом энергиясын пайдалану туралы» және «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Заң жобаларын талқылау Мәжілісте депутат Дүйсенбай Тұрғанов жетекшілік ететін жұмыс тобының отырыстарында жалғасады.