Депутат “Орталық-Батыс” көлік дәлізін құру мәселесін көтерді

Депутат “Орталық-Батыс” көлік дәлізін құру мәселесін көтерді

Бүгін ҚР Мәжілісінің депутаты Берік Бейсенғалиев Үкіметке «Орталық – Батыс» көлік дәлізін құру жобасы бойынша автожол салу және реконструкциялау мәселесін қозғап, депутаттық сауал жолдады.

Бұл ақпарат  Facebook-тегі “Арайлы Арқалық” тобында жария болды. Депутаттың мәліметінше, көлік дәлізін жобалауға 2016 жылы республикалық бюджеттен 3 миллиард теңге жұмсалған. Сонымен қатар, дүниежүзілік банкте жобаға деп 977,86 млн доллар резервке қойылған. Бірақ, өкінішке орай, аталған жолдың құрылысы бойынша жұмыстар әлі басталған жоқ.
“Жаңа көлік дәлізі келешекте Қазақстанның орталық және батыс өңірлерінің, оның ішінде Ақмола, Ұлытау, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау облыстарының дамуына ықпал етеді. 1997 жылы Торғай облысы жабылғаннан кейін жол бойында орналасқан бұрынғы аудандарда өмір сүру қиындап, көптеген тұрғын жұмыссыз қалды. Аталмыш жолды салу – осы түйткілдің орнын толтырар еді”, – дейді Б.Бейсенғалиев.
Оның айтуынша, осы көлік дәлізіндегі Астанадан Арқалыққа дейінгі 397 шақырым және Торғай мен Ырғыз арасындағы 205 шақырымдық жол басты мәселе болып тұр. Бұл еліміздің орталығы мен батысын жалғайтындықтан, құрылыс биыл басталуы керек.
“Жол сапалы әрі уақытында салынса, жергілікті халық жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы мен туризм дамып, өңір халқының әл-ауқаты артатыны сөзсіз. Бұл маңызды жолдың салынуы – іргелес жатқан бес облыс халқының әлеуметтік жағдайының жақсаруына оң әсер ететіні анық”, – деп жазады депутат.
Ол сайлауалды кампаниясы шеңберінде сайлаушылармен кездесулер барысында осы мәселені бақылауға алып, біріншілердің қатарында көтереміз деп уәде бергенін айтты.

Жаңалықтармен бөлісу