Елімізде күйеуінің қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенованың өлімі қоғамды дүр сілкіндірді. Іле-шала депутаттар тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы заң ережесін қатаңдатты. Жақында заңға Президент қол қойды. Күшейтілген заң елде әйел қауіпсіздігі күшейте ме, әлде ерлерді жығып бере ме? Қоғам екіге жарылып, әрқайсысы өз пікірлерін білдіруде.
Біз депутат Ермұрат Бапидың әйелдер мен балалардың құқығын қорғау туралы заң жобасын талқылау барысында тың ұсыныс білдіргенін білеміз. Мәжілісмен Отағасы туралы заң қажеттігін көтерді. Осыған қатысты тағы бір халық қалаулысы Ринат Зайытов та қарап қалмады.
«Бір жақты қарауға болмайды. Онымен келісемін. Біздің қоғамда, өкінішке қарай, әйелдердің статусын биіктеткіміз келгенімен, Қазақстанда заңда жазылмаса да бар нәрсе. Әрқашан қызын төрге шығарып, анасын аялаған ел болғандықтан, солай болуға тиіс. Алайда қазір қоғам бұзылғандықтан, идеология нашарлап кеткеннен кейін әйелдерді теріс бағытқа тәрбиелейтіндер көп. Әріптестерімнің айтқысы келгені осы шығар. Бұл қауіпті ешкім жоққа шығармайды. Ертең отбасын сақтай алмағандар өзін ақтап алу үшін неше түрлі қадамға баруы мүмкін. Балалар мәселесінде де қауіп бар. Бір кейсті айтайын. Бір қыз әке-шешем ұрып жатыр деп полицияға хабарласқан. Полиция келгенде әке-шешесі оны білмейтін болып шыққан. Сөйтсе, қызы ренжіп, екінші бөлмеге барып, киімін жыртқан», – дейді Ринат Зайытов.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ